Ақмола облысының әкімі карантиндік шектеулерге байланысты өңір тұрғындарына үндеу жасады
Ақмола облысының әкімі карантиндік шектеулерге байланысты өңір тұрғындарына үндеу жасады
© inform.kz
138
оқылды
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев карантиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты өңір тұрғындарына үндеу жолдады, - деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасы. Айта кетейік, осыған дейін наурыздың 31-і сағат 19:00-ден бастап карантиндік шектеу шаралары енгізілетін хабарлаған болатынбыз. Аймақ басшысы өз сөзінде коронавирус инфекциясына байланысты жағдайдың күн сайын қиындап бара жатқанын атап өтті. «Облыс аумағына инфекция таратудың ошағы болып табылатын Целиноград ауданы ерекше алаңдатып отыр. Осы кезеңде Ақмола облысының аумағына транзиттік жүк автокөлігін, сондай-ақ азық-түлік тауарларымен, дәрілік заттарымен және медициналық бұйымдарымен, өндірістік тауарларымен, сонымен қатар облыстың өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін материалдар тиелген жүк автокөліктерін қоспағанда, барлық автокөлік құралдарының кіруіне және шығуына тыйым салынады», - деді Ермек Маржықпаев. Шектеу шаралары уақытында өз қызметін тоқтататындар: ішінде азық-түлік дүкендері мен дәріханалары барларды қоспағанда ірі сауда орталықтары, саябақтар, монша кешендері, санаториялық-курорттық нысандар, сұлулық салондары, шаштараздар, азық-түлік, автомобиль, тұрмыстық заттар мен құрылыс базарлары, сондай-ақ адамдар жаппай жиналатын басқа да объектілер. Азаматтар үй-жайларына келмейтін, тапсырыстарды шығару мен жеткізу бойынша тәулік бойғы режимде қызмет көрсететін объектілерді қоспағанда, қоғамдық тамақтанудың объектілері жұмысын тоқтатады. Дәріханалар мен дәріхана киоскілері жұмысын штаттық режимде жалғастырады. Облыс тұрғындары өте маңыздылығы болмаса үйлерінен шығуын шектеуі қажет, маска мен біржолғы қолғап киіп, қолдарын антисептикпен жууы тиіс. 65 жастан асқан азаматтар өзін-өзі оқшаулау арқылы режим сақтасын. Жалпы, облыста тиісті қызметтердің карантин режимін енгізу үшін дайындығы қамтамасыз етілді. «Әрине, осы шаралар кей жағдайда азаматтарымыздың құқықтарын шектейтіні сөзсіз, алайда қазіргі аурудың қамту көлемінің жылдам таралуы жағдайында олар маңызды және қажетті, себебі ол коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеуге және облыс тұрғындарының денсаулығын сақтауға бағытталған», - деп атап өтті аймақ басшысы.