3 сәуірде сағат 00.00-де Петропавл қаласының аумағына карантин режимі енгізіледі, деп мәлімдеді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
«Кешеден бері біздің облыста шектеу шаралары енгізілді. Аурудың таралу тенденциясы бұл шараларды белсендірек жүргізуге мәжбүрлеп отыр. 3 сәуір күні сағат 00.00-де Петропавл қаласы аумағына карантин режимін енгізу шешімі қабылданды», - деді облыс әкімі «QYZYLJAR» телеарнасының тікелей эфирінде.
Карантиннің басты мақсаты - вирустың таралу тізбегін үзу. Көшелер мен жаяужолдарда, алаңдарда резифнекциялық жұмыс жүргізіледі. Үйлер мен ұйымдарда санитарлық тазалау күшейеді. Барлық қоғамдық орындар, саябақтар мен скверлер жабық.
«Петропавл қаласына кіріп-шығу 1 сәуірден бері шектелген. Тұрғындар әлі де қалаға кіріп-шыға алады. Бүгін түнде автокөлік қозғалысын толығымен тоқтатамыз. Қала маңы автобустары тоқтатылады. Қалалық қоғамдық көлік те толығымен тоқтайды», - деді әкім.
Айта кетейік, қазір облыста коронавирус жұқтырған 7 адам тіркелді.