Батыс Қа­зақстан облысының төрт ауылы құм астында қалуы мүмкін
Батыс Қа­зақстан облысының төрт ауылы құм астында қалуы мүмкін
545
оқылды
Еліміздегі кей аудан, ауыл­дардың күрмеулі мәселесіне айналып отырған – құм көш­кіні. Ауыл тұрғындары төрт түлік арқылы нәпақасын тауып отырғанын ескерсек, ай­мақтағы аз ғана өрістің өзін құм шиырлап тастап отыр. Шаңы шығып, тақырланып, жер­дің беткі қабатының бо­сауынан құмның қаупі бастау алып жатыр. Арал ауданы мен Маңғыстаудың Бейнеуі, Атырау өңірінде бұл қауіппен күрес бұрын да жүр­ген. Ал енді биыл Батыс Қа­зақстан облысының Қаратөбе ау­данының төрт ауылы құм астында қалудың алдында тұр. Ауылдағы тұрғындардың ша­ғымы қандай, оларды басқа өңірге көшірген жөн бе?    

Ауылдардың әлегі

Басқасын былай қойғанда, құм көшкіні күнделікті тұрмыс-тіршіліктің де берекесін алған. Шаң-тозаң мен бораған құмнан көз ашпай отырған елдің қазіргі бейнеті де, машақаты да – сол. Құмның тосын мінезімен Маң­ғыстау, Атырау, Қызылорда және Алматы облысының кейбір құмдауыт аймақтары әр жыл сайын күреседі. Атырау облысына қарасты Исатай ауылы қаладан 200 шақырымдай қашықта орналасқан. Елді мекенде 300-дей үй бар, 1 500-ге жуық адам тұрады. Нарын құмының зардабын әр жыл сайын тартатын ауылдың құм көшкен сайын электр бағандары мен газ құбырларына дейін құм құрсауында қалады екен. Бұл ауылда әр төтенше жағдай кезінде үйлердің айналасын құмнан тазарту жұмыстары жүргізілсе де, мәселе шешімін табар емес. Әйтпесе, 2015 жылы жергілікті атқарушы органның төтенше резервінен 3 млн 200 мың теңгеге жуық қа­ражат қаралған. 2014-2016 жылға арналған жоспар бойынша ауыл маңына сексеуіл егуге 38 млн 350 мың теңге бөлінген екен. Маң­ғыстау облысындағы Сенек, Шебір, Үштаған, Тұщықұдық сияқты ауылдар да құм көшкінінен зардап шегіп отырған ауылдар қа­тарында. Бұл аймақтағы құмның биіктігі 20 метрге дейін жетеді. 2018 жылғы құм көшкінінің алдын алу шаралары өз жемісін беріп, 4 800 гектарға жуық аумақ қоршалған, 3 млн-нан астам ағаш, бұта отырғызылған екен. Бірақ бұл шаралар да құмға тосқауыл  қоюда қауқарсыз болып тұр. Ендігі қауіптің кезегі БҚО, Қаратөбе ауданының Саралжын, Егіндікөл, Қоскөл, сондай-ақ Ақтайсай, Жусандыой елді мекен­деріне келді. Тұрғындар базы­насын тыңдай келе, қауіптің ал­дын алу шарасы осы аймақтарда орын­далмай отырғанын аңғардық. – Құмның ауыл іргесіне жыл­жып келуі бұдан ондаған жыл­ бұрын байқалған табиғат құ­былысы, бірақ дер кезінде беті қай­тарылмады. Саралжын елді меке­ніндегі көп үй құм астында қа­латын сыңайлы. Өрістің тап­шылығы тағы бар. Енді не болары белгісіз, – дейді ауыл тұрғындары.    width= Саралжын ауылдық округінің әкімі Жасұлан Ермеғалиевке хабарласқанымызда, мұндай мәселе барын жасырмады. Табиғи құбылыспен күресте көмекке қол жеткізе алмай отырғанын ай­тады әкім. Ауыл әкімінің сөзінше, биылғы Волонтер жы­лына орай ауыл тұрғындарын іске тар­тып, қауіптің алдын тосар ниет­те екен. Ауызсудың өзін 50 шақы­рым қашықтағы аудан ор­та­лығынан тасып жүрген тұрғындар үшін бұл да бір күйбең болмақ.  

Мәселенің шешімі не?

Сексеуілдің қасиетін қазақ ежел­ден білген. Әсіресе, құм көш­кіні қатері төнген аймақтар үшін оның пайдасы ұшан-теңіз. Күн сайын көшкіннен қауіп төніп, елеңдеп отырған елдің айтуынша, сексеуілдің ең басты қасиеті – құмға тосқауыл бола алуы. Яғни, құм құрсауындағы ауылдарды табиғи апаттан қорғаудың бір жолы – ауыл маңына сексеуіл егу. Бұл сөзімізге дәлел ретінде ай­тар болсақ, уақытында Аралдан Ырғызға дейін созылып жатқан Кішіқұмға жүздеген гектар жерді айналдыра сексеуіл егілген. Кейіннен ауыл айналасы сек­сеуілдің нуына айналған. Сол сек­сеуіл түгі қалмай қырқылған соң көшпе құм үйлерді көме бас­таған. Экологтар бір түп сексеуілдің 4 тоннаға дейін құмды тоқтата алатынын айтып отыр. Бұл шара бір емес, бірнеше рет қолданылған екен. Бірақ көмір немесе басқа отынның жетіспеушілігінен немесе қымбаттауынан, алыс елді мекендердің газбен қам­тамасыз етілмеуінен жұрт сек­сеуілді шетінен отап, отынға пай­даланған. Бұрын ауыл іргесінде өскен сексеуіл бүгінде күнде елу, алпыс шақырым қашықта ғана кездеседі. Жеке бас пайдасын ойлағандар сексеуілді қалаға тасып, сатумен әлек. Сексеуілді кесуге, отауға елімізде заңмен тыйым салынған. 2013 жылдан 2018 жылға дейін сексеуілді отауға мораторий де жарияланды. Бұл мәселе Парламент отырысында бір емес, бірнеше рет айтылған болатын. Әйтсе де, сексеуіл отау әлі күнге дейін толастар емес. Экологтар құм көшкіні қаупі бар аймақтарды сейсмикалық қауіпті аймақтардың қатарына қосу керегін айтып жүр. Мысалы, Африканың құмды аймақтарының тұрғындарына бұл үшін қосымша ақы төленеді екен. Мәселенің шешімі нақты шара қолданып, құм көшкінімен күресіп, оны тоқтату немесе ауылдарды бас­қа жаққа көшіру десек, ата-бабасы­ның қонысы болған мекенді тастап үдере көшу ауыл халқы үшін оңай болмасы анық.   Түйін:

Көшпе құмнан қашып ауыл тұрғындарын өзге жерге көшіруге жергілікті билік орындарының құлқы бола қоймас. Дегенмен жа­сыл желек отырғызуға бөлініп жатқан қаржыға ауыл адамдарын көшіруге болар еді деп те тол­ға­насыз. Біздің ойымызша, осындай ауыл-аймақтардың жерін орман шаруашылығы иелігіне беруге бо­лады. Себебі осы саланың маман­дары жерге, орман-тоғайға қандай күтім қажет екенін жақсы біледі. Не болса да, ауылдарды құмнан құтқару жұмысы бүгіннен басталуы тиіс.

 

 width=      Мадияр ТӨЛЕУ