Аты жаман індеттен сақтанудың дұрыс жолы бетперде кию, қолды жиі жуу және дезинфекция екені үнемі айтылуда. Бетперде кию мен қолды жиі жуу – тек өзіңе байланысты іс. Ал дезинфекциялау жаппай жүргізіліп жатқан қауіпсіздік шарасы. Алматыдағы 28 панфиловшылар атындағы саябақта көгершіндердің қырылу дерегі тұрғындардың «Бұл зарарсыздандыру жұмыстарының салдары емес пе?» деген күмәнін туғызды. Сондықтан бүгінде тұрғындардың көкейінде «Қала аумағын, үйді, кіреберісті, ауланы, ойын алаңын қандай ерітіндімен зарарсыздандырып жатыр?» деген сұрақ тұр.
Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымованың айтуынша, қаладағы көшелер мен аулаларды зарарсыздандыруға 0,05% натрий гипохлориті қолданылады. «Бұл дезинфекция құралын жаппай зарарсыздандыру үшін пайдалануға рұқсат берілген. Құрамында токсин аз. Ол адамдар мен жануарлардың өміріне қауіп төндірмейді. Ауру ошақтарын, яғни науқастар мен олармен байланыста болған жерлерді, ауруханалар мен әуежайды зарарсыздандыруға 1 пайыз ерітіндіні қолданамыз. Қолдану кезінде барлық сақтық шарасы жасалады. Ошақтарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін кемінде 50 минутқа дейін ол жерге бармаған жөн», – дейді Айзат Молдақасымова.Тұрғындардың сұрағы бойынша Алматы әкімдігі қаладағы тұрғын үйлер кіреберісіне неліктен бу арқылы дезинфекция жасалмайтынына жауап берді. Өйткені тұрғындар кейбір елдерде ғимараттарды ыстық бумен өңдеп жатқанын мысалға келтірген болатын. Әкімдік қызметкерлері жабық ғимараттарда бу арқылы дезинфекция жасау адам өміріне қауіпті екенін айтады. Олар ыстық бу тек қана жанармаймен жұмыс істейтін арнайы құралдың көмегімен іске асырылатынын тілге тиек етті. Дискілі, аэрозольды, ультрадыбыстық генераторлар бұған жарамайды. Олармен зиянкес жәндіктерді улау үшін тек қана салқын тұман жасайды.
«Жабық ғимараттарда бумен дезинфекция жасау қауіпті, генераторлар жанармаймен жұмыс істейді. Сондай-ақ дезинфекциялық құралдар жылытқан кезде тиімділігін жоғалтады. Сол себепті қаладағы тұрғын үйлердің кіреберісі қолмен себелеу арқылы залалсыздандырылуда», дейді әкімдік өкілдері. Осы жерде айта кету керек, кейде қаланың көпқабатты үйлерінің тұрғындары кіреберіс есіктерін ашпай зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатқандарға кедергі келтіруде. Тіпті, кейбір тұрғындар залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатқандардан сертификат сұрап, ерітінділерді көз алдында араластыруды талап еткен жағдайлар да кездескен. «Алматы дезинфекция орталығы» РМК қызметкерлері тұрғындардың өз жұмыстарына кедергі келтірмеулерін өтінеді. Өйткені барлық жұмыс тек нұсқаулық бойынша жасалуда. Аталған компания өкілдері де заманауи дезинфекциялық препараттар қолданылып жатқанын, олар төртінші класты қауіпсіздік (қаупі аз) нормасына сай екенін, оның адамдар мен жануарлар денсаулығына зиян келтірмейтінін ескертуде. Тек қана Қазақстан аумағы мен Кедендік одақ елдерінде қолдануға рұқсат етілген препараттар пайдаланылуда.Алматыда тротуар, аялдамалар, қоқыс салғыштар мен банкоматтарды Қорғаныс министрлігінің әскери отрядтары 0,015 пайыздық белсенді хлормен зарарсыздандыруда. Алматы дезинфекция орталығының бригадасы науқастар анықталған және сауығып шыққан тұрғын үй, аурухана бөлімшелері мен науқастар шыққаннан кейінгі медорталықтардың зарарсыздандыру жұмыстарына жауап береді. Алматы қаласында көпқабатты 8 494 тұрғын үй болса, оның 23 613 кіреберісі, 4 082 аула бар. Қазір әрбір ауданда кесте бойынша тұрақты зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.