Алматының Алмалы аудандық соты қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Осы іс бойынша сотталған қоғам қайраткері Мадияр Қалменовке 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал видеограф Ұлан Нүсіпқожаның бас бостандығы 2 жыл 6 айға шектелді.
Сот Санжар Боқаевты алаяқтық жасағаны үшін 8 жылға, ұрлық және ағаштарды заңсыз кескені үшін 4 жылдан, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырды. Ал қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтуіне байланысты жазадан босатылды. Қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза 10 жыл болып белгіленді.
Сонымен қатар Боқаевқа 10 жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация саласында қызмет атқаруға, медиа құруға, сұхбат беруге және құқық қорғау қызметімен айналысуға тыйым салынды. Ұлан Нүсіпқожаға да осындай шектеу бес жылға қойылды.
Мадияр Қалменов алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол да қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру бойынша ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазадан босатылды.
Боқаев пен Қалменов жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Олардың қамауда болған бір күні жаза өтеудің бір жарым күніне теңестіріледі.
Бұдан бөлек, сот бес адвокаттың әрекетіне қатысты Әділет министрлігі мен Республикалық адвокаттар алқасының назарын аударып, тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ QazaqGaz компаниясына ішкі қаржылық бақылауды күшейту, көрсетілген қызметті тиісті деңгейде тексеру және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі мәселесін қарау жөнінде шара қабылдау қажеттігі жеткізілетін болды.
Айта кетейік, мемлекеттік айыптаушы Санжар Боқаевты 12 жылға, Мадияр Қалменовті 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Санжар Боқаев биыл 18 наурызда қамауға алынған. Оған қатысты сот процесі қазан айында басталды.
