Шығысқа да шектеу енгізіледі
Шығысқа да  шектеу енгізіледі
204
оқылды
Шығыс Қазақстанда 2 сәуірден бастап коронавируске байланысты шектеулер енгізіледі. Бұл жөнінде бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.  – Құрметті шығысқазақстан­дықтар! Халықтың денсаулығын сақтау және коронавирус инфек­циясының таралуын тежеу мақ­сатында Мемлекеттік комиссия­мен келісе отырып, Сіздердің ұсы­ныс, өтініштеріңіз бойынша, Өскемен мен Семей қалаларында 2020 жылғы 2 сәуірде, сағат 00.00-ден бастап қосымша шектеулер енгізіледі, — деді облыс әкімі. Аймақ басшысының айтуын­ша, шығу және кіру шектеледі, 15 бақылау-өткізу пункті қойы­лады. Сонымен қатар бірінші қа­жеттіліктегі тауарларды жеткізу үшін «жасыл дәліз» ашылған. Көлік қозғалысы күндіз шектеліп, түнде тоқтайды. Тек қызметтік көліктерге рұқсат берілмек. Бір апта ішінде қо­ғамдық көлік қатынасы қыс­қартылады. Кәсіпорындар өз қыз­меткерлерін жеке кесте бойынша жеткізетін болады. 6 сәуірден бас­тап жеке көлік қозғалысы шек­теледі. Сондай-ақ 6 сәуірден бастап Өс­кемен мен Семей аумағында тұр­ғындардың жүріс-қозғалысы тек рұқсат қағазы арқылы жүзеге асады. Бірінші түрі – қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым қызметкерлері, жұмыс істейтін азаматтарға арналған. Екінші түрі – әрбір отбасына беріледі. Ол арқылы аптасына 3 рет сауда нысандарына, дәріханаларға, банктер мен ме­дицина мекемелеріне баруға бо­лады. 2 сәуірден бастап азық-түлік бөлімдерінен басқа ірі сауда нысандарының қызметі тоқтайды. Мейрамханалар, дәмханалар, асханалар онлайн түрде тапсырыс алу, жеткізу режиміне өтеді. Қызмет көрсететін сұлулық салондары, массаж орталықтары, сауналар толық жабылады. — Айта кетейін, бұл қызмет түрлерін үйде көрсетуге қатаң тыйым салынады. Өскемен және Семейдегі жасы 70-тен асқан жерлестерімнен, І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардан үйден шықпауларын сұраймын. 1 сәуірден бастап азық-түлік, дәрі-дәрмекті үйлеріңізге жеткізетін боламыз. Ол үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің 19 түрі, гигиена құралының 10 түрі кіретін 4 жинақ жасалды. Жет­кізу аптасына бір рет тегін болады. Еліміздегі төтенше жағ­дайды ескере отырып, жақын арада Жеңіс күніне арналған бір­жолғы төлемдерді беруді бастай­мыз. Соғыс ардагерлеріне 600 мың теңгеден, марапатталған тыл ең­беккерлеріне 100 мың теңгеден, ал марапаты жоқ тыл еңбеккерлеріне 42,5 мың теңгеден береміз. Қоғам­дық тәртіпті сақтау шаралары кү­шейтілді. Өскемен – 200, Семей 202 шаршы аумаққа бөлінді. Күш құрылымдары үш ауысым бойынша іске кірісті. Коммуналдық және бай­ланыс қызметтері үздіксіз жұмыс атқаратын болады. Құр­метті жерлестер, тек ресми ақ­парат­қа сенуді сұраймын! Коро­навирус пандемиясына біз тек бірлік, жауапкершілік, өзара бірге әрекет етудің арқасында ғана қар­сы тұрамыз. Өзіңізді және жақын­дарыңызды қорғаңыз! — деді Даниал Ахметов.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы