29 сәуірден бастап Қазақстан халықаралық рейстерді тоқтатты. Шетелге туристік мақсатпен кеткендер, жұмыс іздеп барғандар мен шетелде білім алуға аттанғандардың басым бөлігі Отанына оралды. Бір ғана Air Astana әуе компаниясы наурыз айының 1-нен бастап шетелден 40 мың жолаушыны елге жеткізді. Енді 14-сәуірге дейін, яғни төтенше жағдай аяқталғанша шетелде қалған отандастарымыз елге келе алмайды. Әуе жолы тарс жабылды. Айта кетейік, 22 наурыздан 14 сәуірге дейін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин мен елдегі төтенше жағдайға байланысты рейстердің 95 пайызы тоқтатылған болатын. Енді халықаралық репатриациялық рейстер де тоқтатылды. Елге келетіні келді, келгісі келмегені қалды.
435 мыңнан астам адам неге шығып кетті?
Жалпы, әлем жұрты коронавирусқа қатысты алаңдап, дабыл қаға бастағанда, Сыртқы істер министрлігі осы жылдың 27 ақпанында шетелге сапарға шығуға дайындалып жатқан азаматтарға коронавирус жұқтыру қаупі басым 1 санаттағы елдерге барудан бас тартуға, ал екінші санаттағы елдерге алған туристік жолдаманы кейінге шегеруге кеңес берген. Туристік компанияларға тұтынушыларына жағдайды түсіндіруге ұсыныс жасаған. Алайда құлақ асқан турист пен туроператор болмаған сыңайлы. Әйтпесе, ескерту жасалған 27 ақпаннан төтенше жағдай жарияланған 16 наурыз аралығында шетелге 435 мың қазақстандық шығып кетпес еді. «Ақпан айының соңында-ақ ұлттық әуетасымалдаушыларымыз көптеген елге ұшуды тоқтатты. Тіпті, мұның өзі азаматтарымызды тоқтата алмады. Туристік жолдамаға сұраныс азайған соң баға түсе бастады. Соны пайдаланып қалғысы келген отандастарымыз арзан жолдаманы сатып алып, көрші елдердің әуе компаниялары арқылы ұшып кеткен. Мысалы, 174 378 азаматымыз Ресей, 118 199 азаматымыз Қырғыз, 109 125 азамат Өзбекстан Республикасы арқылы кеткен», – дейді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров. Сол төрт жүз мыңнан астам адам Мысыр, Біріккен Араб Әмірлігі, Түркия, Таиланд, Мальдив аралдарына демалуға кеткен. Мексика, Доминикан Республикасы, Буркина-Фасо, Бразилия секілді экзотикалық елдерге табан тигізгендері де бар. Басқа-басқа, дәл осы 435 мың адамның әрекеті елдегі қарапайым халықтың ашуын туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары қауіпті біле тұра жолдама сатқан туристік компанияларды жауапқа тарту керек деп санайды. Себебі солардың салғырттығынан Қазақстан экономикасына орасан зор шығын келгенін айтады. Шетелқұмар туристерді шетелге жібермей, шекараны жауып тастауға болар еді деген де пікір айтылды. Алайда шекараны жабу үшін белгілі бір себеп болуы керек. Оның үстіне, ақпан айының соңына дейін коронавирус елімізде қарқын алмаған болатын. Жолын бөгесең конституциялық құқын алға тартатын туристер тағы бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты осы жылдың 11 наурызында ғана пандемия деп таныды. Президент шекараны жабу туралы тапсырманы халықаралық ұйымның осы мәлімдемесінен кейін ғана берді.Сақтандыруы жоқ студентке тегін көмек көрсетіледі
Сыртқы істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, Еуропа мен АҚШ-тағы қазақстандықтардың басым бөлігі сол елде өз еркімен қалыпты. Олар жол-жөнекей коронавирус жұқтырып алу қаупінен сақтану үшін сондай шешім қабылдаған. Солардың бірі – Польшада оқитын Жаһаншах Бәдел. «Біз елге қайту мәселесін ата-анамызбен талқыладық. Пікіріміз бір жерден шықты. Польшада қалдым, себебі елге қайтуға ұшақ шығарылғанымен, Варшаваға дейін өз күшімізбен жетуіміз керек. Мен оқитын Жешув қаласынан Варшаваға барар жолдағы Вроцлав, Лодзь, Катовице сияқты қалалар ауру жұқтырғандардың елдегі ошағы деуге болады. Оның үстіне, қазақстандық студенттердің көбі сол қалаларда оқиды, олар Варшаваға ағылады, біз олармен бір көлікте, бір ұшақта боламыз, байланысқа түсеміз, одан да Жешувта жатқанымыз дұрыс деп шештік. Университетте сабақ онлайн режимде жалғасып жатыр. Оқу бағдарламасынан қалып қойғымыз келмеді», – дейді. Оның айтуынша, Жешув қаласында коронавирусқа қарсы тәртіп жақсы сақталады. Автобус салонында адам толтыруға тыйым салынған, сыртқа бір үйден екі адамнан артық шығуға болмайды. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана ашық, кезек қашықтығы сақталады, студенттердің басым бөлігінде сақтандыру бар, сақтандыруы жоқ студенттерге дәрігерлік көмек тегін көрсетіледі. Түйін:Коронавирус қай салада да тәртіп орнатуға ықпал етіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, бұдан кейін шетелге сапарламас бұрын әр азамат ең әуелі жеке бас қауіпсіздігін ойлайтын болады. Құзырлы орындарға құлақ асуды үйренеді.
Министрлік ескертуіне құлақ аспай, шетелге кетіп қалғандарды елге әкелудің қажеті жоқ еді дегендерге айтарымыз, кез келген мемлекет шетелдегі азаматының басына іс түскенде қорғауға, қолдауға, қамқор болуға міндетті. Мемлекет осы тұрғыдан әрекет етті.