Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен бастау алған #BizBirgemiz республикалық акциясы жалғасып жатыр. Коронавирус індетіне қарсы күресті күшейту, көмекке мұқтаж тұрғындарды қолдау мақсатында қолға алынған акцияға жанашыр азаматтар да атсалысып жатыр. Түркістан облысының кәсіпкері, «Ордабасы құс» ЖШС-нің директоры, бастауыш партия ұйымының төрағасы Мұрат Тағаев акцияға айрықша үлес қосып, 2 800 келі күркетауық етін таратуға демеушілік көрсетті.
– Мемлекет тарапынан қауіпті індетті таратпау, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен мұндай кезеңде әрбір азамат қолдан келгенше елге көмектесуі керек деп есептеймін.
Біз бұл қиындықты бірлік пен тәртіп арқылы жеңеміз, – дейді Мұрат Тағаев.
Іскер азамат күркетауық етінен әзірленген шұжық және өзге де өнімдерді партиялық жобалар аясында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға тарату үшін #BizBirgemiz акциясының үйлестірушілеріне ұсынды. Жалпы, өнімнің құны – 2 млн теңге. Партия өкілдері мен волонтерлер, жасотандықтар бұл етті аудан, қалаларда тізімге енген отбасыларға апарып береді.
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бадам ауылында орналасқан «Ордабасы құс» ЖШС бүгінде Қазақстанның бірнеше өңірін құс етімен қамтып отыр. Өнім көлемі де ұлғайып келеді. Осы кәсіпорынды басқаратын Мұрат Тағаев бұған дейін де қайырымдылық акцияларына үлес қосып, демеушілігімен танылған. Меценат, Nur Otan партиясының мүшесі Мұрат Тағаевқа тұрғындардың да айтар алғысы мол.