Шымкентте ертеңнен бастап қалаға көліктердің кіріп шығуына тыйым салынады. Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қала тұрғындарына жасаған үндеуінде бірқатар шектеулер туралы мәлім етті.
«Короновирустың тез таралуы тұрғындардың денсаулығына қатер төндіруде. Шымкент қаласында індет жұқтырған 2 адам тіркеліп, бір елді мекен карантинге жабылды. Республиканың өзге аймақтарына Шымкент арқылы өтетін транзитті жолаушылар көп. Олардың саны тәулігіне шамамен 200 мың адам. Бұл жағдай індеттің таралу қаупін арттырып отыр. Сол себепті Шымкент қаласында 31 наурыз күні сағат 21:00-ден бастап қосымша шектеу шаралары енгізіледі. Біріншіден, қалаға кіретін барлық жолдар жабылады. Автокөліктердің қалаға кіруі мен шығуына тыйым салынады. Тек транзитті жүк көліктері мен тіршілікті қамтамасыз ететін арнайы автокөліктерге рұқсат беріледі. Екіншіден, адамдар жақын қарым-қатынаста болған кезде вирустың тез таралатыны дәлелденген. Сол себептен қала аумағында бетперде тағу режімін енгізуге мәжбүр болып отырмыз. Барлық азаматтар медициналық бетперде киюге міндетті»,- деді Мұрат Әйтенов.