Теңізде атыраулықтар ғана қалады
Теңізде атыраулықтар ғана қалады
238
оқылды
Теңіз кен орнында вахта қалашы­ғында тек Атырау облысының тұрғындары жұмыс істей алады. Ке­ніш­те жұмыс іс­тейтін, Қа­зақ­стан­ның басқа өңір­лерінде тұ­ратын вахта қыз­меткерлері уа­қытша Теңіз­ге кіре ал­май­ды. Елдегі жағдай карантин талаптарын қатаң ұстанып, індеттің өңірге таралып кетпеуіне күш салуды талап етуде. Бүгінгі таңда Теңіз кен орнында індет жұқтыру фактісі тіркелмеген. «Теңізшевройлдың» өндірістік қуаты штаттық режимде жүзеге асы­рылып жатыр. Бүгінде ком­пания қызметкерлерді вахтаға кіргізу режиміне қосымша шектеу енгізді. Бұл туралы өңірлік ком­муникациялар қызметінде өт­кен онлайн-брифингте ТШО Үкі­метпен және қоғаммен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, Теңіз кен орнына Қазақстанның басқа өңір­лерінде тұратын вахта қыз­мет­керлері уақытша кіре алмай­ды. Яғни, тек атыраулық қыз­меткерлерге рұқсат берілген. Ал жергілікті вахта қызметкерлерінің өзі соңғы 14 күн бойы Атырау облысынан шықпаған болуы тиіс және ТШО көлігіне отырғызу кезінде дене қызуын өлшегеннен кейін ғана жұмысқа жіберіледі. ТШО компаниясының Үкі­метпен және қоғаммен бай­ланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтің айтуын­ша, қызметкерлердің 70 пайыз­ға жуығы, негізінен, кеңсе қызмет­керлері қашықтан жұмыс істеу тәртібіне немесе икемді жұмыс кестесіне көшкен. Оның ішінде жас ерекшелігі мен денсаулығына байланысты қатерлі топқа жата­тын жұмысшылар да бар. Олардың еңбекақысы толық сақталады. Брифингте ТШО компа­ниясының барлық нысанында жұ­мысшылардың дене қызуы өлшеніп, санитарлық-гигиеналық шаралар күшейтілгені айтылды. Теңіз кен орнында карантин үшін бүкіл медициналық жабдықтармен қамтылған 300 орын дайын тұр. – Жалақыға келсек, барлық вах­­та қызметкерлерімен, әсіресе өз қыз­меткерлерімізбен бұл тура­лы сөйлестік. Олардың вахтасы ұзар­­тылады, ақысы да соған сай бо­лады, – деп сендірді Р.Артығалиев. ТШО компаниясының мер­ді­гер ұйымдарының вахтасына кел­сек, онда еңбекақы ұжымдық және жеке келісімшартқа сай, Қа­зақстан Еңбек кодексі талаптары бойынша төленеді. Р.Артығалиев сонымен бірге, бұл компанияға бетпе-бет келген бірінші дағдарыс емес екенін атап өтті. Ондай жағдайлар үшін арнайы жоспар жасалған, сондықтан ТШО бүгінде жұмысшыларды қыс­қарту мәселесін қарастырып жат­қан жоқ. Алайда мұнай баға­сының төмендеуіне байланысты компания өз бюджетін оңтай­ландырады, дегенмен бұл жұмыс­шыларға әсер ете қоймайды. Оның айтуынша, мұнай тасымалдауда қиындық жоқ, өйткені ол құбыр арқылы жөнелтіледі.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы