Елорданың медицина қызметкерлеріне сыйақы беріледі
Елорданың медицина қызметкерлеріне сыйақы беріледі
© inform.kz
202
оқылды
Бүгін елорданың медицина қызметкерлеріне сыйақы беріледі, - деп мәлімдеді Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен. «Бүгіннен бастап барлық қоғамдық көліктер, кәсіпордар мен мемлекеттік мекемелер жұмыстарын уақытша тоқтатты. Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның бұл шешімі қала тұрғындарының денсаулығын сақтау мен коронавирус індетінің кеңінен таралуына жол бермеу үшін қабылданды», - деді ол. Бақтияр Мәкен қала әкімдігі тарапынан қолға алынған шараларға тоқталды. «Біріншіден, елорданың медицина қызметкерлері үшін тиісті қонақ үйлер мен көлік берілді. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласының стационарларында коронавирус індетін жұқтырған немесе жұқтырған адамдармен тікелей байланыста болғандармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Оларға жағдай жасау үшін қонақ үйлер бөлінді. Қалалық штаб ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, City Transportation Systems компаниясының елуден астам көлігі берілді. Қаланың емханалары мен ауруханаларында жұмыс істейтін медицина қызметкерлері үшін де тиісті арнайы көлік ұйымдастырылған. Бұл қызметтердің барлығы тегін»,- деді қала басшысының орынбасары. Осы орайда ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев санитарлық-эпидемиологиялық салалардағы жоғары жүктеме жағдайында жұмыс істейтін медицина қызметкерлері үшін қаржылық қолдау пакетін бекіткенін еске салды. «Сол бастаманы қолға алып, бүгіннен бастап біздің барлық медицина мекемелерінде жұмыс істетін қызметкерлерге тиісті сыйақы беріледі. №2 қалалық емхана тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл емхана базасында ЖРВИ белгілері бар пациенттерді қабылдау үшін обсерваториялық емхана ұйымдастырылды. ЖРВИ белгілері бар науқастарды тек қана №2 қалалық емхана қабылдайды. Емханада емделушілердің коронавирустық инфекцияға зертханалық-диагностикалық зерттеулер жүргізіледі. Мұндай қиын кезеңде түсіністікпен қабылдап, медицина қызметкерлерінің нұсқауларын бұлжытпай орындау қажет деп санаймыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, қаланы карантинге жауып, қоғамдық тәртіпті күшейту әлемдік тәжірибе», - деді Бақтияр Мәкен.