Төтенше жағдай: Ақтөбеде үйлену тойын өткізгендер жазаланды
Төтенше жағдай: Ақтөбеде үйлену тойын өткізгендер жазаланды
© pixabay.com
156
оқылды
Елде төтенше жағдай жарияланғанына қарамастан Ақтөбеде үйлену тойын өткізгендер анықталды, - деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің өкілі Ерболат Сарқұлов. Оның айтуынша, облыс бойынша 74 ереже бұзушылық анықталған.
"Ереже бұзатындардың көбі түнгі 22.00-ден кейін жұмыс істеп жатқан кафе мен дүкендердің иесі. Оған қоса, олар маска тақпайды, адам көп жиналатын іс-шаралар ұйымдастырады. Тыйым салынғанына қарамастан үйлену тойын өткізгендер анықталды. Бұл Қарғалы ауылында болған. Мейрамхана иесіне 26 500 теңге айыппұл салынды", - деді Сарқұлов.
Полиция өкілі мұндай жағдайдың осымен екінші рет тіркелгенін айтады. Айта кетейік, ресми деректер бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны  336 адамға жетті. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 175 адам, Алматы қаласында – 82 адам, Қарағанды облысында - 13 адам, Ақмола облысында - 10 адам, Атырау облысы - 13 адам, Жамбыл облысында -3 адам, Шымкент қаласында - 2 адам, Шығыс Қазақстан облысында - 2 адам, Алматы облысында - 8 адам, Ақтөбе облысында - 3 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 2 адам, Павлодар облысында - 2 адам, Маңғыстау облысында - 1 адам, Қызылорда облысында - 18 адам, Батыс Қазақстан облысында - 2 адам, жалпы 336 науқас тіркелді.