Еңбек жолында тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуына үлес қосып, ТМД және Азия елдерімен, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен қарым-қатынасты дамыту, сондай-ақ экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерімен айналысты.
Белгілі қазақ дипломаты Рүстем Құрманғожин өмірден өтті
147
оқылды

Қазақстанның дипломатиялық қызметінің ардагері, тарих ғылымдарының кандидаты, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Рүстем Құрманғожин қайтыс болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қаралы хабарды марқұмның жақын досы әрі әріптесі, саясаттанушы Андрей Чеботарев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Рүстем Сәлімұлы Құрманғожин 1985 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігіне қарасты Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған.

1986–1990 жылдары КСРО-ның сыртқы байланыстар жүйесінде, 1990–1992 жылдары Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде, ал 1992–2013 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарды. Кеңесші-уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие болған.

Еңбек жолында тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуына үлес қосып, ТМД және Азия елдерімен, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен қарым-қатынасты дамыту, сондай-ақ экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерімен айналысты.

Дипломатиялық қызметтен кеткеннен кейін ғылым мен ұстаздыққа ден қойды. 2015 жылы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастық тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Нархоз және КИМЭП университеттерінде, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтында дәріс берді.

Рүстем Құрманғожин – Қазақстан дипломатиясының тарихы, сыртқы саясат және халықаралық қатынастар жөніндегі бірқатар монография мен ғылыми мақаланың авторы. 2022 жылы оның «Тәуелсіз Қазақстан тарихы: сыртқы саясат» атты кітабы жарық көрді.

Ғалым өмірінің соңғы күндеріне дейін сараптамалық қызметін жалғастырды. Биыл қазан айында «Тұран» университетінің студенттерімен кездесіп, кәсіби тәжірибесімен бөліскен. Ал 25 қарашада халықаралық саясат тақырыбындағы кезекті мақаласы жарияланған.

Дипломаттың қайтыс болу себебі әзірге жарияланған жоқ.