Қос елдің азаматы кім?
Қос елдің азаматы кім?
614
оқылды
Елімізде қос мемлекеттің азаматы ретінде тіркелгендерге қарсы нақты шара қолдану енді басталды. Өйткені Қазақстанда 15 мыңдай адам қазақстандық болумен қатар, басқа республиканың тұлғасы ретінде тіркеуде тұрғаны анықталған. Бұл 2018 жылғы дерек. Дегенмен құқық қорғаушылар екі жыл өткенде ғана іске кіріскен сияқты. Неге?  

Ештен кеш жақсы дейміз бе?

Екі елде азамат болып тіркелген, яғни қос мемлекетте де емін-еркін жүріп, зейнетақысы ғана емес, әлеуметтік көмегін алып келе жатқан 15 мыңдай адамның көбісі келмеске кеткен Кеңес Одағы құрамында болған республика­лардың «қосмекенділері». Енді оларға да тықыр таянды. Өйткені депутаттар «республикамызда қосазаматтыққа шектеу енгізілгеніне ширек ғасырдан асқанымен, өзге елдің азаматы атанғанын жасыру оқиғалары жаппай белең алды» деп екі жыл бұрын дабыл қаққан болатын. Құқық қорғау орындары кеш болса да іске кіріскен сияқты. Ресми орын­дардың мәліметі бойынша, бүгінгі күнге дейін 14 елмен арада қос азаматтықпен және заңсыз көші-қонмен күреске серпін беретін осындай келісім әзір­ленген. Оның ішінде Қырғыз Рес­публикасы, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь бар. Осы жылы қатарға Армения да қосылады деп жоспарлануда. Тағы 8 келісімді тиісті се­ріктес ел қарап, ішкі келісу рәсімдерінен өткі­зіп жатқаны белгілі болды. Көші-қон жа­йындағы құжат Ресеймен де жасалатын бола­ды. «Қос азаматтық фактілері жиі кездеседі. Көршінің не алыс шетелдің аза­маттығын алған қазақстандықтар онысын қа­сақана жасырады. Олар Қазақстан төлқұжатын шекараны кесіп өтуде, халықаралық тасымалда қолданады. Сонымен қатар осы арқылы Қа­зақстаннан зейнетақы, әлеуметтік төлемдер алады, басқа да жеңілдіктерді пайдаланады. Статистикаға тоқталсақ, 2019 жылы 15,5 мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығынан айырылды. Оның көбі – ресейліктер. Өзбекстан азаматтары да жетерлік. Бұл ретте 500 адам өзге ел аза­мат­тығын қабылдағанына қарамастан, мемле­ке­тіміздің төлқұжатын пайдаланып кел­ген. Олар жауапкершілікке тартылды және елден аласталды», – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Мәжілісте өткен палатаның жалпы отырысында. Сонымен қатар заңдағы осалдықты пай­даланған 15 260 адам анықталып, олардың 550-і қылмыстық жауапқа тартылса, 102 азамат елден шығарылып, қалғандары айыппұл төлеген. Дегенмен «ештен кеш жақсы» деп өзімізді алдаумен шектелеміз бе, қалай?  

Қос мемлекеттікті аңсағандар

Әлемдік аренада бір мезгілде екі немесе бір­неше елдің азаматтығын алғандарды би­патрид деп атайды екен және оның екі түрі бар. Біріншісі – заңды бипатридтік. Кейбір елдерде қосазаматтық заңды деп танылады. Мәселен, Аргентина, Бразилия, Барбадос, Канада, Перу, Колумбия, Ямайка, Уругвай, Мексика, Пә­кістан, АҚШ, Германия, Латвия мемлекеттері қос азаматтықты заңдастырған. Бұл елдің кез келген адамы бір мезетте екі немесе одан да көп мемлекеттің азаматы атануға толық құқы­лы. Екіншісі – заңсыз бипатридтік. Біздің елі­мізде заң жүзінде бипатридтікке тыйым са­лынған. Дегенмен қос мемлекет азаматтығын алуға рұқсат берген мемлекеттерде арнайы нормалар бар. Ол үшін бір елде тұрып, екінші мемлекеттің азаматы болған адам бюджетке салық төлеп тұру керек. Ол дегеніңіз қыруар қаржы. Біздің елде де қос азаматтықты көк­се­гендер болды. Бірақ олар өз қалтасының қа­мын ғана ойлағандар еді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы әділет органдарының кей­бір өкілдері тек солтүстік аймақтың тұрғындары үшін қос азаматтықты заңдастыру керек деп атойлады. Ұсыныс қабылданбады. Кейін Ресей ғылым академиясына қарасты Еуропа инсти­тутының кеңесшісі, Париждегі Parlink Consul­ting компаниясының басқарушы серіктесі, экономист Берлин Иришев: «Қазақстан­дық­тарға қос азаматтық алуға рұқсат беру керек» деп жаны аши қалды. Ол жаһанданумен бірге еліміздің ұлттық шекарасы кеңейіп, қазақ­стандықтар шетелде жұмыс істей бастағанын алға тартып: «Бір елдің азаматтығын қабыл­да­ғанда біз автоматты түрде Отанымыздағы аза­маттығымыздан айырыламыз. Отанымыз­дың азаматтығын жоғалту үлкен мәселе ту­дырып, Қазақстанға және жақындарына бауыр басып қалған жерлестеріміздің болашағына кері әсерін тигізеді. Шетелге кетіп жатқан қазақ­стан­дықтардың қарасы көбейгенін ескерсек, екіжақты азаматтықтың ма­ңы­зы арта түседі. Қазақстан азаматтығы мен жеке төлқұ­жатынан айырылғандығына қара­мастан, пат­риот болып қалатын азаматтарынан айы­рыл­мауы қажет» деп өзінше долбарын да айтқан болатын. Бұл ұсынысты қолдаушылар да шық­ты. Дегенмен Қазақстанда екі елді ему деген ұғым жоқ екені айтылып, сөз жүзінде қалды.  

Министрлер ай қараған ба?

Сонда депутаттар дүрлікпесе екі елді бірге «сорып» жүргендер тайраңдап жүре берер ме еді? Еліміздің Конституциялық кеңесінің 2003 жылғы желтоқсандағы «Қазақстан Респуб­ли­касы Конституциясының 10 және 12-баптарын ресми түсіндіру туралы» қаулысына сәйкес, егер Қазақстан Республикасының азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын алатын болса, онда сол сәттен бастап оның Қазақстан Рес­пуб­ли­касының азаматтығы сақталмайды. Егер әлгі адам­ның басқа мемлекеттің азаматтығын алған­дығы анықталса, онда ол «Қазақстан Респуб­ликасының азаматтығы туралы» заң­ның 21-ба­бына сәйкес, Қазақстан Республи­ка­сының азаматтығынан айырылады. Міне, сол жылдан бері он жеті жылдай уақыт өткен екен. Сол уақыттан бері Ішкі істер министр­лігінде бес министр орын ауыстырды. Сонда осы лауазымда отырғандар «ай қарады ма?» дерсің. Заң неге орындалмаған? Депутаттардың дүрлігуін, Мем­лекет басшысының бұйрығын күтіп отырған ба дерсің. Әлі қанша адам қос мемлекетті тел еміп келеді? Басқа мемлекетке көшкендер бірден автоматты түрде азамат­тықтан айырылуы керек емес пе? Сұрақ көп, жауап болса.   Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ