Осыдан бір жарым ғасыр бұрын қазақ даласының ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин өркениетті жұрттардың «жылдам хабар алғызған» өнертабыстарына сүйсіне отырып, өз халқын ғылым мен білімге үндеді. Сол дәуірде адамзат ақыл-ойының ғажайып жемісі саналған жаңалықтар бүгінде күнделікті тіршілігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Тіпті, адамзат сол заманның ең батыл қиялынан да асып түсті. Бұл туралы Aikyn.kz «Turkistan» газетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінде өркениет дамуының жаңа белесіне көтерілдік. Адамзат дене еңбегін жеңілдететін машиналар жасаумен шектелмей, ақыл-ой еңбегінің бір бөлігін де технологияға жүктей бастады. Жасанды интеллект мәтін жазады, сурет салады, күрделі деректерді талдайды, сан алуан сұраққа санаулы секундта жауап береді. Кеше ғана бірнеше күнді қажет еткен кейбір жұмыстар бүгінде бірнеше минутта орындалады.
Ғасырлар бойы адамзат алысты жақындатуға, ауырды жеңілдетуге, ұзаққа созылатын істі қысқартуға ұмтылды. Осы жолда талай жаңалық ашылды, талай ғылыми төңкеріс жасалды. Мұның бәрінің астарында адам өмірін жеңілдету, оның ең қымбат әрі қайтарымсыз байлығы – уақытын үнемдеу мұраты жатты.
Бірақ өркениеттің осыншама жетістігіне қарамастан, түсініксіз бір қайшылық бар. Алыс жақындады, бірақ бәрібір әлденеге асығып жүреміз. Жұмыс жеңілдеді, бірақ міндеттеріміз де көбейді. Байланыс жылдамдады, бірақ бір-бірімізге асықпай көңіл бөлуге уақыт таппай жатамыз.
Бұрын адам айшылық жол жүріп жеткізетін хабарын бүгінде бір сәтте жолдайды. Алайда сол үнемделген айлар, күндер, сағаттар мен минуттар қайда кетіп жатыр? Неліктен уақытты үнемдеудің бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктеріне ие болған XXI ғасыр адамы «уақытым жоқ» деген сөзді жиі айтады? Бұл – технологиялық өрлеу дәуіріндегі адамзаттың ең үлкен парадокстарының бірі.
Ғалымдар не дейді?
Шынымен де, адамдар бұрынғыдан гөрі асығыс па? Мұны түсіну үшін ғылыми-зерттеулерге зер салсақ. 2018 жылы әлеуметтанушылар Джонатан Гершуни мен Ориэл Салливан «Қоғам жылдамдығы үдеп бара ма? Ұлыбританиядағы 2000 және 2015 жылдардағы уақытты пайдалану күнделіктеріне негізделген зерттеу деректері» атты ғылыми мақаласын жариялады. Ғалымдар Ұлыбританияда 2000 және 2015 жылдары жүргізілген зерттеулердің деректерін салыстырды. Яғни, адамның бір тәулік ішінде не істегенін және әр әрекетке қанша уақыт жұмсағанын тіркейтін зерттеу әдісін пайдаланды.
Ғалымдар зерттелген кезеңде қоғамдағы уақыт қысымы күшейді деген тұжырымды растайтын айқын дәлел таппаған. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану да асығыстық сезімінің күшеюіне міндетті түрде ықпал етпейтіні белгілі болған. Біз өмірдің жылдамдап кеткенін сезінуіміз мүмкін. Бірақ мұндай сезім әр адамның күн тәртібі бұрынғыдан тығыз бола түскенін дәлелдемейді. Дегенмен зерттеудің шектеулі аясында ескеруіміз керек. Ғалымдар Ұлыбританиядағы екі кезеңді ғана салыстырған. Сондықтан оның нәтижесін барлық елге, барлық әлеуметтік топқа немесе кейінгі жылдарға тікелей қолдануға болмайды. Сонда гәп қайда?
Неміс әлеуметтанушысы әрі философы Хартмут Роза қазіргі заманның басты ерекшеліктерінің бірі ретінде әлеуметтік жылдамдықты атайды. Ол «Әлеуметтік жылдамдық: қазіргі заманның жаңа теориясы» атты еңбегінде қоғамның жылдамдығын үш бағытта қарастырады. Біріншісі – технологиялық жылдамдық. Яғни, байланыс, көлік, өндіріс және ақпарат өңдеу қарқыны артады. Екіншісі – әлеуметтік өзгерістердің жылдамдығы. Бұл ретте кәсіптер, құндылықтар, қоғамдық қатынастар мен өмір салты бұрынғыдан тезірек өзгеруі мүмкін. Ал үшіншісі – күнделікті өмір қарқынының жеделдеуі. Адамдар бір тәулікке мүмкіндігінше көп әрекет сыйғызуға тырысады.
Әлеуметтанушы осы үш үдерістің өзара байланысты екенін айтады. Мысалы, технология дамыған сайын қоғам өзгереді. Қоғам өзгерген сайын адам жаңа талаптарға бейімделуге ұмтылады. Ал бейімделу қажеттілігі оның күнделікті өмірінің қарқынын үдетуі мүмкін. Ғалым бұл жағдайды түсіндіру үшін «динамикалық тұрақтану» ұғымын қолданады. Қазіргі қоғам өзінің қалыпты құрылымын сақтап қалу үшін де үздіксіз өсуді, жаңаруды және қозғалысты қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, уақыт тапшылығы адамның күн тәртібін дұрыс жоспарламауынан ғана туындамайды. Ол қоғамның ұйымдасу тәсілімен де байланысты болуы мүмкін.
Технология уақытты үнемдейді, десек те...
Жасанды интеллектінің дамуымен уақыт туралы пікірталас жаңа кезеңге аяқ басты. Мәтін дайындау, ақпаратты жүйелеу, деректерді талдау, бағдарламалық код жазу сияқты жұмыстардың жекелеген бөліктері автоматтандырылып жатыр. Бірақ бұл адамның бос уақыты міндетті түрде көбейеді деген сөз емес. Мәселен, бұрын үш сағатқа созылатын жұмыс жарты сағатта орындалатын болды делік. Қалған екі жарым сағат қайда кетеді? Қызметкер ертерек демала ма? Жұмыс беруші қосымша тапсырма бере ме?
Иә, ЖИ адамға уақыт үнемдеуге көмектесе алады. Бірақ үнемделген уақыттың адам игілігіне айналуы – өз алдына бөлек қоғамдық мәселе.
Әлеуметтанушы Джуди Вайцман уақыт пен технология арасындағы байланысты «Уақыт тапшылығы: цифрлық капитализм дәуіріндегі өмір қарқынының жылдамдығы» атты еңбегінде зерттеді. Оның басты уәжінің бірі – технология адамдардың уақытын өздігінен анықтамайды. Мысалы, электронды пошта хат алмасуды жылдамдатқанымен, хатқа тез жауап беру талабы да қалыптасты. Бұрын бір хатқа бірнеше күннен кейін жауап беру қалыпты жағдай болса, бүгін кейбір жұмыс орындарында бірнеше сағат кешігудің өзі мәселе туғызуы мүмкін. Қолымыздағы смартфон да дәл солай. Ол жұмысты кез келген жерден орындауға мүмкіндік береді. Бірақ кей жағдайда жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы шекараны әлсіретеді. Адам кеңседен шыққанымен, жұмыс хабарламалары оның қалтасында жүреді.
Уақыт туралы зерттеулердің тағы бір маңызды бағыты – әлеуметтік теңсіздік. Медиа және мәдениет зерттеушісі Сара Шарма «Уақыт аясында: уақыттың әлеуметтік табиғаты және мәдени саясат» атты еңбегінде уақыттың әртүрлі әлеуметтік топтар үшін бірдей емес екенін айтады. Ол такси жүргізушілерінің, жиі сапарлайтын іскер адамдардың және басқа да әлеуметтік топтардың уақыт тәжірибесін зерттей келе, көзге көрінбейтін бір қайшылықты анықтаған. Мәселен, бір адам уақыт үнемдеу үшін такси шақырады. Ал такси жүргізушісі сол адамның уақытын үнемдеу үшін жұмыс істейді. Біреу тамақ дайындауға уақыт кетірмеу үшін жеткізу қызметіне тапсырыс береді. Бірақ оның уақытын үнемдеу үшін басқа адамдар ас әзірлейді, жол жүреді, тапсырысты жеткізеді. Демек, біреудің жылдамдығы екінші адамның еңбегіне тәуелді.
Осы тұрғыдан алғанда, уақыт тек жеке адамның ресурсы емес, әлеуметтік қатынастардың да бір бөлігі. Бір адамның жұмыс уақытын өзі белгілеуге мүмкіндігі болса, екіншісі жұмыс берушінің кестесіне, тапсырыс берушінің талабына немесе отбасындағы міндеттеріне тәуелді болуы мүмкін. Екеуінің де тәулігі 24 сағаттан тұрғанымен, сол уақытты өз қалауынша пайдалану мүмкіндігі бірдей емес.
Әлеуметтік уақыт
Уақытты қабылдауды зерттеген психологтер эмоцияның да маңызды рөл атқаратынын анықтаған. Сильви Друа-Воле мен Сандрин Жильдің «Уақыт пен эмоция парадоксы» атты ғылыми еңбегінде кей жағдайда эмоция уақыттың ұзағырақ сезілуіне ықпал етсе, басқа жағдайда адамның назары өзге нәрсеге ауып, уақыт қысқарақ сезілуі мүмкін екені айтылады. Мұны күнделікті өмірден де байқауға болады. Маңызды бір шешімді күткен адам үшін бірнеше минуттың өзі ұзаққа созылғандай болады. Ал қызықты әңгімеге берілген адам бір сағаттың қалай өткенін байқамай қалады.
Ғылымда «әлеуметтік уақыт» деген ұғым бар. Бұл терминді 1937 жылы Ресейден АҚШ-қа қоныс аударған әлеуметтанушы Питирим Сорокин мен Колумбия университетінің профессоры Роберт Мертон ұсынған. Бүгінде олардың зерттеулері әлеуметтанудың классикалық еңбектеріне айналды.
Әлеуметтік уақыт астрономиялық уақыттан біршама ерекшеленеді. Мұнда уақыттың ұзақтығымен қатар, оның қоғамдық және жеке өмірде қалай қабылданатыны да маңызды. Мысалы, бір жарым сағаттық дәріс, банкте кезек күту немесе аялдамада автобус тосып тұру адам төзгісіз ұзақ болып көрінуі мүмкін. Ал өмір сүрген бар ғұмырымыз көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткендей сезіледі.
Уақыт туралы түсінік адамның жасына қарай да өзгеріп отырады. Мәселен, бес жасар бала үшін бір жыл – өте ұзақ уақыт, өйткені ол өмірінің 20 пайызын құрайды. Ал 50 жастағы адам үшін бір жыл – өмірінің небәрі 2 пайызы. Оның үстіне, баланың алаңсыз өмір кешетінін, ал өзіңіздің күйбең тіршіліктің қамымен жүргеніңізді де ескеру керек. Бала таңнан кешке дейін ойнап, ұнатқан тағамын жеп жүре береді. Ал сіз таңның атысынан күннің батысына дейін көптеген шаруаны бітіруіңіз қажет. Істейтін шаруа тым көп болғандықтан, сізге ылғи да уақыт жетпейді. Бұл – уақыттың не себепті жылдам өтетінін түсіндіретін қарапайым мысал.
2005 жылы психологтер Марк Виттманн мен Сандра Ленхофф 14 пен 94 жас аралығындағы 499 адамның арасында уақыттың қаншалықты тез немесе баяу өтетіні туралы сауалнама жүргізген. Қатысушылардың басым бөлігі уақыттың өте тез өтіп жатқанын атап көрсеткен. Алайда егде жастағы адамдар уақыттың көз ілеспес жылдамдықпен өтіп кеткенін айтса, жасы қырыққа таяғандар бала кездерінде уақыттың өтіп болмағанын, ал жасөспірім шақтан бастап оның тез сырғып, ересек өмірге қалай қадам басқандарын байқамай қалғандарын айтқан.
Калифорния университетінің психология докторы Джеймс Бродуэй мен оның шәкірті Бритни Сандовал жас ұлғайған сайын уақыттың зымырауын былай түсіндіреді. Адамдар уақыттың өтуіне екі тұрғыдан баға береді. Егер біз оқиғаның қақ ортасында тұрсақ, оның ұзақтығына перспективті баға береміз. Ал оқиға өтіп кеткеннен кейін оның қанша уақытқа созылғанын еске алсақ, бұл – ретроспективті бағалау. Бұл жағдайда оқиға деп отырғанымыз – өзіміз сүріп жатқан өмір.
Алған әсеріміз бен жасаған әрекеттеріміз де уақытты қабылдауымызға ықпал етеді. Ғалымдардың айтуынша, көңіл күйіміз көтеріңкі кезде уақыт зулап өтеді. Алайда сол кезді кейіннен еске алсақ, әлгі сәт ұзаққа созылғандай көрінеді. Яғни, перспективті тұрғыдан «қысқа» сәт ретроспективті тұрғыдан «ұзақ» болып қабылданады.
Уақытты ретроспективті бағалау белгілі бір кезеңде жинақталған жаңа естеліктерге де байланысты. Демалыс күндері неғұрлым көп әсер алсақ, кейін сол күндер соғұрлым ұзаққа созылғандай сезіледі. Мұны Хаммонд «мерекелік парадокс» деп атаған. Балалық шақтан ересек өмірге аяқ басқанға дейін сан алуан оқиғаның куәсі болып, тың сезімдерді бастан кешіреміз. Ал есейген сайын бізді таңғалдыратын, бұрын кездеспеген құбылыстар азая береді. Сондықтан адам өмірінің алғашқы жылдары ұзағырақ өткендей сезіледі.
Қазақстандықтардың 24 сағаты қайда кетеді?
Уақыт тапшылығы туралы шетелдік ғалымдардың зерттеулеріне зер салдық. Ал қазақстандықтар өз уақытын қалай өткізіп жүр? Тәуліктің қанша бөлігін еңбекке, қаншасын демалысқа арнаймыз? Өзімізге, отбасымызға, рухани қажеттіліктерімізге қанша уақыт қалады? Бұл сауалдарға Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының 2024 жылы жүргізген «Халықтың уақыт бюджетін пайдалануы» атты зерттеуі біршама жауап береді. Алты жылда бір рет жүргізілетін зерттеуге 10 және одан жоғары жастағы 11 914 респондент қатысқан. Сонымен, статистика не дейді?
Ел азаматтары тәуліктің басым бөлігін – 54,2 пайызын, яғни 13 сағатын жеке күтімге жұмсайды. Оның 9 сағат 26 минуты ұйқыға, 1 сағат 57 минуты тамақтануға, 1 сағат 27 минуты жеке гигиена мен күтімге тиесілі. Ал еңбек етуге орта есеппен 2 сағат 56 минут, үй шаруасына 3 сағат 14 минут, білім алуға 28 минут, жеке қажеттілік үшін тауар өндіруге 12 минут жұмсалады. Тәуліктің қалған 17,3 пайызы, яғни 4 сағат 9 минуты – бос уақыттың еншісінде.
Бір қарағанда, күніне төрт сағаттан астам бос уақыт аз емес секілді. Алайда бұл – балаларды, зейнеткерлерді, жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін азаматтарды қамтитын ортақ көрсеткіш. Ал халықтың жас ерекшелігі мен жұмыспен қамтылуына қарай уақыт бюджетін сараласақ, мүлде басқа көрініске куә боламыз. Мәселен, 15 жастан асқан ер-азаматтар күніне орта есеппен 5 сағат 13 минут жұмыс істесе, әйелдерде бұл көрсеткіш 4 сағат 18 минутты құрайды. Ерлердің еншісінде 4 сағат 4 минут бос уақыт қалса, әйелдерге 2 сағат 56 минут қана тиесілі.
Ал жұмыспен қамтылған азаматтардың күн тәртібі бұдан да тығыз. Жұмыс істейтін ерлер еңбекке орта есеппен 9 сағат 7 минут, әйелдер 7 сағат 57 минут жұмсайды. Сәйкесінше, ерлердің бос уақыты 2 сағат 31 минутты құраса, әйелдерде бұл көрсеткіш 1 сағат 50 минутпен шектеледі.
Неліктен әйелдер ақылы еңбекке ерлерден азырақ уақыт жұмсағанымен, олардың бос уақыты да аз? Мұның бір себебін үй шаруасына қатысты деректерден аңғаруға болады. Зерттеуге сәйкес, 15 жастан асқан әйелдер үй шаруасына күніне 4 сағат 5 минут жұмсаса, ерлерде бұл көрсеткіш 1 сағат 51 минутты құрайды. Арада 2 сағат 14 минут айырмашылық бар. Осы айырмашылықты бір жылға шақсақ, 815 сағаттан астам уақыт шығады. Бұл – 34 тәулікке жуық мерзім. Демек, әйелдердің үй шаруасына ерлерден артық жұмсайтын уақытының өзі жылына бір айдан асады. Осы тұста уақыттың әлеуметтік табиғатын зерттеген Сара Шарманың тұжырымдары ойға оралады. Тәуліктегі сағат саны барлығымызға бірдей болғанымен, сол уақытқа иелік ету мүмкіндігіміз бірдей емес. Бір адам үшін жұмыс күнінің аяқталуы демалыстың басталғанын білдірсе, екінші біреу үшін ол үйдегі міндеттердің басталуы болуы мүмкін.
Түйін: Сонымен, уақыт қайда кетіп жатыр? Жоғарыдағы зерттеулер мен ғалымдардың пікіріне сүйенсек, уақыт тапшылығының кемінде үш түрлі қыры бар. Біріншісі – нақты уақыт тапшылығы. Адамның міндеттері көп, ал оларды орындауға бөлінген сағат саны шектеулі. Екіншісі – уақытқа билік ету мәселесі. Адамның бос уақыты болуы мүмкін, бірақ оны өз қалауынша пайдалану мүмкіндігі аз. Үшіншісі – субъективті уақыт тапшылығы. Адамның бос уақыты бола тұра, өзін үнемі асығыс сезінуі мүмкін.
Психологтер «Мен уақытымды не үшін үнемдеп жүрмін?» деген сұрақ қоюдың да маңызды екенін айтады. Тағы көбірек жұмыс істеу үшін бе? Тағы да жетістікке жету үшін бе? Бәлкім, біз уақытты үнемдеуді үйренгенімізбен, оны не үшін үнемдеу керегін әлі толық шешпеген шығармыз.
Джон Рокфеллердің «Арзан әңгімеге құмар адам қымбат уақытын жоғалтады» деген сөзі бар. Ендеше, қымбат уақытымызды қымбат естеліктерге арнайық.
Наурызбек САРША
