МӘМС – ең қолайлы тәсіл
МӘМС – ең қолайлы тәсіл
438
оқылды
Ел тұрғындары енді қымбат медициналық қызметтерді тегін ала алады. МӘМС арқылы МРТ, компьютерлік томография, стоматология сынды қымбат қызметтерге тегін қол жеткізуге мүмкіндік бар. Ол үшін мәртебеңізді анықтап, ортақ қорға жүйелі түрде ақша аудару керек. Статистикалық дерекке сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 2,6 миллион­нан астам адам еңбекке жарамсыздық парағын алады. Ал әр жұмыскер күн са­йын 12,6 мың теңгенің өнімін өндіре­ді. Демек, жұмыс берушілер жыл сайын 370 млрд теңгеге жуық шығын көреді. Тегін стоматологиялық қызмет кімге көрсетіледі? Аталған қызмет әлеуметтік әлжуаз топқа жататын тұлға үшін қол­жетімді. Сондай-ақ студенттер, балалар, зейнеткерлер, көпбалалы ана мен мүмкіндігі шектеулі жандар бюджет есе­бінен сақтандырылады. 10 миллионға жуық қазақстандық осы статусқа ие. Бұдан бөлек, 2 миллионнан астам аза­маттың статусы анықталмаған. МСҚ ұсынған мәлімет бойынша, жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шіл­десі мен 2019 жылдың 31 желтоқсан аралығында жұмыс берушілер мен жекеменшік кәсіпкерлерден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға түскен жарнаның жалпы сомасы 246,9 млрд теңгені құраған. Оның 237,7 млрд теңгесі (96,3%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 9,2 млрд теңге (3,7% жуығы) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі екен. Сондай-ақ жарна төлеу жөнінен Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қара­ғанды облысы көш бастап тұр. «Осынша қаржы қайда сақталады?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Жинақ­талған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Өйткені елдегі бас банкпен арнайы келісім бар. Келешекте МӘМС пакеті шеңберіндегі қызмет ақысын төлеу үшін банктегі сақтаулы қаржы жұмсалады.

МӘМС-тің тағы бір артықшылы­ғы – жылына бір рет тегін тексеруден өту. Қа­зақ онкология және радиология ғы­лыми-зерттеу институтының мәліметі бо­йынша, қазір онкологиялық диспан­серде 180 мыңнан астам адам тіркелген. Сәйкесінше қатерлі ісік ауруы әсерінен өлім көрсеткіші 100 мың адамға шақ­қан­да 14 060 жағдай. Яғни, мұның ал­дын алу үшін тұрақты әрі кешенді тексерістен өт­кен жөн. Өйткені қатерлі ісікті ерте са­тысынан анықтаған неғұр­лым пайдалы.

Осыған орай, МӘМС аясында жы­лы­­на бір рет әр сақтанушы тегін тексе­руден және кәсіби тексеруден өтуіне болады. Қазір елімізде ақысыз түрдегі скри­нингтің үш түрі бар: сүт безі қатерлі ісігі (40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер үшін), колоректальды қатерлі ісік (50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйел­дер үшін), жатыр мойны обыры (30 жас­­тан 70 жасқа дейін). Скринингті тір­­келген поликлиникада өткізуге болады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, қазақстан­дық­тардың 83 пайызы сақтандырылған. Мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру бойынша 600-ге жуық препарат тегін беріледі. Министрлікте, құзырлы органдарда мұндай дәрінің арнайы тізімі бар. Былтыр тегін дәрі-дәрмекке 100 млрд теңге бөлінсе, биыл бюджет 192 млрд теңгені қарастырып отыр. Демек, тегін дәрі-дәрмек тізімі жаңартылады. Осындайда көкейде «МӘМС енгі­зумен медициналық көмектің сапасы жақсара ма?» деген сұрақ туады. Мә­селен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы азаматтардың ме­дициналық қызмет үшін төлейтін шы­ғы­ны азаяды. Бастысы, сізде таңдау ер­кін­дігі бар. Клиника мен дәрігер таң­дауға құқылысыз. Сондай-ақ сақ­тан­ды­ру пакетіне жоғары технологиялы опе­рациялар да кіреді. Әрі ЭКО-ны бел­­гілі бір құрылым арқылы тегін жаса­туға болады. Өйткені ЭКО МӘМС бо­йынша ұсынылатын қызмет пакетіне кірді. Жоғарыдағы артықшылықтан бөлек, еліміздегі МӘМС жүйесін әлі де жетіл­діре түсу керек. Өйткені елде жыл бойы медициналық қызметке жүгінбей, қорға ақша аударатындар бар. Медициналық сақтандыру жалпыхалықтық ортақ қор екенін ескерсек, ақша қайтарылмайды. Қайтпек керек? Бұған шетел қандай амал қолданады? Мәселен, Германияда сақтандыруға ай сайын ақша төлеген азамат бір жыл ішінде медициналық қызметке жүгінбесе, жалпы соманың белгілі бөлігі қайтарылады. Сондай-ақ темекі шекпей, ай сайын жаттығу залына барғанға сақтандырудан ақша беріледі. Мұндай жеңілдіктің астарын­да ауырмауға, салауатты өмір салтын ұстауға деген мотивация жатыр.   Айбике ЖАНАСЫЛ