Маңғыстауда қозғалысқа шектеу қойылды
Маңғыстауда қозғалысқа шектеу қойылды
5,157
оқылды
Коронавирус инфекциясының алдын алу үшін Ақтау әуежайында барлық халықаралық әуе рейстері уақытша тоқтатылған еді. «Ақтау –Cтамбұл – Ақтау» бағыты бо­йынша соңғы рейстер 24, 26 нау­рыз күн­дері ұшқан болатын. Алайда соңғы түйенің жүгі ауыр болды. 27 наурыз күні таңда Cтамбұл –Ақтау бағы­тында ұшып келген 47 жастағы ер адамнан коро­навирус инфекциясы анық­талды. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының тұрғыны болып саналатын науқас 12 ақпаннан бері Түркияда болған. Жұмыс таба алмағандықтан ,елге қайтуды жөн көрген. Орал қаласына Ақтау арқылы жетпек болған транзит жолаушының ұшақта өзін жайсыз сезінуі және ОРВИ-дің белгілері болуына байланысты анализі алынып, бірден карантинге (арнайы боксқа) жатқызылды. Онымен бірге ұшып келген 74 адамның барлығы оқшауланып, карантинге алынды. Коронавирусты жұқтырған науқас Ақтау қаласының тұрғындарымен ешқандай қарым-қатынаста болған жоқ. Тек борт серіктерімен және ұшқыштармен байланыста болғаны белгілі. Науқаспен бірге бортта болған жолаушылар да бірден карантинге жатқызылып, сынама алынды. Ешбірінен вирус анықталмады. Қазіргі уақытта емделуші жалпы жағдайы қалыпты, температурасы тиісті деңгейде. Ол өзін жақсы сезінеді. Сондай-ақ 2020 жылдың 30 нау­рыздан бастап Маңғыстау халқының жүріп-тұруына шектеу енгізілді. Яғни, таңғы сағат 08.00-ден кешкі 19.00-ге дейін тұрғындардың өз пәтерлерінен шығуына шектеу қойылады (тек ерекше қажет болғанда ғана дүкен, дәріхана, қоқыс төгу және жұмысқа баруға рұқсат етіледі). Көршілер, туыстар, әріптестер және т.б. бір-біріне баруына тыйым салынады. Азаматтардың қоғамдық орындарға: теңіз жағалауына, саябақтар, алаңдар, балалар және спорт алаңқайлары және т.б. баруына шектеу қойылады. Кешкі сағат 19.00-ден таңғы 08.00-ге дейін аса қажет болмаса далаға шығуға болмайды (ауырған жағдайда, үйіңізде төтенше жағдай болған жағдайда, т.б.). Көшеге шыққанда өзіңізбен бірге міндетті түрде жеке куәлігіңіз болуы тиіс. Егер еш себепсіз көшеге шыққан жағдайда, құқық қорғаушылар әкімшілік шара (айыппұл) қолданады. Дүкен, супермаркет, базар, банкте кезекте адамдар 1 метр арақашықтықты сақтап тұруы тиіс. Аталған жерге барған кезде міндетті түрде бетперде кию керек. Төтенше жағдай кезінде той, садақаға және қонаққа баруға болмайды. Көлік қозғалысына да шек­теу енді. Таңғы сағат 08.00-ден кеш­кі 19.00-ге дейін ғана Ақтаудағы қоғам­дық көліктердің (автобус, газель) қозға­лысына рұқсат. Жеке көліктер мен жолаушылар таситын такси (егер жеңіл көлік болса) қозғалысына шектеу жоқ. Барлық бағыттағы қалааралық, ауданаралық қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Бұл шектеудің жеке көліктерге қатысы жоқ. 657/658 «Маңғыстау – Бейнеу» бағы­тындағы пойыздың жүруіне шектеу қойылды. Азық-түлік, дәрі-дәрмек және т.б. халыққа қажеттіні тасымалдайтын кез келген көліктің қозғалысына шектеу жоқ. Маңғыстау облысының аумағында жол жабылған жоқ.  

Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙ, Ақтау қаласы