Бухгалтерия
Интернетте есеп-қисап жасауға үйрететін курстар, бағдарламалар бұрыннан да аз емес еді. Бухгалтерияның қыр-сырын меңгеріп алуға ұмтылғандар болса YouTube-тен де, өзге ресурстардан да бұл кәсіптің қыр-сырын үйренуге болатын видеоларды, бағдарламаларды тауып алуға болады. Қазақстан жағдайында мұндай курстардың тиімді болары сөзсіз. Әрине, түрлі платформада аталған курстардан өткеніңіз жайлы куәлік бермеуі мүмкін. Жалғыз кедергі сол ғана. Бірақ іздеген адам ақылы онлайн курстарға тіркелу арқылы біліктілігін дәлелдейтін куәлік немесе диплом алуына да жол ашық.Дизайн
Карантиннің жариялануы дизайнның қыр-сырын меңгеруге де қосымша мүмкіндік ашып отыр. Дизайн мен иллюстрацияның қыр-сырын үйрететін түрлі сайттар да, курстар да мол. Интерьерді безендірудің де, киім үлгілерін жасаудың да, веб-дизайн жасаудың да әліппесімен онлайн танысуға болады. Ағылшын тілін білетін адамдардың осындай тәсіл арқылы біліктілігін арттырып алуына орасан зор мүмкіндік барМаркетинг және менеджмент
Онлайн курстар негізінде маркетингтің де, менеджменттің де, сарапшының да дағдыларын үйреніп, жақсы білім алуға болады. Бірқатар интернет ресурс мұндай кәсіпті біраздан бері үйретіп келеді. Айталық, netology.ru платформасында осы айтылғандардың барлығын оқуға болады. Ақысын төлеген жағдайда SEO-оптимизация тәрізді күрделі кәсіпті де меңгерудің мүмкіндігі бар. Әрине, отандастарымыздың көбі онлайн білімді орыс тілінде алатынын ескерсек, біз амал жоқ, орыстілді ресурстарды қолдануға мәжбүр боламыз. Әйтпесе, ағылшын тіліндегі курстар тіптен көп.Қарапайым комьютерлік бағдарламалар
Әдетте, көбіміз компьютерлік бағдарламалардан хабардар болғанымызбен іс жүзінде бірқатарының санаулы ғана функцияларын меңгергеніміз жасырын емес. Әдеттегі Word бағдарламасының да түрлі ерекшелігі мен мүмкіндігі бар. Әсіресе, Exell-дің ерекшеліктерін, оның күнделікті өмірде өте қажет екенін ескере бермейміз. Ал қазір онлайн арқылы мұндай бағдарламаларды меңгеріп алуға болады. Оларды үйрететін контент интернетте бұрыннан да аз емес еді, қазір тіптен көбейді. Оның үстіне, Microsoft академиясы компьютерлік сауаттылық пен бағдарламалау негіздерінің тегін курстарын өткізіп келе жатқанына да біраз болды. Бұл өз кезегінде компьютерлік сауаттылықты арттыруға септігін тигізетін дүние.Тіл курстары
Айтпақшы, карантин кезінде тіл үйренуге де болады. Онлайн тіл курстары арқылы ағылшын тілінен бастап жаһанның кез келген тілін үйренуге мүмкіндік ашылады. Алайда көш басында ағылшын тілі тұр. Тіл курстарының тегін де, ақылы да түрлері бар. Көп жағдайда ақылы курстардың тиімді әрі толыққанды болатынын ескерсек, азды-көпті қаржысын төлеп аталған курстарды оқыған дұрыс. Өйткені тегін курстарды оқу кезінде біздің жалқауланып кететініміз бар. Мәселен, LinguaTrip өз курстарына жеңілдіктер ұсына бастады. Айтпақшы, Facebook-та қазақ тілін насихаттап жүрген Владислав Тен онлайн негізде қазақ тілін үйретіп жатыр. Ол онлайн чаттарда ағылшын және қазақ тілін үйренуге құлшыныс танытқандардың саны 3 мыңнан асқанын жазды. Біз атап өткен бағыттар карантин кезінде қарқынды дами бастаған онлайн курстардың санаулы ғана бағыты. Әйтпесе, ақпараттық технологиялардан бастап жасанды зейінге дейінгі түрлі кәсіпті онлайн үйренуге мүмкіндік жасап жатқан құрылымдар бар. Ірі компаниялар бұл бағытта кәдімгідей кешенді шаралар қолға ала бастады. Одан бөлек, интернет платформалар да белсенді әрекет жасай бастады. Мәселен, азаматтар көбіне жұмыс іздеп, өз кәсібін таныту үшін тіркелетін LinkedIn желісінде ақысын төлеген адам онлайн курстарға қатыса алады. Мұнда қандай да бір кәсіптің бастапқы негіздерін үйретуден бастап, саланы жақсы меңгерген білікті маман болып шығуға дейін мүмкіндіктер бар. Бүгінде Udemy, Skillshare, Coursera, FutureLearn тәрізді платформалар онлайн білім берудің көшін бастап келе жатыр. Әрі олардың табысы да арта түскені байқалады. Мәселен, Coursera 2018 жылы 140 млн доллар пайда тапқан. Биыл олардың табысы еселеп өсуі мүмкін. Әрине, Қазақстанда онлайн білім берудің әзірге нақты қанша табыс тапқаны белгісіз. Дегенмен бұл кәсіпкерліктің жаңа бағыты болып қалыптасып келе жатқаны анық. Әкім ТҰРСҰН, кәсіпкер, Qmed инновациялық медицина палатасының президенті:– Пандемия біткен соң аса ауыр дағдарыс келе жатқан сияқты. Сол кезде адамдар қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беретін дағдыларды меңгергені дұрыс. Бағдарлама жасау, онлайн сауда, тауарлар мен өнімдерді жеткізу, қызмет көрсету тәрізді бағыттарға бейімделіп, аталған кәсіпкерді үйрететін курстарды оқығаны дұрыс. Тағы бір бағытымыз өндірілген затты тұтынушыға жеткізіп беру өзекті болады. Бұдан былай адамдар азық-түлікті де үйге дейін жеткізіп беруді қалайтын болады. Демек, бізге мұны да меңгеру керек. Сонымен қатар цифрлы сауаттылық, цифрлы тазалық тәрізді бағыттарды да үйренуіміз қажет. Өйткені қиын-қыстау күндерде алаяқтардың қатары көбейіп кетеді. Біз оларға алданып қалмауды үйренгеніміз дұрыс. Азаматтар ІТ маманы болмаса да, оның белгілі бір қырларын меңгергені керек. Бұл COVID-19 пандемиясы аяқталған соң өзгеретін қоғамда өзгелерге жем болып қалмау үшін қажет. Жалпы, пандемия біткен соң қоғамда үлкен өзгеріс болуы мүмкін. Дәстүрлі ұғымдар мен түсініктер қалып, жаңа таным қалыптасуы ғажап емес. Онлайн білім беру тіптен күшейеді. Сондай сәтте бәсекеге шыдап беру қажет. Сондықтан жаңа талаптарға бейімделуді қазірден бастағанымыз жөн шығар.
Ардақ СҰЛТАН