Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, ақын, сыншы Аманхан Әлімұлының отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.
Жеделхатта Президент ақын, сыншы, әдебиетші, публицист Аманхан Әлімнің қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.
"Аманхан Әлімұлы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі еді. Сонымен қатар ол отандық журналистиканың дамуына да өлшеусіз үлес қосты. Қатардағы тілшіден бас редакторлыққа дейінгі жолдың бәрінен өтті. Ол ұлттың өсуіне, әдебиеттің дамуына кедергі болатын кері әрекеттердің барлығын сын садағына ілді. Аманхан Әлім қазақ руханиятының көкжиегін кеңейту үшін ақиқаттан айнымаған қайраткер қаламгер еді. Марқұмның жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын!" делінген жеделхатта.