Түркі халықтарын бір-біріне жақын­да­татын ортақ тарих пен мәдени мұраның маңызды бір бөлігі – тіл. Тілі туыс болғаны­мен, әр халықтың өзіндік болмысы, әдебиеті мен тарихы бар.
Қазақ сөзі Анкара төрінде
коллаж: Елдар ҚАБА
126
оқылды

Осы ерекше­лік­терді танып-білуге мүмкін­дік беретін білім ордасының бірі – Анкарадағы Қажы Байрам Уәли универ­ситеті. Мұнда қазақ тілі мен әдебие­ті бакалавриаттан бастап докторан­тура­ға дейін оқытылады. 

Түрік жастары қазақ тілін үйреніп қана қоймай, Алаш әдебиетін зерттеп, қазақ қалам­герлерінің шығармаларын түрік тіліне аударып жүр. Қазақ музыкасы мен домбырасына қызы­ғатын жастардың да қатары артып келеді. Жалпы, Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеті кафедрасында әзербай­жан, түрікмен, қазақ, қыр­ғыз, өзбек, ұйғыр, татар, башқұрт, алтай, хакас, тыва, саха сияқты түркі тіл­дері оқытылады. Кафе­драның басты ерекшелігі – сту­денттерге тек тіл үйретумен шектелмей, сол тілде сөйлейтін халықтардың ауыз әде­биетін, жазба мұрасын және тарих­ын қатар таныстыру. Біз Түркияда қазақ тілінің оқытылуы, студент­тердің қызығушылығы мен екі ел арасындағы академиялық байла­ныс туралы университет оқытушы­ларымен әңгімелескен едік.

Қажы Байрам Уәли универ­ситетінің PhD докторы Зейнеп Асланның айтуынша, кафедрадағы ауқымды бағдарлама студенттерге түркі дүниесінің тілдік және мә­дени алуандығын салыстыра зерт­теуге жол ашады. 

– Студенттер бірнеше түркі тілімен танысады. Бірақ төрт жыл ішінде олардың бәрін бірдей терең меңгеру мүмкін емес. Сондықтан бағдарлама бір негізгі тілді терең үйренуге, ал қал­ған тілдерді салыс­тырмалы түрде тануға құрылған. Түлек бір тілді еркін сөйлей алады, ал туыс тіл­дердегі мәтіндерді оқып, түсінуге қабілетті болады. Түркі тілдерінің жақындығының арқасында жақсы дайындалған студент екінші, үш­ін­ші тілді де өз бетімен тез меңге­ре алады, – дейді Зейнеп Аслан.

Студенттер не үшін қазақ тілін таңдайды? 

Зейнеп Аслан түрік жастары­ның қазақ тілін таңдауына ықпал ететін бірнеше факторды атап өтті. Оның байқауынша, ең алдымен, мәдени жақындық пен тарихи таныстық маңызды. Түрік студент­тері қазақтың дала мәдениетіне, жыраулар поэзиясына, Абай мен Мұхтар Әуезовтің шығармашы­лығына қызығады. Екінші себеп – кәсіби мүмкіндік. Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда, білім, туризм және дипломатия салала­рындағы байланыстар кеңейген сайын қазақ тілін білетін маман­дарға деген қажеттілік те артып кел­еді. Үшінші себеп – жеке қызы­ғушылық. Кейбір студент­тердің Қазақстанда достары неме­с­е туыстары болса, енді біреулері қазақ музыкасы мен киносы арқы­лы тілімізге ден қойған.

Бұл пікірді Қажы Байрам Уәли университетінің про­фессоры Жә­милә Кынаджы да қуаттайды. Оның айтуынша, кафе­драдағы студенттердің арасында қазақ тілін таңдайтындардың үлесі жоғары. Мұның үлкен себебі – Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси, эконо­микалық және мә­дени байла­ныс­тың нығаюы.

Профессор кафедраның қал­ып­тасу тарихына да тоқталды. Оның сөзінше, Кеңес Одағы ыды­ра­ғаннан кейін түркі мемлекеттері мен халықтарын зерт­тейтін, олар­дың тілдерін біле­тін мамандарға қажеттілік артқан. Осы сұранысқа байла­нысты Түр­кияда түркі тілде­рін оқытатын кафедралар ашыла бастаған. Алғаш­қыларының бірі 1992 жылы Анкара университетінде құрылса, Гази университетіндегі кафедра 1993 жылы ашылған. Бүгінде кафедра өз жұмысын Қажы Байрам Уәли универси­тетінде жалғасты­рып келеді.

– Біздің кафедраның ашылуы түркі мемлекеттерінің тәуелсіздік алуымен тұспа-тұс келді деуге болады. Бастапқыда студенттерге екі тілде қатар білім берілетін. Мәселен, қазақ пен қырғыз тілдері жақын болғандықтан, бірге оқы­тылды. Әзербайжан мен түрікмен, өзбек пен ұйғыр тілдері де осылай топтастырылды. Қазір оқу жүйесі өзгерді. Студенттер бірінші және екінші курста түрлі түркі тілімен танысады, ал үшінші курстан бас­тап бір тілге терең маман­данады, – дейді Жәмилә Кынаджы.

Оқытушының пікірінше, сту­денттердің қазақ тілін таңдау­ына Қазақстанмен байланыс орна­тудың салыстырмалы түрде қолай­лылығы да әсер етеді. Ол мұны басқа түркі халықтарының тілдерін үйренуге қызығатын студенттердің мүмкіндіктерімен салыстырады. Мысалы, ұйғыр тілін терең мең­герген студент үшін Қытайға барып тәжірибе жинау оңай емес. Иран аумағындағы түркі халық­тарын зерттеуге қызығатын жастар үшін де белгілі бір шектеулер бар. Ал Татарстанға барып, тәжірибе жинауды ойлаған студенттер Ре­сейдегі қазіргі жағдайды ескереді.

– Қазақ тілін терең үйренуге мұндай кедергілер жоқ. Оның үстіне, Түркия мен Қазақстан ара­сындағы байланыс күннен-күнге нығайып келеді. Қазақстанның елшілігі де Түркияда көптеген мәдени іс-шара өткізеді. Бізді де жиі шақырады. ТҮРКСОЙ ұйым­дастыратын шараларға да қатыса­мыз. Студенттер осындай кездесу­лерге барып, Қазақстанды жа­қы­нырақ таниды. Сөйтіп, қазақ тілін үйренгеннен кейін осы елге барып, жұмыс істеуге немесе білі­м­ін жал­ғастыруға мүмкіндік бар екенін түсінеді, – дейді профессор.

Музыка – тілге бастайтын әлем

Қазақ тілін таңдауға кәсіби және академиялық себептермен қатар, өнер мен мәдениеттің де ықпалы зор. Жәмилә Кынаджы­ның айтуынша, соңғы жылдары түрік жастары арасында қазақ муз­ы­касына, әсіресе домбыра үніне қызығушылық артып келеді. Сту­денттер интернет арқылы қазақша әндерді тыңдап, ұлттық аспаптың ерекшелігін танып жүр. Кейбірі домбыра тартуды өз бетінше үйренуге де талпынады.

Профессор «Тұран» этно-фоль­к­лорлық ансамблінің әндері Түркия жастары арасында жақсы тыңдалатынын, сондай-ақ «Хас Сақ» тобының да өз тыңдар­ман­­дары бар екенін айтты. Музыка арқылы басталған қызығушылық бірте-бірте қазақ тілі мен мәдение­тін тереңірек тануға ұласады.

– Биыл кафедраға келген бес-алты студент қазақ тілін белгілі бір деңгейде үйреніп келді. Олардың кей­бірі домбыра шерте алады. Әрине, қазақтың кәсіби күйшілері сияқты орындамаса да өз қызы­ғушылығы үшін үйренгені бізді қуан­тады. Балалар қазақ музыка­сын тыңдайды, домбыраға қызы­ғады. Кейде тілді үйренуге деген алғашқы ынта осындай өнерден басталады, – дейді ол.

Қазақ тілін үйретудің өз ерекшелігі бар

Түрік және қазақ тілдерінің туыс­тығы қазақ тілін үйренуді біршама жеңілдетеді. Екі тілдің сөзжасам жүйесінде, дауысты ды­быстардың үндестігі мен сөйлем құрылымында және негізгі сөздік қорында ұқсастық көп. Сондықтан түрік студенттері алғашқы айлар­дың өзінде қарапайым мәтіндерді түсіне бастайды. Дыбыстық сәй­кес­тіктерді меңгергеннен кейін сөздік қоры да жылдам толығады.

– Екі тілдің жақындығы – үл­кен артықшылық. Бірақ кейде осы жақындықтың өзі кедергі болуы мүмкін. Студент түрікше ойлап, сөзді тікелей аударуға тырысады. Сондықтан сабақта ұқ­сас­тықтарды ғана емес, айырмашылықтарды да арнайы көрсетіп отырамыз, – дейді Зейнеп Аслан.

Оқытушылардың айтуын­ша, қазіргі уақытта оқу материалдарын табу бұрынғыдай қиын емес. Бұған дейін Түркиядағы студенттер мен оқытушылар қазақ тіліндегі кітап­тарды Қазақстанға барған кезде өздері алып келетін. Қазір интер­нетте оқулықтар, сөздіктер, түрлі оқу құралдары мен қосымша матер­иалдар жеткілікті.

Сабақ барысында Қазақстан мен Түркияда жарық көрген ең­бек­тер қатар қолданылады. Түр­кияда дайындалған оқулықтардың артықшылығы – түрік студент­теріне таныс грамматикалық тер­миндер мен салыстырмалы түсін­дірмелердің берілуі. Мәселен, Кенан Коч пен Оғуз Доғанның «Қазақ түркісінің грамматикасы», Нергис Бирай мен Экрем Аянның «Қазіргі қазақ түркісі» атты еңбек­тері және түрікше-қазақша сөздік­тер пайдаланылады. Осы орайда профессор Жәмилә Кынаджы «Тіл-Қазына» орталығының оқу ма­териалдарына да тоқталды. Орта­лық әзірлеген А1, А2 деңгей­індегі оқулықтар мен сайттағы материалдар сабақта қолданылады.

Қазақ әдебиеті түрік тіліне аударылып жатыр

Кафедрадағы қазақ тілін оқыту жұмысы тек тілдік дағдыларды қалыптастырумен шектелмейді. Студенттер қазақ әдебиетінің әр кезеңін зерттеп, көркем шығарма­ларды түрік тіліне аударуға да атсалысады. Оқу бағдарламасында қазақ тілі, әдебиеті мен тарихы өзара сабақтастықта оқытылады.

Профессор Жемилэ Кынажы­ның айтуынша, кафедра шәкірт­тері арасында қазақ әдебиетін зерт­теп, аударма саласында нәти­желі жұмыс атқарып жүргендер бар. Соның бірі – Сабина Сайд. Ол қазақ жазу­шысы Роза Мұ­қанова­ның драма­лық шығармаларын түрік тіліне аударып, оларды тал­даған. Кейін осы жұмысының негізінде аударма кітабын шығар­ған. Жинақ­ты Жә­милә Кынаджы­ның өзі редакция­лаған. Бұл еңбек­т­ің жарық көруіне Еуразия жазу­шылар одағы қолдау көрсет­кен.

Профессордың қазақ әдебие­тіндегі сүйікті жазушысының бірі – Бердібек Соқпақбаев. Ол жазушының «Менің атым Қожа» шығармасын түрік тіліне аударған. Сондай-ақ магистранттарының біріне «Өлгендер қайтып келмейді» романын зерттеу тақырыбы ретін­де ұсынған. Хусейн Варол есімді магистрантымен бірге шығарманы түрік тіліне аударып, «Ölüler geri gelmez» атауымен дайындаған. Кітап Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай Алма­тыда өткен шара аясында да таныс­тырылыпты. Аударманың жарық көруіне ТҮРКСОЙ қолдау көрсеткен.

Қазір кафедра оқытушысы тағы бір маңызды аударма жобасын қолға алып отыр. Магистрантымен бірге жазушы Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романын түрік тіліне аударған. Енді шығарманы баспа­дан шығару жолдарын қарастырып жүр.

Білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол

Хажы Байрам университетінің Қазақстандағы жоғары оқу орын­дарымен де байланысы жолға қойылған. Университет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетімен, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универ­ситетімен келісімдер жасаған.

Жәмилә Кынаджының айту­ын­ша, академиялық әріптестік студенттердің білімін тереңдетіп қана қоймай, қазақ тілін табиғи ортада меңгеруіне мүмкіндік бер­еді. Соның арқасында сту­денттер академиялық мобильділік бағдар­ламасы арқылы шетелде бір сем­естр оқи алады.

Кафедра түлектерінің бола­шақта жұмысқа орнала­суына да мүмкіндік жеткілікті. Про­фес­сордың айтуынша, олар­дың бір бөлігі мұғалімдік қызметті таңдай­ды. Сонымен қатар елшілік­терде, министрліктерде және түркі дүниесіне қатысты жұмыс істейтін мекемелерде еңбек ететіндер бар. Түлектердің арасында ТҮРКСОЙ-да, Түркияның Мәдениет минис­тр­лігінде қызмет атқаратындар да кездеседі. Кейбірі Бішкектегі Ма­нас университетінде және Түр­кіс­тандағы Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жұмыс істеп жүр.

Жалпы, Анкарадағы кафедра­ның тәжірибесінен байқағанымыз, қазақ тілі тек оқулық пен грам­ма­тикалық ережеге сүйеніп оқыты­лып жатқан жоқ. Тілді үйренуге тарихи жырлар, көркем әдебиет, музыка, академиялық байланыс пен жеке қызығушылықтар қатар ықпал етуде. Қос ұстаздың әңгі­месінен түйгеніміз, түрік жастары қазақ тілін үйрену арқылы тек жаңа тілді меңгеріп қана қоймай, өздеріне тарихы мен мәдениеті жақын халықтың рухани әлеміне де қызығушылық танытады. Бұл қызы­ғушылықты біліммен, тә­жі­ри­бемен және шығармашылық ізде­ніспен ұштастыру екі ел ара­сын­­дағы мәдени байланыстың нығаюына қызмет етпек.

Айгүл СЕЙІЛ