Талаптан Ахметжан – қазақ әдебиетінде нәзік лиризмімен, адам жанының иірімдерін терең бейнелеген сыршыл шығармаларымен өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер.
Назға толы нұрлы әлем
94
оқылды

Қысқа ғұмырында оқырман жүрегіне жол тауып, соңына тағылымды әдеби мұра қалдырды. Жазушының шығармаларындағы сезімталдық пен ізгілік оның адами болмысынан да айқын аңғарылатын. Бүгін біз қаламгердің көпшілік біле бермейтін қырлары, азаматтық болмысы туралы жан жары Риза Әділбекқызымен сырласқан едік.

– Риза апай, биыл Талаптан Ах­мет­жанның туғанына 65 жыл то­лады. Оқырман оны сыршыл жазу­шы, парасатты қаламгер ретінде та­ныды. Ал Сіз оның жан жары ре­­­тінде қандай қасиеттерін ерекше ба­ғаладыңыз? Көпшілік біле бер­мей­тін жазушының болмысы қандай еді?

– Тәкеңнің бойында жақсы қа­­­сиеті көп еді. Солардың ішінде  ерек­ше бағалайтыным – адам­гер­шілігі, адалдығы, еңбекқорлығы, ба­ла­жандығы. Ол адалдықты өмі­рі­нің өзегіне айналдырған адам еді. Отбасына да, бала-шағасына да, достарына да, атқарған қыз­ме­ті­не де адал болды.

Еңбекқорлығы туралы өз ал­дына бір әңгіме. Таңның аты­сынан түннің бір уағына дейін жұ­мыс істеуден жалықпайтын. Көңі­лінде бір шығарманың желісі пі­сіп-жетіліп, ойы маза бермей жүр­се, таңертең ерте тұрып жаза­тын. Жұмыстан келген соң да түн ор­тасына дейін қаламын қолынан тас­таған жоқ. Қызметте жүріп те бір­неше міндетті қатар алып жүрді.

Тағы бір ерекше қасиеті – қа­ра­пайымдылығы. Қандай жоғары қыз­мет атқарса да, адами қал­пы­нан айныған емес. Жасыратыны жоқ, кейбір адамдар қызметі жо­ға­рыласа, бұрынғы достарын ұмы­тып, өзінен лауазымы төмен адам­дар­ды менсінбей жататыны бар ғой. Тәкеңнің бойында ондай қа­сиет мүлде болған жоқ. Өзінің бас­шысынан бастап, көлік жүр­гізу­шісіне дейін бәріне бірдей құр­метпен қарайтын. Адамдарды ат­қаратын қызметіне, қоғамдағы дә­режесіне қарай бөліп-жарған жоқ.

– Талаптан ағаның негізгі ма­ман­дығы  инженер болған екен. Ең­бек жолын өндірістен бастаған аза­маттың әдебиет әлеміне бет бұ­руы­ның сыры неде?

– Тәкең құрылыс институтын тә­мамдағаннан кейін Өскемендегі цемент зауытында шебер болып ең­бек жолын бастады. Алайда әде­биетке деген құштарлығы бала ке­зінен қалыптасқан екен. Өзінің ай­туынша, мектеп қабырғасында жүр­генде жаңадан жарық көрген кі­таптарды іздеп жүріп оқитын бол­ған. Әкесі де ауыз әдебиетін жақ­сы білген, балаларына ертегі ай­тып, жыр-дастандарды оқып бе­ретін көрінеді. Мұның да Тәкең­нің әдебиетке жақын болуына ық­па­лы тиген шығар деп ойлай­мын.

Сыныптастары да ол туралы қы­зықты естеліктер айтып оты­ра­ды. «Біз бір беттік шығарманы әрең жазып жүргенде, Талаптан бес-алты, кейде он бетке дейін жа­затын», – дейді. Әдебиет пәні­нен сабақ берген Уәш апайы оның шы­ғармаларын бүкіл сыныптың ал­дында оқып, әр сөйлеміне, әр сө­зіне, ойының тереңдігіне тоқ­талып, оқушылармен бірге тал­дай­тын болған. Ұстазының осындай ықы­ласы мен қолдауы да оның әде­биетке деген талабын ұштай түс­кені анық.

Студенттік шағында мақала­лары мен шағын өлеңдерін об­лыс­тық газет беттерінде жариялап жүр­ді. 1988 жылы Алматыда өткен үл­кен жастар фестиваліне қаты­сып, «Айқас» әңгімесі үшін жүл­де­лі орын иеленді.

Ол жылдары Алматыда жас ақын-жазушыларға арналған ар­найы әдеби курстар ұйым­дас­тыры­латын. Белгілі қаламгерлер әде­биетке енді қадам басқан жас­тардың шығармаларын оқып, тал­дап, бағыт-бағдар беретін. Тәкең де Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Орал­хан Бөкей сияқты қарымды қа­ламгерлердің дәрістеріне қаты­сып, шығармаларына жоғары баға ал­ған. Осының бәрі оның бола­шақ­та жазушы ретінде қалып­тасуы­на үлкен әсер етті деп ойлай­мын.

– Қаламгердің Өскеменнен Ал­ма­тыға қоныс аударуына да осы әде­биетке құштарлығы себеп болған се­кілді.

– Мен мұны үнемі айтып жүре­мін.  Алматыға қоныс аударуымыз­ға, біріншіден, Алланың қалауы бол­са, екіншіден, Дидахмет Әшім­хан­ұлы ағамыз бен Асқар Алтай­дың ықпалы болды. Сол кісілер Талаптанға: «Алматыға кел. Мұнда әдеби орта бар, шығармашылықпен айналысуыңа, кітаптарыңды шы­ғаруыңа мүмкіндік болады», – деп жиі айтатын. 

Ол кезде Тәкең Шығыс Қазақ­стан­ның телерадиосында  маман бо­лып жұмыс істейтін. Алматыға кел­геннен кейін әуелі «Егемен Қа­зақ­стан» газетінің тілшісі болды. Одан кейін «Қазақ әдебиеті» газе­тінде тілші, бөлім меңгерушісі бо­лып қызмет атқарды. Сөйтіп, әде­биеттегі аға буын өкілдерімен, өзі­нің ақын-жазушы замандас­тары­мен етене араласып, шығар­ма­шылық ортаның ішіне бірден сіңісіп кетті.

– Арман қуып Алматыға келген жас отбасының тұрмыс-тіршілігі қалай қалыптасты? Қаламгерлік жолдың қиындығын бірге өткерген жылдарыңызды қалай еске аласыз?

– Әрине, қиындықсыз болған жоқ. Біздің кезімізде де, қазіргі уа­­қытта да жас отбасылардың ал­ды­нан шығатын ең үлкен мәсе­ле­нің бірі – баспана. Бұрын жас ма­­­­мандарға мемлекет тарапынан бас­пана берілетін еді ғой. Ал біз Ал­матыға көшіп келген тұста за­ман өзгеріп, ондай мүмкіндік бол­май қалды.

Бір пәтерден екінші пәтерге кө­шіп, біраз қиындық көрдік. Тіп­ті үлкен қызымызды бір-екі жылға әке-шешемнің қолына қалдыруға мәжбүр болдық. Дегенмен өмір жо­лымызда қанша қиындық кез­дессе, сонша жақсы адамдар да жо­лықты. Сол кісілердің мейі­рі­мін, қамқорлығын көрдік. Қи­нал­ған сәттерімізде қол ұшын созған аза­маттар аз болған жоқ.

Солардың бірі – Заманбек Нұрқаділов ағамыз. Ол кі­сі сол жылдары Алматыға жан-жақ­тан келген, баспанасыз жүрген жас отбасыларға үй салу үшін жер те­лімдерін бергізді. Бізге де Алма­ты­ның шетіндегі «Шаңырақ» ық­ша­мауданынан алты сотық жер бұйыр­ды. Тәкеңнің досы Асқар Ал­тай да сол жерден қатарлас жер те­лі­мін алды. Сөйтіп, жоқтан бар жа­сап, өзімізге шағын баспана тұр­ғыздық.

Тәкеңе ерекше көмек берген аз­а­­маттардың бірі – Алтынбек Сәр­­сенбаев. Талаптан министр­лік­те бір мекеменің меңгерушісі бо­лып қызмет атқарды. Министр­лік қызметкерлеріне  пәтер беретін кезде Талаптан да өтініш жазған ғой. Министр «неше баласы бар?» деп сұрапты. Ол кезде үш баламыз бар, төртінші балама аяғым ауыр. «Үш баласы болса, үш бөлме беріл­сін» деп қол қойыпты. Қазір тұрып жат­қан пәтеріміз – сол министр бер­ген баспана. 

– Ол кісінің шығармаларына ар­қау болған кейіпкерлер бар ма?

– Әрине, болды. Өскеменде тұр­ған жылдары да бірнеше пәтер ауыс­тырдық. Үй иесінің көбі орыс ұл­тының өкілдері еді. Сол кісілер­дің бейнесі әлі күнге дейін көз ал­­дымда. Тіпті олардың бірі Тә­кең­­нің кейіпкеріне айналды. 

Алғаш шаңырақ көтерген жыл­дары Тоня әжейдің пәтерін жалдап тұр­дық. Жалғызілікті кісі болатын. Кейін сол кісі туралы Тәкең «Тозақ оты» шығармасына арқау етті. 

Одан кейін Шоссейная деген кө­­шеде Дуся әжейдің үйін жалдап тұр­­дық. Бір қызығы, бүгінде сол маңайдағы көшелердің біріне Та­лап­­танның есімі берілген. Ша­ғын ға­на көше болса да, соған ри­­­замыз. Қа­зір сол көшеде Талаптанның бауы­ры отбасымен тұрады. Үйле­рі­не қонаққа барған сайын көше атауынан Тәкеңнің есімін көріп, бір қуанып қаламыз.

– Екеуіңіз Қалтай Мұхамед­жа­нов­тың «Пай-пай, жұбайлар-ай!» қойы­лымына дайындық кезінде та­нысып, Талаптан ағаға вальс би­леуді үйреткен екенсіз. Сахнада бас­­­талған сол таныстықтың махаб­бат­қа ұласқан шағын қалай еске ала­сыз?

– Сахнада танысқан шағымыз бір­те-бірте достыққа ұласып, кейін Тәкең сезімін білдіріп, туған кү­німе өлең жолдарын сыйлап, дос­тарымыздың алдында оқып бер­ді. Жаны нәзік, жақсы адам еке­ні мінезінен, болмысынан се­зі­ліп тұратын. Тойымыз 1 қыр­күйек­те өт­ті. Жарықтық Тәкең «Бұл күн ұмы­тылмайтын болды. Бо­лашақта ба­лаларымыз мектепке барған сайын осы күнді ерекше тойлайтын боламыз» дейтін еді. 

– Жазушының «Сұлу мен сурет­ші» шығармасын оқығанда оның сұ­лулық пен махаббатты ерекше қа­­с­­терлегенін аңғарамыз. Ал өмірде жазу­­шы Сізге деген сезімін қалай біл­­діретін еді?

– Тәкең өте биязы, мінезі жі­бек­­тей жан еді. Сезімін де көбіне өлең­мен жеткізетін. Оның маған де­ген қамқорлығы күнделікті тір­шіліктегі қарапайым әре­кет­тері­нен-ақ аңғарылатын. Әлі есімде, жұ­мысқа орналасып, алғашқы ай­лығын алғанда радио сатып алып келіпті. Ол кезде өз алды­мыз­ға пәтер жалдап, енді ғана шаңырақ көтеріп жатқан шағымыз. Үйімізде те­ледидар да, радио да жоқ бола­тын. Тұңғышымыз Бұлбұлға ойын­шық сары балапан әкеліпті. «Мен жұмыста жүргенде мына радионы қо­сып қойып, әлемде болып жат­қан жаңалықтардан хабардар бо­лып отырасың, ән тыңдайсың», – деген еді. Тұрған пәтеріміздің екі үл­кен терезесі болатын. «Саған те­леди­дардың да қажеті жоқ-ау, мы­на екі те­резеден-ақ бүкіл ауыл­дың жаңа­лығын көріп отырасың», – деп қалжыңдайтын.

Көңілімде ерекше сақталып қалған тағы бір оқиға бар. Тұң­ғышыма аяғым ауыр кез еді. Бір күні таңертең оянып, ыстық бә­ліш жегім келіп: «Шіркін, қазір бір ыстық бәліш болса ғой», – де­дім. Тәкең көп ұзамай сыртқа шы­­ғып кетті. Ол келгенше шайы­м­ды қойып, дастарқан жайып, күтіп отырдым. Ол кезде жер үйде тұра­тынбыз. «Қайда кетті екен?» деп қайта-қайта терезеге қараймын. Бі­раздан соң Тәкең де келді. Үс­тінде қоңырқай түсті күртешесі бар еді. Үйге кірген бойда күртешесінің түй­мелерін ағытып, ішінен бір нәр­се шығара бастады. Сөйтсем, ма­ған ыстық бәліш әкеліпті.

Үйімізден үш аялдамадай тө­ме­нірек жерде ыстық бәліш пі­сіре­тін аспаздық болатын. Студент ке­­зімізде сол жерге жиі барып, бә­ліш сатып алатынбыз. Тәкең ме­нің бірауыз сөзімді жерге тас­та­май, ерінбестен автобусқа мініп, сол жерге барып келіпті. Бәліш суып қалмасын деп күртешесінің іші­­не салып, бауырына басып әкел­­­ген ғой. Осындай сәттерді қа­лай ұмытасың?! Оның маған деген махаббаты мен мейірімі осындай қара­пайым, бірақ жүрекке жылу сый­лайтын әрекеттерінен көрі­не­тін. Қазір ойласам, сол бір күндер на­­ғыз қимас кезеңдер екен...

– Әңгімеңізден байқасақ, аға өте мейірімді, биязы  адам болған се­кілді. Ол кісінің балаларына деген қам­­қорлығы да бөлек болған шығар.  Ба­лаларының бойынан әкесінің қан­дай қасиеттерін көресіз?

– Тәкеңнің артында төрт пер­зен­ті қалды. Жазушы Марат Қа­бан­байдың отбасымен көрші тұр­дық. Қиналып, көзіме жас алған сәт­терде Сәуле апайымыз үнемі жа­нымнан табылып, жұбатып оты­ратын. «Жылама, айналайын! Ал­дыңда төрт перзентің өсіп ке­ле­ді. Бірінің сөзі, бірінің көзі, енді бі­рі­нің мінезі әкесіне ұқсайды. Ен­дігі жерде солардың амандығын ті­ле», – дейтін. Расында да, бала­ла­­рымның әрқайсысынан Тәкең­нің бір қасиетін көремін. Түр-кел­бе­ті, м­інезі, болмысы әкелерінен ау­­м­айды. Тәкеңнің әдебиетке, өнер­­­ге деген сүйіспеншілігі де ба­ла­­ларына дарыған секілді. 

Тұңғышымыз Бұлбұл әкесі сияқты өте еңбекқор. Ләз­за­­тымыз әкесі секілді сурет салуға бейім, музыканы жақсы көреді. Әй­герім бала күнінде өлең жа­за­тын. Қазақ әдебиетін де, шетел әде­биетін де ерекше сүйіп оқиды. Шы­ғыстану факультетін тәмам­да­ды. Тіпті дипломдық жұмысында ко­­рей жазушысы мен әкесінің шы­­ғармаларын салыстыра оты­рып, олардың шығармашылық үн­дестігі мен өзіндік ерекше­лік­те­рін зерттеді. Кенжеміз Мағжан да жо­ғары оқу орнын бітірді. Оның сал­мақтылығы, сабырлы мінезі әке­сін еске салады.

Балаларыма үнемі: «Әке­лерің­нің атына кір келтірмеңдер, оның абы­ройын аласартпаңдар» деп ай­тып отырамын. Әке есіміне құр­метпен қарау, оның адамдық қа­сиет­терін бойға сіңіру  перзент үшін үлкен жауапкершілік қой. Шү­кір, балаларым «Талаптанның ба­ласы» деген атқа дақ түсірмей, әке өнегесін өмірлеріне өзек етіп, әр­қайсысы өз жолымен келе жа­тыр. Төртеуінің бойынан Тәкеңнің бол­мысын көрген сайын оның ғұ­мыры перзенттері арқылы жал­ға­сып жатқанын сезінемін. Мен үшін бұдан асқан медет, бұдан ас­қан жұбаныш жоқ.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС