Қазақтың кез келген баласы Мұқағалиды біледі, өлеңін жатқа айтады. Ол тым болмағанда, Мұқағалидың өлеңдерін ән мәтініне қосыла шырқайды. Қазір Мұқағалиды білмеу – Абайды білмегенмен бірдей намыс. Әр қазақтың жүрегінің төрінен осылай орын алған ұлы ақынның «құдіреті неде?» деген сұрақ туса, әрине, Алла берген дарынында, қабілетінде екенін ешкім жоққа шығармайды, соған қоса оның тағы ұлы қасиеті мен құдіреті тіл байлығында дер едім. Бұл – шындық.
1. НАРКІТАП немесе нар тұлғалар еңбегінің нәтижесі
Сол шындықты дәлелдейтін наркітап (фолиант) жақында жарық көрді. Ол «Мұқағали тілі сөздігі» деп аталады. Ендігі әңгіме осы наркітап туралы болмақ. Көлемі алпыс алты баспа табақтан астам (!) осындай алып кітаптың дүниеге келуіне атсалысқан авторлардың (Байынқол Қалиұлы, Жансейіт Қансейітұлы, Шерубай Құрманбайұлы, Сәбира Сағынбекқызы) кәсіби білігі де, білімі де, мамандыққа сай машығы да жеткілікті болған. Әрқайсысы да – өзінің ғылыми бағытының «жілігін шағып, майын ішкен» құзыретті мамандар. Демек, «Мұқағали тілі сөздігінің» сауатты түзілуіне, жүйеленуіне, құрастырылуына, саралануына, салалануына, салғастырылуына, жазылуына еш күмән тудырмайтын көрнекті ғалымдар тобы еңбек еткен. Осы топ Мұқағали шығармаларында қолданылған он үш мың үш жүз қырық сегіз сөз (!) бен бес мың отыз бес тұрақты тіркесті түгендеп шыққан. Мұндай ересен еңбекқорлықты, үлкен жауапкершілікті талап ететін ерен еңбекті аяғына дейін еш дабыра-даңғазасыз, жарнама-жарламасыз атқарып шығу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ғылыми-танымдық маңызы да, азаматтық-патриоттық мәні де зор игілікті іс. Оны тек азаматтық ұстанымы айқын, ғылыми мұраты биік, ұлттық мүдделері ортақ, ары таза, жаны адал нағыз патриот ғалымдар ғана атқарып шығады. Біз сол атқарылған істің нәтижесіне куә болып отырмыз.2.КІТАПТЫҢ ШЫҚҚАНЫНАН ШЫҒАДЫСЫ «ҚЫЗЫҚ» немесе оймақтай ойдан орасан нәтижеге жету азабы
Бір тақырыпты қолға алған ғалымның алдымен өзіне дейінгі отандық және шетелдік тәжірибелерге арқа сүйейтіні – ғылыми әдепке жатады. «Мұқағали тілі сөздігінің» авторлары да сол әдептен аттап кетпеген. Олар отанда да, әлемде де жарық көрген осы тақылеттес сөздіктерді, У.Шекспир тілінің сөздігін (1874 ж.), А.Пушкин тілінің сөздігін (1956 ж.), Абай тілінің сөздігін (1968) қарап шығып, бағытын біліп, өздеріне бағдар алған. Демек, жеке адам тілі сөздігін түзіп, шығаруда олар алғашқы емес. Әрине, соңғы да емес. Бірақ бұлардың сөздігінің бұрынғылардан мазмұндық-пішіндік жағынан өзгешелігі бар және оны дүниеге әкелу машақаты да басқаша болған. Әуелі әртүрлі басылымдарда жарияланған шығармалардың барлығын түгел сүзген. Сөйтіп, олар Мұқағалидың туындылары түгел қамтылған 5 томдықтың өзін бастан-аяқ өзге басылымдармен, басқа жарияланымдармен тағы бір қайта салыстырып, салғастырып көрген. Сонда 5 томдықтың алғашқы 3 томында Мұқағалидың 1 064 өлеңі және шетел ақындарынан тәржімелеген 81 аударма өлеңі, яғни барлығы 1 145 өлеңі барын анықтаған. Осыған енді 4-5-томдағы авторлар айқындаған бір дастанын, 13 поэмасын, А.Дантеден, И.Гревстен аударған 163 беттік өлеңдерін, 4 әңгімесін, 2 повесін, 1 пьесасын, 5 сын-мақала және хаттарын қосыңыз. Сонда Мұқағалидың хатқа түсіп, тасқа басылған 1 177 шығармасы барын түгендеп шығудың өзі қаншалықты машақатты жұмыс екенін біле беріңіз. Енді осы түгенделген шығармаларда «бар сөздің бәрі сөздікке алына ма, әлде белгілі бір сынталап болуы керек пе?» деген сұраққа жауап іздегенде, алдымен өзімізде 1968 жылы жарық көрген «Абай тілі сөздігі» тексерілген. Онда ақынның 170 өлеңі және 45 қара сөзі түгел қамтылған екен және мұнда нені алуға болады, соның бәрі назардан тыс қалмаған, кісі есімдері де, жер-су аттары да түзілген. Дәл осы бағытта жасауға да болар, бірақ көлемі жағынан Мұқағали шығармалары әлдеқайда көп, соның барлығы санға кіргенмен, санатқа алынбауы да мүмкін. Егер осылардың бәріне ғылыми сынтез жасалмаса, сөздік толыққанды дүние болып шықпайды. Ғылыми сынтезге келгенде, «сөздікке нені кіргізбеуге болады?» деген сұраққа жауап табу да оңай шаруа болмаған. Авторлардың сөздікті шығарғанға дейін атқарған жұмыстарының тағы бір соқталысы – ақынның әр жылдардағы жарияланымдарында кездесетін екіұдай сөздердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін анықтау дер едік. Мысалы, кейбір жинақтарда ақынның кей шумақтары екі жерде қайталанады. Жарыса қолданылған ондай шумақтар отыз рет кездеседі. Немесе әр жинақта әртүрлі жарияланған сөздер мен тіркестер және қате жазылып, мағыналық жағынан өлеңнің мазмұнына нұқсан келтіріп тұрған сөздер де ұшырасады. Сондықтан да сөздік авторларына Мұқағали шығармаларының жарияланымдарын белгілі бір деңгейде текстологиялық тексеруден өткізуге де тура келген. Сонымен бірге авторлар редакторлық көзбен де қарап, кейбір мағыналық сәйкессіздіктерді анықтаған. Мысалы, «Масақтан дән айырып, тұлып бастым» деген жолдағы «тұлып» сөзін алайық. Тұлып сөзі қазақ тілінде бірнеше мағынада қолданылады. Ол – қыста киетін тоннан да, ішіктен де қалың, үлкен жылы сырт киім. Сондай-ақ тұлып – өлген бұзаудың ішіне сабан тығып, томпитып қойған терісі. Енесі сауылар кезде иіскеп, июі үшін қолданылатын қуыршық. Және де тұлып – екі айлық қозы терісінен жасалған қапшық. Оған әйелдер ісмерлік бұйымдарын салып қояды. Көрдіңіз бе, бір ғана әріптің ауысуы қаншама мағынаның ашылмай қалуына себеп болған. Ал ақынның айтпақ болғаны тұлып емес, қырманда орылған астықтың масағынан дән айыру үшін атпен сүйретіп жүретін, жан-жағы қырланып, тіс шығарылған үлкен жұмыр да ауыр тас. Оны қазақ «тұлық» немесе «тұлықтас» дейді. Авторлар ақын қолданысын дәл тапқан да, сөздікке «тұлық» деп енгізген. Олар әр сөзді жеке теріп, жазып қана отырмаған, сөйлем мағынасына қарай қолданылуына да редакторлық түйсік деңгейімен де, ғылыми таным биігінен де аса ыждағаттықпен мән берген. Жарияланған шығармалардың мәтіндеріне түзеткерлік (корректорлық) дұрыстау жұмыстарын да жүргізген. Мысалы, жоқ (жөн), зер (зәр), кез (көз), қол (көл), қор (көр), лақ (дақ), тон (тоң), жанышқан (шанышқан), жердем (жәрдем), өлсірет (әлсірет), т.б. Сөздік шығарушылар басылымдарда кеткен мұндай ұсақ-түйек қателерді баспадан немесе басқадан мін іздеу үшін емес, сөздіктің сауатты шығуы үшін анықтаған. Мына мәселе – қызықты және назар аударуға тұрарлық шешім. Кейбір сөздерді Мұқағали қазақ тілінің дыбыс үндестігіне сәйкес айтымы бойынша, яғни халықтық сөз саптау әдеті бойынша саналы түрде шайды «шәй», жайылымды «жәйілім», жаннатты «жәннәт», уайымды «уәйім» деп қолданған. Ал бұл қолданыстар ресми бекітілген «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігіндегі» талаптарға сәйкес келмейді. Егер «өзі жоқтың көзі жоқ» деп, өлең жолдарындағы дыбыс үндестігіне, сөз ұйқастығына, мазмұн ағысына қарай жымдасып кеткен ондай сөздерді ресми бекіген талапқа сай өзгертіп жіберсеңіз, өлеңге нұқсан келеді. Оны ақын аруағы кешіре ме? «Мұқағали тілі сөздігінің» авторлары ақынның сөз саптау мәнерін сақтап, оны ақынның тіл қолдану ерекшелігі ретінде қабылдап, сол қалпы қолдану дұрыс деп шешеді. Мұқағали тілі сөздігін шығарарда авторлардың аса бір ыждағаттылықпен орындаған, ең қажетті де маңызды еңбегін айрықша атап өту керек: авторлар – ақын шығармаларында алдымен қанша сөз барын анықтаған. Одан соң қанша сөз тіркесі барын айқындаған. Бұдан кейін ол сөздер мен тіркестерді қандай мағыналарда қанша рет қолданылғанын санап шыққан. Ақыр соңында әлгі тілдік бірліктер Мұқағали туындыларында қанша рет қайталанатынын да тізіп шыққан. Мұндай ұлан-ғайыр жұмысты тиісті талапқа сай атқарып шығу үшін ақын шығармаларында бар әр сөзді, әрбір фразеологизмді жеке-жеке түгендеп, реттеп, жүйелеп, солардың әрқайсысына жеке-жеке кәртішке жасаған. Наркітаптың шыққанынан шығадысы осындай қисапсыз қиын істерден тұрғанын және ол қиындықтарды авторлардың үлкен жауапкершілікпен жеңіп шыққанын айтқан – ләзім.3. ШЫҚҚАН КІТАПТЫ ҰҚҚАН АДАМ ҒАНА БАҒАЛАЙДЫ немесе сөздіктің ерекшелігі неде?
Кітаптың алғашқы беттерінен-ақ сөздік шығарудың халықаралық талаптарына сай үйлескен академиялық білік пен білімнің әлеуетін аңғарасыз. «Алғы сөз», «Сөз басы», «Сөз арасы», «Сөз соңы» деген тақырыптардан наркітаптың мазмұндық болмысына бағыт аласыз. Осыларды зейін қоя оқып шықпасаңыз, сөздікте қолданылған ғылыми талаптарды, нормативтік қалыптарды, шартты белгілерді де толық түсіне алмай қалуыңыз кәдік. Оқып шыққаннан кейін әліпби бойынша басталған әр сөзді және оның мағынасын әрі ақын шығармаларындағы қолданысын тану арқылы бірте- бірте Мұқағали әлеміне ене бастайсыз. Мұқағали сөзі арқылы қазақ тілінің нәрінен сусындайсыз, байлығына кенелесіз. Кейбір сөздердің ақын қолданысында қазақыланып, қасаңдықтан арылып, ана тілінде бұрыннан бар сөзге айналып кеткенін де аңғарасыз. Мысалы, ағұс, әсфәлт, әнсәмбіл, зауыт, кіреміл, кереует, әпелсін, деректір, сәнтім, т.б. Немесе, сіз бұрын мән бермеген, мағынасына үңілмеген сөздерді де кездестіресіз. Мысалы, әурей, әтуер, дөңгей, делбетап, бізгек, бөдірет, болатнай, бейаруақ, башмақ, зәндемі, зәре, зәкір, жырғалаң, жың, жылым, жалман, жалқық, қайыл, қағанақ, күсін, күзек, кеусен, кебір, бетдүздік, мұзойнақ, миқы, мекер, мәңгу, маңыт, лақа, құлақшын, дүбін, ереңде, жаншақ, жыпқы, кеспет, мүре, мүсіре, сірді, т.б. Ақын ойды дәл де анық әрі көркем жеткізу үшін пайдаланған қазақ тілінде бар, бірақ ұмтыла бастаған мұндай сөздерді әлі де тізе беруге болады. Мысалы, Мұқағали шығармаларында «жан» деген сөзді сан мәрте қолданған. Әр қолданғанда мағына үстеп, түрлендіріп отырған. Сөздік авторлары ақын қолданысындағы «жан» сөзінің әр тіркесте қандай мағынаға ие болғанын ерінбей-жалықпай анықтаған. Ерінбей санап отырсақ, ақын қолданысында «жан» сөзімен тіркесіп, мағыналық өзгерістерге ұшыраған 93 тілдік бірлік бар екен. Дәл осы секілді «қара» сөзін Мұқағали 84 рет түрлендіріп қолданыпты. Сол сексен төрттің де ақын айтқысы келген мағынасын дәл тауып түсіндірме берген авторларға еңбекқорлығы үшін разы боласың. Осындай жанкештіліктің нәтижесінде Мұқағалидың тіл байлығы ол қолданған жеке сөздерден ғана емес, сол сөздердің қатысуымен жасалған фразеологиялық тұрақты тіркестердің санымен де, сонымен қатар тілдік бірліктердің тура және ауыспалы мағынасында қолданысымен де өлшенетінін дәлелдеп, ақын қолданған 13 348 сөз бен 5 035 тұрақты тіркеске осы сөздер мен тұрақты тіркестердің 21 453 мағыналық қолданысын қосып, Мұқағалидың тіл байлығы 39 836 тілдік бірлік болатынын анықтаған. Сөздік соңындағы кестелерден ақын қолданған сөз таптарының түрлену формаларын; тәуелдік, көптік, жіктік жалғаулардың қолданысын; сын есімнің шырайларын, етістіктің болымсыз формаларын, шақтарын, райларын, шылауларды, есімдіктерді қалай, қанша рет пайдаланғанын; атау сөздер мен тұрақты тіркестердің әріптер бойынша сандық көрсеткішін; жиі және сирек қолданылған сөздердің үлгілерін; танымал кісі аттарының, сондай-ақ ел, жер, су, қала аттарының сандық көрсеткішін; Мұқағали шығармаларының 5 томдық жинақтарында қате жазылған сөздердің қай томда, қай бетте екенін және ол сөздің дұрыс жазылуы үлгісін көресіз. Осынша мазмұны бай, ішкі-сыртқы пішіні үйлесімді, мағынасы да, мәні де зор сөздіктің дүниеге келуі – шын мәнінде қазақ тіл білімінің үлкен жетістігі. Бұл сөздік арқылы Мұқағали сынды қайталанбас тұлғаның тілін, тілі арқылы дүниетанымын түсінеміз, нәтижесінде ұлт тілінің байлығына, бай тілдің құнарына кенелеміз, қазақ деген халықтың ана тілінің шұрайлы да құнарлы бай тіл екеніне көз жеткіземіз. Бұл сөздік – мұқағалитану ғылымының зор табысы. Бұл сөздік, сонымен қатар ұрпақтан-ұрпаққа ұласар, ғасырдан-ғасырларға жалғасар ұлт мұрасы.Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты