«ӨКМ операторы» неге өктем?
«ӨКМ операторы» неге өктем?
598
оқылды
Утилизациялық төлем – қор­шаған ортаны қолдау емес, «темір тұлпарға» құмартқан көш­­пелілер ұрпағын азаптаған қылбұрау. Арзан көлігі үшін екі еседей алым-салық төлеуге мәж­­бүр етілгеніне наразы жұрт осылай дейді. Бай емес бұқара шетелден көлікті еріккеннен тасы­майды. Қазақстанда құ­рас­­тырылған көлік бағасы удай бол­ғандықтан, амалсыз алыс­қа көз сүзеді. Отандық автозауыттар бюд­жет­тен жан-жақты қамқорлық көруде. Машинаны шашылған қалпында әкеліп, бізде қайта құрастырғаны үшін мол субсидия алады. Салық­тық жеңілдіктері де жетерлік. Өні­мі көбірек өтуі үшін Үкімет тарихы­мызда болмаған теңдессіз шараға барды: айналдырған екі зауытқа бір емес, екі қолдау бағдарламасын іске қосты.
– Қазақстанда жеңіл автомо­биль шығарумен Өскеменде «Азия Авто» АҚ, Қостанайда «Сары-арқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС айна­лысады. Оларға арнап, жеңілдікті автокредиттеу бағдарламасына 2015-2019 жылдары ел қазынасынан барлығы 42 млрд теңге бөлін­ді. Оның 20,3 миллиарды «АзияАв­тоға», ал 21,7 миллиарды «Сары­арқа­АвтоӨнеркәсіпке» берілді. Бүгінде барлық қаражат толық кө­лемде игерілді және несие өтемі тү­рінде азаматтар қайтарған қара­жатты олар қайталай игеруге кіріс­ті. 2020 жылғы қаңтардағы жағ­дай бойынша, жалпы сомасы 56,03 мил­лиард теңгеге 12 906 көлік кредитке сатып алынды, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Бейбіт Атамқұлов.
Бұған қоса, Ұлттық банк 2019 жылы отандық автозауыттар өнімін жеңілдікті кредиттеуге арналған ұқсас бағдарламасын іске қосты. Оның аясында 2024 жылға дейін жыл сайын автокәсіпорындарға 20 миллиард теңгеден арна тар­тады. Биылға арналған транш осы жылдың бірінші жартысында бө­лінбек. Нәтижесінде, «Қазақстанда жа­салған» машина арзандап, ха­лыққа қолжетімді бола түскен шы­­ғар? Мысалы, отандық авто­зауытта жиналған жаңа KIA Cerato седанының механикалық түрі был­тыр 6 млн 750 мың теңге тұрса, 2020 жылы қымбаттап, 6 млн 950 мың теңгеге жетті. Дәл осы мар­ка­ның автоматты және Premium нұсқасы 9 млн 450 мың теңгеге сау­даланса, 2020 жылы бағасы бірден 200 мың теңгеге өскен. Салыстыру үшін: дәл осы мар­кадағы, бірақ бірер жыл ұстал­ған көлікті көрші Ресейде 530 мың рубльге (3,5 млн теңге), Гру­зияда 6,5 мың долларға (2,5 млн тең­геге) табуға болады. Біз, әри­не өзге­нің қаңсығын таңсық кө­ріп, жарнамалауды мақсат тұтып отыр­ған жоқпыз. Басты мәселе – қа­зақстандық нарықта көлік құралы­ның қолжетімсіздігі.  

БТ емес, УТ ғой қажытқаны

Шетелден ескі-құсқы көлік­тердің келуіне тосқауыл қойған жөн, әйтпесе көше онсыз да шеге салынған шелектей салдырлап жүр­ген қауіпті көліктерге толы. Бұ­ған мамандандырылған ХҚКО-да төленетін «бастапқы тіркеу» (БТ) алы­мы тоспа құрады. Нақтылай кет­сек, егер шетелде алынған кө­лік­­тің өндірістен шыққанына 2 жыл толмаса (2018-2019 жылы жа­­сал­­ған), онда БТ алымының кө­лемі бар-жоғы 0,25 АЕК не­месе 2020 жылы 663 теңге ғана бо­лады. 2-ден 3 жыл толғандарына (2017-2018 жыл­дары шығарылғаны) – 50 АЕК (132 550 теңге). 3 жылдан асса 500 АЕК (1 325 500 теңге) алым төлейсіз. Ал егер ав­токөліктің конвейерден түскені­не 5 жылдан көп уақыт өтсе, онда БТ алымы 2 500 АЕК-ке (2020 жылы 6 млн 627,5 мың теңгеге) жетеді. Нәтижесінде, шетелден ескі көлік тасу мүлдем тиімсіз болып қалды. Айтқандай, бұған қарсы шығып отырған азамат аз.
Кәдеге жарату алымы халықтың наразылығын тудыруда. Себебі ол көліктің «жасын» назарға алмайды. Төлем көлемі қозғалтқыштың көлеміне байланысты. Бұл жерде 50 АЕК қозғалтқыш қуаттылығына көбейтіледі: автомобильдің 1 000 см3 дейінгі қозғалтқышы болса, онда 50 АЕК (132 550) х 3 коэффициентіне көбейтіліп, 397 650 теңге сомасы шығады. 2 000 см3 дейінгісі үшін алым көлемі: 50 АЕК х 7 = 927 850 теңге. 3 000 см3 дейінгісі үшін 50 АЕК х 10 = 1 325 500 теңге. 3 001 см3 және одан қуатты қозғалтқышқа ие көлік үшін (50 х 23) 3 48 650 теңге утилизациялық төлем (УТ) талап етіледі. Бұл алымдар «ӨКМ операторы» ЖШС-на төленеді.
Шетелден көлік сатып алған қазақстандықтарға БТ мен УТ сыр­тында авто құнының 17% мөл­ше­рінде кедендік баж салығын да төлеу керегін ескерсек, елдің наразы­лығын түсінуге болады. – «Неге мен «ӨКМ операторы» кәсіпорнына ескі-құсқы емес, су жаңа көлігім үшін утилизациялық алым төлеуім керек? 20-30 жылдан кейін көлігім ескіргенде, ол келіп, оны алып кете ме? Ол кезде бұл ЖШС бола ма? Оны ешкім де білмейді, – дейді көлік иесі Жәнібек Күзелбаев. Бұл төлемді кезінде Энергетика министрлігі өз бұйрығымен енгізген. – Өндірушілер мен импорттау­шылардың кеңейтілген міндетте­ме­лері қағидасы енгізілгелі бері қазіргі кезде «ӨКМ операторы» автокөлік құралдары мен оның құрамдас бөліктерін жинауды, тасымалдауды, өңдеуді және утилизациялауды жүзеге асырып жатыр. Сондықтан кез келген қазақстандықтың авто­мобилі пайдаланудан қалса, опе­ратор оны кәдеге жаратуға алып кетуге міндетті, – дейді энергетика ведомствосы.  

Төлемде де түйткіл бар

Жалпы, осы салада жиі дау бас көтереді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, экологиялық бірлестік президенті Азаматхан Әміртаев Президентке бұл саланы мемлекеттің қолына алуды ұсын­ды: «ӨКМ операторын шұғыл национализациялау керек. Оны Экология министрлігінің құрамына қосқан жөн. Тек осылай ғана аталған ЖШС-ның миллиондаған алымы мәселесін шеше аламыз. «ӨКМ операторы» ЖШС көлік пен оның доңғалағын кәдеге жаратқаны үшін жылына шамамен 400 млн доллар алатыны жарияланды. Небәрі 18 млн адамы ғана бар елден осынша жиналған. Қорқынышты сан! Өйткені 147 млн тұрғын тұратын Ресейде 2018 жылы утилизациялық алымнан небәрі 30 млн доллар жиналды», – деді А.Әміртаев. Бұдан бөлек, кейбір кәсіпкер ескі көлік шинасын өңдеуде тек санаулы зауытқа басымдық берілетініне шағымданды. Бұл ақпаратты шина қалдықтарын өңдейтін бірқатар зауыттар жоққа шығарады.
«Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері енгізілген 2016 жылға дейін шиналарды кәдеге жаратумен бірнеше зауыт қана шұғылданды. Сол кезде Астана, Алматы, Шымкент пен Павлодарда ғана зауыт болды. Олар бұрыннан қордаланғаны түгіл, жыл сайын қосылатын шина қалдығын қажетке жаратуға қабілетсіз еді. 2016 жылы толыққанды сала қалыптастыру басталды. Шина өңдейтін барлық зауыт бірыңғай реестрге енгізілді. Олармен тікелей келісімшарт бе­кітілді. Оған сәйкес, әр зауытқа 1 келі өңделген шина үшін 30 тең­геден ақы төленеді. Осы қаржыға кәсіп­орындар қосымша жабдықтар са­тып алды, айналым қаржысын тол­тырды», – дейді «ЭКО Шина» кә­сіп­орнының директоры Бауыржан Айгенжеев.
Рас, ол бәріне бірдей баға алыста орын тепкен зауыттардың тасы­мал шығынының жартысын да жап­пайтынын жеткізді. – Әйтсе де, 1 келіге 30 теңге со­ма­сын өсіру де қиын: ол бюджет қа­­ражаты емес, азаматтардан, ши­на импорттаушылардан жи­нал­ған УТ. Осы соманың өзі отан­дық шина өңдеу зауыттары үшін қо­мақты көмек. Осы өндіріс түрі тар­тым­дылығының өсуі және жаңа зауыт­тардың пайда болуы бұ­ған дәлел. Бүгінде салада жал­пы қуаты жылына 30 мың тонна­дан асатын 20 шақты зауыт бар. Олардың кейбірі әртүрлі себеппен тендерге қатысудан бас тартты. Тендерде жеңген зауыттар алдын­дағы міндеттемесін «ӨКМ опера­торы» орындап келеді. Ал қатыспа­ғандарға ештеңе төлемейді. Бірақ бүкіл саланы шағымданушы зауыт­тар ыңғайына қарай өзгертуге бол­майды, – дейді Б.Айгенжеев. Әрине, бизнесмендердің байы­ғаны жақсы, алайда одан бұқараға зиян келмеуі маңызды. Оның үстіне салада басқа да түйткілдер туындауда. Мысалы, Айболат Рзиев жуырда Ресейдегі автосалоннан жаңа Toyota Hilux көлігін сатып алғанын айтады. «ӨКМ операторы» дәл осы маркадағы автокөлікке 1 893 750 теңге утилизациялық төлем талап еткен. Өйткені ол Hilux-ты жүк көлігіне, N1, N2, N3 санатына жатқызады. Ал Салық кодексінің 492-бабының талабына сәйкес, бұл пикаптар В санатына кіреді. Демек, 1 262 500 теңге алым төленгені жөн. Сонда жеке компания талабы заңнан жоғары болғаны ма? Ал Ольга Цуканова шетелден әкелген көлігі үшін 2019 жылғы 2 шілдеде «ӨКМ операторына» 841 750 теңге төлем төлегенін, деген­мен машинаны тіркеуге қоя алмай, әкелген елде кері сатуға мәжбүр болғанын әңгімеледі. 2019 жылғы 24 қыркүйекте «ӨКМ операторынан» ол төлемді кері қайтарудан бас тартатыны туралы жауап келіпті. Азаматша мұны заңсыз санайды: алым төленген көлік Қазақстанда тіркеу есебіне қойылмаған. Осы­ған орай, ол Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғановадан оператор бас­шы­лығына қатысты шара қа­был­дауды сұрайды. Алайда олар мемқызметші емес, жеке компания басшылығы болғандықтан, агенттік қарсы еш шара қабылдай алмайды.   Елдос СЕНБАЙ