Қазір Алматыда карантин шараларын күшейту үшін 27 блок-бекет орнатылып, камералар қойылған. «Біз барлық бекетте мегаполиске кіріп-шыққан адамдарды қадағалаймыз. Одан бөлек, қаланың ішінде де «Сергек» жүйесін қолданамыз. Бұл бейнежазбалар бізге сотта адамның карантиндік режимді бұзғанын дәлелдеу үшін қажет», – деді Қанат Таймерденов.Айта кетейік, Covid-19 пандемиясының таралуын шектеу үшін еліміздің бірнеше қаласында жүріп-тұруға шектеу енгізілген. Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантиндік талап 19 наурыздан қабылданды. Алайда республикадағы алып шаһар Алматыда тұрғындар карантиндік талап тәртібін жаппай орындап отырған жоқ. Қала көшелерінде полицияның тосқауылын тыңдамай әр жерден автокөлікпен және жаяу арлы-берлі жүрген азаматтардың әрекеті әлеуметтік желі арқылы тарап жатыр. Осыған орай, тәртіп сақшылары қатаң шараларды күшейтуде.
«Планшеттерге қандай автокөлік түрі өткенін – жеңіл көлік пе әлде жүк көлігі ме, барлығын түсіріп отырамыз», – деді ПД бастығы Қ.Таймерденов.Сондай-ақ көшеде және аулада үлкендердің қарауынсыз өз бетінше ойнап жүрген балалардың ата-анасына айыппұл салынады. «Мұндай жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 476-бабы бойынша олардың ата-анасы немесе қамқоршылары жауапқа тартылады» деп түсіндірді ПД бастығы. Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің 30 наурыз күні таратқан мәліметіне сәйкес қала аумағында коронавирус инфекциясының 24 ошағы белгіленген.
Дастан ДУМАН