Фермер, «Шопан ата» қойшылар қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев Президент үндеуіне байланысты өз пікірін білдірді:
– Бір жағынан коронавирус пандемиясы біздің қоғамды да, үкіметті де басқаша ойлауға үйретіп жатыр. Адамға ең алдымен денсаулық керек екенін, екіншіден тамақ қажет екенін түсіне бастадық. Кешегі Мемлекет басшысының үндеуі де біздің қоғамды осыған дайындап, үндеп тұрғандай болды. Соңғы кездері үкімет өз тарапынан, кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі «Атамекен» ұлттық палатасы өз тарапынан түрлі ұсыныстар дайындап, орта және шағын бизнесті, ауылдағы фермерлерді қолдаудың бағдарламаларын түзіп жатыр. Яғни, «Халық үніне құлақ асатын үкімет» жобасы жұмыс істей бастағанын көріп отырмыз. Оның басы, қасында өзіміз де жүрміз. Фермерлер атынан ұсыныс, пікірлерімізді айтып, енгізуге тырысып бағудамыз.
Президенттің агроөнеркәсіп өкілдеріне дизель отынын 15% жеңілдікпен беру керек деген тапсырмасы орынды. Әрине, ауылдағы мал баққан, егін салған шаруаға жанар-жағармай бағасын әлі де төмен түсіру керек. Сондықтан, алдағы уақытта мұндай қолдау жалғасады деп ойлаймыз. Себебі, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, азық-түлік өндірісі Қазақстанның өз халқын қамтамасыз етуге және сыртқа сатып пайда табуға зор мүмкіндік беретін сала. Бұрынғыдай шикізат сату, мұнайдың ақшасын малдану деген енді болмайтын іс.
Екінші мәселе қазір коронавирустың одан әрі таралуын шектеу үшін карантин шаралары күшейтілді, ол қауіпсіздік үшін дұрыс. Әйтсе де, қазір жергілікті өңірлерде полиция қызметінің тосқауылы фермерлердің шаруасына кедергі келтірмеуі тиіс. Мал туып, қой қозылап, түйе боздап жатқан шақ. Ауылдағы шарауаның ары-бері шапқылайтын кезі. Мысалы, ірі сиыр шаруашылықтарына бұқа қажет. Ол бұқаны ауыстырып отыру үшін басқа жерден көлікке тиеп жеткізу қажет. Міне, осындай қозғалыстар шектелмесе деймін.
Үшіншіден, Қ.Тоқаев кеше бюджеттен шаруаларға «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 70 миллиард теңге бөлінетінін айтты және несиенің өсімі 5%-тен аспауын тапсырды. Осы ақшаның шаруаның қолына шашауы шықпай, дер кезінде жетуінің механизмі жасалса. Бұдан бөлек, фермерге несие берерде кепілге қоятын дүние сұрайды. Ауылдағы шаруада алдындағы малдан басқа қандай кепілзат болсын. Неге сол малдың өзін кепілге қоймасқа?! «ҚазАгро» холдингі арқылы берілетін осы несиенің оңай механизмі жасалса. Және ол ашық, айқын болсын. Қазір карантин кезінде онлайн жұмыс істеу форматына көшіп жатырмыз ғой. Үкімет осы онлайн форматты агроөнеркәсіпке толықтай енгізіп, ауылдағы шаруа мемлекет беріп отырған жеңілдік қаржыны ешқандай делдалсыз, оңай әрі жылдам алатындай механизмі жасалуы тиіс.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы арзандатылған дизель отынының шаруаға жетуін қадағалауды Үкімет пен Бас Прокуратураға тапсырды. Осыған қуанып отырмыз. Енді жалғыз дизель отыны емес, фермерге берілетін барлық көмектің дұрыс орындалуына осындай қадағалау болса екен дейміз.