Алматы облысында дүниеге келген үшем жедел жәрдем көлігімен үйге жеткізілді
Алматы облысында дүниеге келген үшем жедел жәрдем көлігімен үйге жеткізілді
© taldykorgan-online.kz
239
оқылды
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханада 29 ақпан күні дүниеге келген үшемдерді үйіне шығарды. Ғалымжан, Рахымжан және Мейіржан есімді ұл балаларды анасымен бірге үйіне аталған аурухананың жедел жәрдем көлігімен жеткізді, - деп хабарлады taldykorgan-online.kz. Үш ұлдың анасы 31 жастағы Лаззат Қаланова Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылының тұрғыны. Үшемнің анасы 11 ақпаннан бастап Алматы көпсалалы клиникалық аурухана дәрігерлерінің бақылауында болды. — Қазір үш ұлдың анасы мен балалардың денсаулықтары жақсы. Біздің ауруханаға 11 ақпан күні жоспарлы түрде жатқызған болатынбыз. Жүктіліктің 31 аптасында кесір тілігін жасау арқылы үш ұл яғни, 29 ақпан күні дүниеге келді. Бұл жағдайды Денсаулық сақтау басқармасы үнемі бақылауда ұстап отырды. Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов пен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ 8 наурыз күні арнайы келіп, үшемдердің анасын мерекесімен құттықтаған болатын,- деді Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының директоры Жұмахан Молдақұлов. Үшемдер үйіне келгенге дейін Қарғалы ауылындағы аудандық аурухана қызметкерлері үйде дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар отбасы мүшелеріне алгаритмге сай дезинфекциялауды үйретті. Әлистановтар отбасына аталған ауруханадан арнайы дезинфекцияға арналған құралдар, жеке қорғаныс құралдары( антисептик, маскалар) берілді. — Қарғалы ауылдық округінің әкімі Д. А. Тұрысбековпен бірге үшемдерді күтіп алдық. Өйткені үшемдердің аман-есен дүниеге келуі үлкен қуаныш. Үшемдердің күтіміне 2 орта медицина қызметкері көмек көрсетеді. Сонымен қатар арнайы «NAN» балалар тамағымен қамтамасыз етілетін болады,-деді Қарғалы ауылындағы аудандық аурухананың директоры Сертай Сагеев. Әлистановтар отбасында Ғалымжан, Рахымжан мен Мейіржанды 5 және 7 жастағы ағасы мен әпкесі күтіп алды.