Қазақстанның батыс қақпасы саналатын Маңғыстау облысы кейінгі екі жылда энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды түбегейлі жаңғырту­дың жарқын үлгісін көрсетіп отыр.
Қазыналы өлкенің қуатты қадамы
90
оқылды

Энергетика саласы қай аймақтың да әл-ауқаты мен экономикасын бағамдайтын қозғаушы күш саналатыны белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда Каспий теңізінің маңындағы облыста атқарылған істер жетерлік.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК НЫҒАЙДЫ

Бұған дейін Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасымен елімізде «Энергетикалық және комму­налдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Өңірдің тіршілік нәрі саналатын «МАЭК» энерго­комбинаты мен электр-жылу желілеріне жаңа тыныс берілді. 2025 жылғы және 2026 жылдың алғашқы он айындағы нақты нәтижелерге қарайтын болсақ, Маңғыстаудың энергетикалық қауіпсіздігі берік нығайып, «жасыл» экономикаға сенімді қадам басқанын көреміз.

Жалпы, аймақ үшін энерге­тика саласының маңызы өте зор. Себебі тұрғын­дар саны 800 мыңнан асты, туризм мен мұн­ай-газ сектор­ындағы жаңа өндіріс орындары іске қосылды. Осы арқылы электр энергия­сына деген сұра­ныс жыл сайын орта есеппен 6-8 пайызға артып келеді.

Былтыр өңір энергетикасы үшін ірі жөндеу мен жүйелі жаңа­ру кезеңі болды. Ең алды­мен, бүкіл облысты жарықпен, жылумен және ауызсумен қам­та­масыз етіп отырған страте­гиялық нысан – «МАЭК» ЖШС қуаттарын қалпына келтіруге Үкімет резервінен арнайы қара­жат бөлінді. №2 ЖЭС энерго­блогы толық жөндеуден өтті. Сонымен қатар ЖЭО-2-дегі қазандық агрегаты мен турби­наға, ЖЭО-1-дегі қазандық жабдықтарына жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. Осы арқылы өңір тұрғындарын үздіксіз жылу­мен, жарықпен және ауыз­су­мен қамтамасыз етуге мүм­кіндік туды, алдағы онжылдық­тарға арналған берік энерге­ти­калық қордың негізі қаланды. Сонымен қатар инфрақұры­лымның тозу деңгейін төмен­дету мақсатында Ақтау қала­сының 4 және 5-шағынау­дан­дарында 41 шақырымнан астам жылу желісін жаңарту жұмыс­тары басталды. 

Ал 2026 жылы ұлттық жоба аясында облыста 517 шақырым инженерлік желіні жаңғырту жоспарланып, осы мақсатқа 78 млрд теңге көлемінде инвести­ция қарастырылғанын айта кетейік. Қаржының шамамен жартысы жылу желілерін жаңар­туға бағытталмақ. Бір ерекше атап өтер жайт, 2026-2027 жыл­дардағы жылыту маусымына дайындық барысында қазан айына дейін барлық негізгі жөн­деу жұмыстары дер кезінде аяқталып, желілердің тозу көр­сеткіші айтарлықтай төмендеді.

Маңғыстау облыстық энер­гетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқар­масының дерегінше, биыл сала­ға бағытталған қаржы өңір тарихындағы ауқымды инвес­тициялардың бірі ретінде сана­лады. Жылыту маусымына дай­ындық жұмыстары белгіленген кестеге сай қазан айына дейін толық аяқталды.

Өңірдің экономикалық өсімі мен халық саны­ның көбеюін ескере отырып, жаңа қуат көз­дерін салу ісі де қарқынды жүр­гізіліп жатыр. Оның бірқатарын атап та айта аламыз. «Ақтау энергетикалық компаниясы» ЖШС базасында құны 108 млрд теңгені құрайтын, қуаты 160 МВт заманауи бу-газ қондыр­ғысының құрылысы бойынша инвестициялық келі­сімге қол қойылды. Қаржылан­дырудың 70 пайызын қытайлық серіктес қамтамасыз етеді. Нысанды 2027 жылы пайдала­нуға беру жоспарланған.

Ал «МАЭК» базасында электр қуаты 500 МВт-қа дейін және жылу қуаты 560 Гкал болатын жаңа энергоблоктар мен Ақтау қаласына арналған жаңа орталық қазандық салу жобалары іске асырылуда. Инвестициялық тиімділік те едәуір артқанын көреміз. Мысалы, 2025-2026 жылдары салада инвестициялық бағдар­ламалар 101 пайызға орын­да­лып, 6 млрд теңге көлемінде қос­ым­ша инвестиция тартыл­ған. 

Осы тұста қазір «Батыс аймақ­­тың электр желі­лерін күшейту» жобасы аясында Батыс энергия торабын Қазақ­станның Біртұтас электр энер­гетикалық жүйесімен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кетейік. Бұл – апаттық өшулердің алдын алып, өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін түбегейлі шешетін тарихи жоба. 

ТАБИҒАТ БАЙЛЫҒЫ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

Табиғи климаты жел мен күн энергиясын өндіруге өте қолай­лы Маңғыстау өңірі бүгінде баламалы энергетиканың басты орталықтарының біріне айнал­ды. Қазір облыс желілеріне жалпы белгіленген қуаты 185,6 МВт болатын 8 жаңартылатын энергия нысаны қосылып, өңір экономикасына тұрақты қызмет етіп келеді. Олардың қатарында Түпқарағандағы, нақтырақ айтсақ, Форт-Шевченко маң­ындағы 43,6 МВт және Ақ­шұ­қырдағы 5 МВт станциялар, Қарақия ауданындағы «Сарқыл­мас Қуат», 4 жел электр стан­циясы және Маңғыстау мен Мұнайлы ауданындағы 3 күн электр станциясы бар. 

Өңірдің «жасыл» энергетика саласында да айтарлықтай өсім бар. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Маң­ғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» желілері арқылы жел және күн электр станция­лары өндірген 244,5 млн кВт сағат таза электр энергиясы тасымалданды. Биыл қуаты 20 МВт болатын Stellar Energy күн электр станциясы іске қосылды. Бұның бәрі аймақ билігінің «жасыл» энергетика саласына мықтап көңіл бөліп отырғанын аңғартады. 

Энергетика министрлігі де бұған дейін Маңғыстау облысын еліміздегі жаңартылатын энер­гия көздері мен «жасыл» сутегі жобаларын дамытудың басты алаңы ретінде бағалауы тегін емес. Өңірдің жел мен күн әлеуеті өте жоғары. Жұмыс істеп тұрған 8 нысаннан бөлек, ірі халық­аралық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асатын мега­жобалар батыстағы аймақ­тардың энергетикалық теңгері­мін жаңа деңгейге шығарады.

Маңғыстау облысында халық­аралық Svevind Group компаниясы қатысатын Hyrasia One «жасыл» сутегі мега­жобасы әзірлену үстінде. Жоба аясында ауқымды жел және күн электр станцияларын салып, өндірі­летін энергияны жасыл сутегі өндіруге пайдалану көз­делген. Қазір жобаның техника­лық және инфрақұры­лымдық мәсе­ле­лері пысықталуда. Жоба аясында 40 ГВт-қа дейін жел және күн электр станцияларын салу және жылына 2 миллион тоннаға дейін «жасыл» сутегі өндіру жоспарланған. Бұл әлем­дегі ең ірі «жасыл» энергети­ка­лық жобалардың бірі болуы мүмкін. Егер жұмыстар жедел­деп, құрылыс басталар болса, Маңғыстау өңірінің энергетика саласын, соның ішінде «жасыл» энергетика бағытындағы адым­ын жемісті санауға болады.

Түйіндей айтқанда, кейінгі екі жылда атқарылған кешенді жұмыстар Маңғыстау облысы­ның энергетикалық инфрақұры­лымын жаңа сапалық деңгейге көтерді. Қолданыстағы қуат көз­дерін жаңғырту мен «жасыл» тех­нологияларды ұштастыру арқы­лы өңір өзінің тұрақты дамуына берік іргетас қалады.

Мадияр ТӨЛЕУ