Интернеті жоқ ауыл көп
Интернеті жоқ ауыл көп
263
оқылды
Қазақстан онлайн оқытуға толық дайын емес. Бірақ оған көшпеске амал жоқ. Оның үстіне, қазіргі кезде оқушыларға қашықтан білім беру үшін қажетті құрал мен тұғырнама атаулының бәрі бар. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегінше, елі­мізде 3,4 миллионнан астам оқушы оқиды.  ЮНЕСКО 2020 жылғы 25 нау­рызда пандемия кесірінен дүниежүзінде 1,5 миллиардтан астам бала мектепке бара алмай қалғанын мәлім етті. Бұл әлем­дегі орта білім ордаларындағы бүкіл шәкірттердің 87,1 пайызы. 165 мем­лекет мектептерін жапты. Әлем елдері арасында бірінші болып 17 ақпанда онлайн оқы­туға Қытай 180 миллионнан ас­там оқушысын көшірді. Қазіргі уақытта дүниежүзі бойынша 870 миллионнан аса шәкірт осылай білім алады. Біздің Білім және ғылым ми­нистрлігі бұған түбегейлі әзір емес. Дегенмен оқушылардың 16 наурызда бір апта ерте кани­кулға шығуы пайдасын тигізді: балалар 21 күн демалып жат­қанда, мемлекет онлайн сабақтар ұйым­дастыруға, педагогтарды теле­жүргізуші рөлін атқаруға үйретуге, телесабақтар жасауға күш салды. Бұдан бөлек, орта бі­лім беру ұйым­дарында оқыту­ды дистан­циялық режимде жүр­гізуге ар­налған әдістемелер жасалды.
Келесі дүйсенбіде, 6 сәуірде 2019-2020 оқу жылының соңғы тоқсаны жаңа форматта баста­лады: «Балапан» мен «Еларна» те­леарналары арқылы мемле­кет­тік тілде және орыс тілінде бар­лы­ғы 2 мың телесабақ көрсе­тіледі. Бұған қоса, ұстаздар ма­мандан­дырылған интернет плат­форма­ларда өз сыныптарына арнап са­бақ өткізеді. Онлайн са­бақтардың ұзақтығы 30 минут­қа созылады.
ТЖ кезінде залға адам жинап, семинар өткізуге тыйым салын­ған, сондықтан онлайн оқыту үдерісіне өту және жоспарлау түйткілін БҒМ мен педагогтар Kundelik.kz жүйесі, Skype, Telegram, WhatsApp арқылы талқы­лауға тырысып жатыр. Мұғалімдер өз сыныпта­рын­дағы балалардың ата-аналарында интернеттің, сондай-ақ бос ком­пьютер, ноутбук, планшет не­месе смартфонның бар-жоқтығы жайында мәлімет жинастыруда. Мұндай электронды құралдары жоқ отбасыларға, әсіресе баласы көп немесе жалғызбасты ана­ларға БҒМ мектеп компьютер­лерін уақытша таратып бермек. Ал интернет жоқ ауылдарда мек­теп есігін қайта ашуы мүмкін.
– Бір отбасында бірнеше оқушы болған жағдайда 1 ком­пьютер мен 1 смартфонды пай­далану ыңғайсыз болуы мүмкін. Кейбіреулерде интернет байла­нысы да жоқ. Президент қашық­тан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараны қабыл­дауды тапсырды. Бұл мәселе ерек­ше бақылауда. Әкімдік­термен бірге мектептегі компью­терлерді оқушылар мен мұға­лімдерге уа­қытша пайдалануға беру, тіпті қажет болған жағдайда мек­теп­терге қосымша техника (план­шет­тер немесе компью­терлер) сатып алып, оларды да уақытша пайда­ла­нуға беру мә­селесін қа­рас­ты­рудамыз, – деді Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағам­бетов.
 

Елдос СЕНБАЙ