Қызылорда қаласында коронавирус жұқтырған екінші адам тіркелді. Ол Оңтүстік Кореядан ұшып келген. Денсаулығына қатысты шағымы болғандықтан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.
Науқас 1 наурыз күні Сеул – Алматы транзитімен Оңтүстік Корея мемлекетінен ұшып келген екен. Коронавирус инфекциясы бойынша қолайсыз елден келуіне байланысты 14 күндік карантиндік стационарда бақылауда болып, кейін қанағаттанарлық жағдайда болған соң шығарылды. Бүгінде науқастың жағдайы тұрақты. Емі бекітілген хаттамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Науқас 1955 жылы туған. Бұдан соң облыстағы коронавирусты жұқтырған екінші жағдай – 1997 жылы туған Қызылорда қаласының «Ақмешіт» шағынаудан тұрғыны. Ол «Сенім» емханасының медбикесі болып жұмыс істейді. Медбике анықталған науқасқа ем-шара жасалып, бақылағандығын ескеру керек. Науқастың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық, ыстығы жоқ, тыныс алу жолдары қалыпты, жөтелмейді. Байланысқа түскен азаматтың туыстарын білу үшін санэпидемия маманы Әлия Әбдіқайымоваға жолығып сұраған едік.
Әлия Әбдіқайымова: «Иә, бүгінгі күні зертхана жолымен нақтыланғанына байланысты ошақта жұмыс жүргізіліп жатыр. Эпидемиолог мамандар осы уақытқа дейін отызға жуық адаммен қарым-қатынасын анықтады. Енді оларды іріктеп, оның қайсысы жақын қатынаста, ал қайсысы потенциалдық қатынаста екенін анықтап, әрі қарай жақын қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы карантиндік стационарларға жөнелтіледі. Ал потенциалдық қатынаста болған адамдар үй жағдайында 14 күнге медициналық бақылауға алынды. Сонымен қатар дерттің алдын алу мақсатында қорытынды залалсыздандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Қарым-қатынас ошағы анықталып, залалсыздандырып жатыр», – дейді. «Аймақта қанша адам карантиндік бақылауда жатыр?» деген сұрағымызға бүгінгі күнгі мәліметке сүйенсек, 111 адам карантинде медициналық бақылауда, оның ішінде 87-і үй жағдайында оқшауланса, 24-і стационарда карантинге, медициналық бақылауға алынған деген жауап берді. Ал облыс көлемінде жалпы инфекциялық қосымша төсек саны 190 болса, облыс орталығында қосымша төсек инфекциялық 60 орын, провизорлық стационарда 400 төсек-орындық, жаңа стационар ашылып отыр. Сонымен қатар барлық ауданда қосымша карантиндік стационарға 50 төсек-орын дайын. Облыста адамдар көп шоғырланатын сауда орындары, әуежай, теміржол вокзалдарында дезинфекция жүріп жатыр.
Миуа БАЙНАЗАР,
Қызылорда облысы