Бұл бастамаға Ұлттық қордан 6,5 трлн теңгедей ұшан-теңіз қаржы бағытталады. Сондықтан Үкімет оған жергілікті кәсіпорындардың кеңінен қатысуына және импорттың орнын басатын өнімді қолдауға ерекше көңіл бөлмек. Бұл істе офтейк-шарттардың маңызы зор. Мемлекет басшысының өзі мән берген осы тетіктің әлеуеті толық пайдаланылып жүр ме? Бүгінгі ахуал мен алдағы міндеттер қандай?
Офтейк-шарттар (offtake contracts) – тапсырыс беруші мен отандық өндіруші арасында бірнеше жылға жасалатын, болашақта өндірілетін өнімді алдын ала келісілген бағада, көлемде және нақты шарттармен сатып алуды көздейтін ұзақмерзімді келісімшарт. Бұл тетік өндірушіні өз өнімін тұрақты өткізетін нарықпен кепілді түрде қамтамасыз етеді. Ол тауарын кімге сатарын білмей дағдарып, уайымдамайды. Бар күшін еш алаңсыз, жаңа өндіріс пен жұмыс орындарын құруға, инвестиция тартуға жұмылдырады. Тіпті банктер беделді кәсіпорынмен бекітілген офтейк-шарт негізінде кәсіпкерге арзан кредит те ұсынады.
Қысқасы, бұдан барлық тарап ұтады. Тапсырыс беруші қажетті өнімге, шикізатқа, жабдықтарға және басқасына үздіксіз қол жеткізеді, ісін дөңгелентіп, өрлеуге мүмкіндік алады. Ал мемлекет ішкі нарықты отандық өніммен молықтырып, өзге елдерге тәуелділігін төмендетеді, төл экономикасын өркендетеді. Қалауын тапса, бұл деген ұлан-асыр табыстың қайнары. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» отандық KSP Steel ЖШС-мен шегендеу және сорғы-компрессорлық құбырлар жеткізуге офтейк-шарт жасасты. Сөйтіп, осы кәсіпорын 26 млрд теңге табысқа кенелді.
Офтейк-шарттар тетігін дүркірете дамыту үшін қажетті өндірістік база елде бар. Бүгінде қазақстандық кәсіпорындар негізгі құрылыс материалдары бойынша ішкі қажеттіліктің орта есеппен 73%-ға жуығын өтеп отыр. Енді мемлекет осы қуатты «Халықтық құрылыс» бағдарламасының жобаларына мейлінше толық жұмылдырып, материалдар мен жабдықтар өндірісін кеңейтуі қажет.
Әрине, қазақстандық кәсіпорындар президенттік бағдарлама аясында салынатын білім беру, денсаулық сақтау, спорт, энергетика және басқа саладағы инфрақұрылым нысандарын тек құрылыс материалдарымен қамтумен шектелмейді. Бүгінде республикада HOWO, SITRAK және Scania жүк көліктері жасалады. Мұның сыртында СҚО-дағы «Қазтехмаш» зауытында қытайлық LiuGong брендімен экскаватор, фронталды тиегіш, бульдозер, автогрейдер, жол катогы, асфальттөсегіш пен экскаватор-тиегіштер сияқты жол-құрылыс машиналары жасалады.
Астанада Barys Truck Manufactory компаниясы қытайлық XCMG концернімен бірлесіп, жүк автомобильдері мен жол-құрылыс техникасын шығаратын зауыт жобасын қолға алды. Жыл соңына дейін Алматыда Volvo жүк тартқыштарын өндіре бастау жоспарланған. Mercedes компаниясымен келіссөздер жүргізілу үстінде. Әзірге құрылыс пен жол техникасы саласы импортқа тәуелді: жыл ішінде Қазақстан экскаватор, тиегіш, бульдозер, грейдер, жол катоктары және басқасы бойынша 19,1 мың техниканы өзге елдерден импорттаған. Үкімет отандық өндірушілерді офтейк-шарт арқылы нақты демеп, сұраныспен және қаражатпен қамтамасыз етсе, онда «Халықтық құрылыс» машина жасау секторының да жаңа белестерді бағындыруына түрткі бола алады.
Өндіріске – кепілді тапсырыс
Айта кету керек, Президенттің өзі Жолдауда баса назар аударған офтейк-контрактілер тетігін жүзеге асыру бірнеше жыл бұрын басталды. Әсіресе мол тәжірибе «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасы аясында жинақталды. Онда 106 жобалау-сметалық құжаттама бойынша материалдар мен жабдықтарға қажеттілік айқындалып, көптеген кәсіпорынның өз өнімін ұзақмерзімді келісімшарт негізінде өткізуіне жол ашылған.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бір ғана ЭКСЖ жобалары бойынша 144 офтейк-шарт жасалды. Оның шеңберінде құбырлар, кабель-өткізгіш өнімдері, темірбетон бұйымдары, желілік арматура, электротехникалық жабдықтар және басқа да отандық өнімдер жеткізіледі. Жалпы алғанда, барлық салада ішкі өндірушілер мен ірі тапсырыс берушілер арасында бір жылда 707 офтейк-шарт бекітілген.
Бұл тетік отандық және шетелдік бизнесті жергілікті кәсіпорындарға ақша құюға, шетелдік технологияны елде локализациялауға ынталандырыпты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі офтейк-шарттар арқасында жаңа серпін алған өндіріс орындары қатарында мұнай-газ саласына арналған құбырларды, энергетика саласына қажетті трансформаторлар мен реакторларды, тау-кен металлургия кешеніне арналған өнеркәсіптік өнімдер өндіретін кәсіпорындарды атады. Осы жобаларға 400 млрд теңгеден аса инвестиция тартылып, 3 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
Отандық зауыт-кәсіпорындарды кепілдендірілген сұраныспен қамтуда «Самұрық-Қазына» қорының пайдаланылмай жатқан әлеуеті зор. Мәселен, ұлттық әл-ауқат қоры биылғы 9 айда қазақстандық компаниялар-дан шамамен 1,4 трлн теңгенің тауары мен қызметін сатып алды. Бұл былтырғыдан 45%-ға көп. Алайда бәрі бірдей ұзақмерзімді сұраныс емес: офтейк-шарттардың көлемі 73 млрд теңге ғана болды.
Президент Қ.Тоқаев отандық өнімдердің реттелетін сатып алулардағы үлесін арттыруды және қазақстандық өндірушілермен офтейк-шарттар жасасу жүйесін жаңа деңгейге көтеруді тапсырды. Атап айтқанда, мұндай шарттардың үлесін 10%-ға немесе жылына шамамен 2 триллион теңгеге жеткізу міндетін қойды.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, 2026 жылғы 9 айда бір ғана энергетика секторындағы жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу көлемі 3,553 трлн теңгені құрады. Оның шамамен 1,9 трлн теңгесі немесе 55,4%-ы отандық бизнес үлесіне тиесілі. Е.Ақкенженовтің дерегінше, министрлік Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз ірі мұнай-газ кенорындарын игеріп жатқан NCOC, KPO және ТШО-мен бірлесіп, олардың сатып алуына қазақстандық өндірушілерді барынша тарту үшін тұрақты жұмыс жүргізеді. Бір жыл ішінде операторлардың отандық тауар мен қызметтерді сатып алуының жалпы көлемі 1,595 трлн теңгені немесе 56,2%-ды құрапты. Биыл бекітілген жаңа стандарт бойынша ірі жобаларда тауарлардағы «елішілік құндылықты» (бұрынғыша – жергілікті мазмұнды) қазіргі 15%-дан 2029 жылы 30%-ға ұлғайту көзделген. Ендігі мақсат – осы сатып алулардың біраз бөлігін тұрақты, ұзақмерзімді офтейк-шарттар деңгейіне көшіру. Сонда жергілікті кәсіпорындар жылда тендер ұтып алуға шабылып, шығындалмай, бар күшін өз өндірісін өрістетуге шоғырландыра алады.
Бұл міндетті орындау мақсатында офтейк-шарттар тетігі биыл Индустрияландырудың негізгі құралының бірі ретінде бекітілді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жер қойнауын пайдаланушылар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері жалпы сомасы 466 млрд теңгеге ұзақмерзімді офтейк-шарт жасасты. Сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушылармен бірге алдағы кезеңге арналған тағы 157 млрд теңгенің «кепілдендірілген тапсырыстар қоржыны» түзілген.
Жұмыс мұнымен тоқтамауға тиіс. Сондықтан Өнеркәсіп және Энергетика министрліктеріне жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп, қазақстандық кәсіпорындардан ұзақмерзімді сатып алынатын тауарлардың тізбесі мен көлемдерін айқындау тапсырылды. Сондай-ақ «Атамекен» ұлттық палатасы, мүдделі меморгандар және компаниялар тізе қосып, жыл соңына дейін импортты алмастыратын өнімдерге қатысты сатып алудың барлық түрі бойынша «2027 жылға арналған ұзақмерзімді офтейк-шарттар жоспарын» бекітуі қажет.
Өнеркәсіп министрлігі әкімдермен, «Бәйтерек» холдингімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, ЭКСЖ, «Халықтық құрылыс» және басқа жобаларға отандық өндірушілерді кеңінен қатыстыруға міндеттелді. Үкіметке жобаларды қалыптастыру кезінде қолда бар қазақстандық өнімді ескеру, тауарларға қажеттілікті алдын ала жариялау және жергілікті кәсіпкерлерді өндіріс көлемін ұлғайтуға қажетті қаржыландыру тетіктерімен қамтамасыз ету тапсырылды.
Офтейктің осал тұсы
Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар мінсіз жүріп жатыр деуге болмайды. Жүйелі шешімін күткен мәселелер аз емес. «Атамекен» палатасының Машина жасау және металл өңдеу комитеті сарапшыларының түсіндіруінше, офтейк-шарттарды жасау кезінде шикізат, құрамдас бөлшектер құнының өзгеруі мен инфляциялық үдерістер ескерілуге тиіс.
– Әйтпесе, кең таралған тәжірибе бойынша тапсырыс берушілер бірнеше жыл бойы тауар мен қызметті бір ғана бағамен алғысы келеді. Бұл кәсіпкерлерге тиімсіз. Яғни баға белгілеу тетіктерін жетілдіру қажет. Бұған қоса, импортты алмастыру тауарлары пулына енгізілетін өнімдер тізбесін кеңейту маңызды. Бұл салада мемлекеттік органдардың, даму институттарының және бизнестің жүйелі үйлестіруін талап ететін мәселе жеткілікті, – деді комитет өкілдері.
«Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің басшысы Қайырбек Сүлейменовтің пікірінше, сатып алулар кезінде адал бәсекелестік қағидаттары әлі де толық сақтала бермейді екен. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс берушілердің шарттық міндеттемелерін орындамау жағдайлары кездеседі. Мұның соңы соттасуға ұласады.
– 2025 жылы соттар қараған сатып алу саласындағы азаматтық істер саны 30%-ға өсті. Оның 22%-ында кәсіпкерлердің талаптары негізді деп танылды. Жиі кездесетін бұзушылықтар қатарында бәсекелестікті шектейтін талаптарды белгілеу, техникалық шарттарды қате қалыптастыру, сатып алу тәртібі мен мерзімдерін бұзу, бағалау өлшемшарттарын дұрыс қолданбау және басқасы бар, – деді ол.
Сарапшылар офтейк-шарттарға қатысты өзге де мәселелерді еске салды. Біріншіден, бұл сала қоғамға ашық емес екен: Экономика, Өнеркәсіп, Энергетика министрліктері мен «Самұрық-Қазына» қоры әртүрлі статистика келтіреді. Жариялылық аз болғандықтан кепілдендірілген тапсырыс кәсіпорынның технологиялық дамитынын білдірмейді: толыққанды отандық өндірістік тізбек құрмай-ақ, шетелдік жиынтықты әкеліп, елде жай құрастыра салу деректері кездеседі.
Екіншіден, офтейк-шарттардың бәсекелестікті шектейтін қыры да бар: алпауыт компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар ұзақ жыл тек бір компаниядан ғана өнім мен қызмет алуға міндеттелгендіктен, өзге отандық өндірушілер оған жолай алмайды. Бизнес өкілдері бұл салада кейде тамыр-таныстық, биліктегі тұлғамен туыстық үлкен рөл ойнайтынын айтып жүр. Бәсеке байланған жерде береке бар ма? Мұның ақыры шартта экономикалық тиімсіз бағаның бекітілуіне соқтырмақ.
Үшіншіден, ұзақмерзімді міндеттемелер тапсырыс берушіге де тәуекел тудырады. Офтейк-шарттар орта есеппен 5–10 жылға дейін бекітіледі екен. Осы кезеңде технологиялар өзгеруі, басқа жеткізуші инновациялық балама ойлап табуы, тіпті өнімге қажеттілік болмай қалуы мүмкін.
Біреуге бақ, біреуге тосқауыл дегендей, тағы бір түйткіл бұл тетіктің қолжетімділігімен байланысты. Шағын кәсіпорындардың мамандар тобын жалдап, бума-бума техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірлеуге, мол инвестиция тартуға, ірі тапсырыс берушілер қоятын қатаң техникалық талаптарды орындауға көбіне шама-ресурсы жетпейді.
Қорыта айтқанда, офтейк-шарттардың әлеуеті зор, бірақ оны тиімді пайдалануға кедергі де жетерлік. Үкіметтің ендігі міндеті – олқылықтарды жойып, мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін-жемістілігін қамтамасыз ету. Сонда ғана кепілдендірілген тапсырыстар отандық өндірістің дамуына, ұлттық экономиканың өсуіне лайықты қызмет етеді.
Елдос СЕНБАЙ
