Сөз тыңдай білу де өнер
Сөз тыңдай білу де өнер
917
оқылды
Әдеп – адам мінез-құл­қы­ның айнасы. Ол адам­ның мә­де­­ниеті мен тәрбиесінен де хабар береді. Мұның бәрі иба мен биязылыққа жата­ды. Ғылым тілінде әдеп «этикет» ре­тінде қабылданады. Бұл термин­нің тегі «этикадан» басталса да, өзіне тән ұғым-түсінігі де бар. Этикет – қоғамның сыртқы мәде­ние­­тінің құрамдас бөлігі, сол қо­ғам­ды қалыптастырушы мінез-құлық ережелерінің бүге-шүгесін танытатын өзіндік салт-санасы. Бірақ осы этикетті ұстана білу үрді­сінен әрбір жеке тұлғаның ішкі мәдениеті ақтарылып көрініп тұра­ды. Осы этикеттің, яғни әдептілік­тің адам өмірінде қамтымайтын саласы кемде-кем. Ол адам қа­рым-қатынасының барлық буы­ны­на жүреді. Әдеп кез келген адам­ның бір-бірімен күнделікті амандасып, бір-бірінің ахуалын сұраған сәтінен бастап, көшеде жүр­ген, қоғамдық көліктерге мін­ген, қоғамдық-көпшілік орын­дарда болған кезінің бәрінде менмұндалап шыға келеді. Сон­дайда әдеп әдібін дұрыс ұс­тай­­тын адамның бітімі бірден бай­қа­лады. Соның бірі – екі адамның бір-бірімен кездесіп, сөйлескен кезінде бірінің сөзін бірі тыңдай білуінен де айқын көрінеді. Мұны хакім Абай: «Бір жерде бірге жүр­сең басын қосып, Біріңнің бірің сөйле, сөзін тосып» деп, керемет айтып кеткен. Бұрын шынында да бәрі осылай болатын. Біз өс­кен ортада осы қағида қатты ұста­ла­тын. Ал қазір кейбір мекеме бас­қарып отырған адамның да алдында отырған қызметкерінің сөзін ақырына дейін тыңдай алмай, орта жолдан сөзін бөліп, араласып кете беретінін жиі көріп жүрміз. Бұл, әсіресе жас басшылар арасында жиі кездеседі. Тіпті, ешкімді сөйлетпейтін, тек өзі ғана бәрін айтып шығатын бастықтар да баршылық. Міне, мұның өзі сол кадрдың ішкі мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Мұны айтамыз-ау, бүгінде біреумен телефон арқылы сөй­лес­­кенде де ептеп именіп тұра­тын болдық. Себебі сен өзің хабарласқан телефонды алған адам­ның кейде бастама сен жағы­нан болып тұрғанына қарамастан, салған жерден өз мәселесін, өз жағдайын айтып, ұзақ-сонар әңгі­меге кетіп қалатын кездері бар. Бұдан бөлек, бірнеше адам қатысқан пікірталас кезінде сөзге қонақ бермей, жұртпен жағаласып отыратын оппоненттер кездеседі. Осының бәрі адамның бала жасынан алатын тәрбиесінің кемдігін білдіреді. Біз «Тәрбие – тал бесіктен» деп жатамыз. Бұл – рас. Балаға кішкентайынан тәлімді тәрбие берілген отбасынан кейін мұндай бейәдеп, бәдік адамдар шықпайды. Тәрбие отбасы мү­ше­­лерінің күнделікті түгел дас­тарқан басында бас қосып, әке­нің сөзі мен қабағына қарап отыруынан қалыптасады. Қазір біздің көптеген шаңырақтарда осы жағы жетісе бермейді. Бір үйдің адамдарының бір мезгілде дас­тарқанға жинала қалуы да сиреп барады. Бас қосқан кезінде де әрқайсысы бір-бір телефонды шұқылап отырып, тамақ ішетін отбасылар да ұшырасады. Әлбет­те, мұндай ортада қандай өнеге, тәрбие болсын. Ал әлеуметтік желілерде жас­тар­дың үлкен-кішілігіне, қоғам­дағы орнына, елге сіңірген қызметтеріне қарамай, бірінің бетінен бірі алып жатқан жамағат туралы айтып жатудың өзі қиын. Онда бәрі тең деген қағидамен ауыз­дарына келгенін айтып, кез кел­ген жанның жағасына жар­ма­сып жатқандарда есеп жоқ. Бұл жер нағыз баяғы «Вавилон мұнарасының» түбіне айналып бара жатқан сияқты. Әзірге «Бәрі­нің ақырын берсін» деп жүрміз. Иә, бүгінде бір адамның келесі адамның сөзін тосып, тыңдай білуі де қиындап кетті. Адамның адамды тыңдай білуінің өзіндік өнерге айналған заманы келді. Егер бұл бетімен кете берсе, Абай айтатын «бас-басына би бол­ған өңкей қиқымның» дәуірі дүріл­де­гелі тұр. Бүгін мұның алдын алмаса, ертең бәрі кеш болып қалуы ықтимал. Қазақтың ұлттық тәрбиеден алшақтап бара жатқаны осындайда көрінеді. Үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай алмасақ, біздің қазақ болғанымыз кімге керек? Бұл жағдаят бәрімізді де ойландыруы тиіс.   Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, сенатор