Алматыдағы блок-бекеттердің бірін соғып өткен Toyota Ipsum жүргізушісі қызметтік көлікте отырған полиция қызметкерін жарақаттады. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады.
Оқиға кеше 15.00-де болған. Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ауылының 1970 жылғы тұрғыны Toyota Ipsum көлігімен келе жатып, Жаңа ғасыр көшесінің солтүстік бағытындағы № 4 бақылау-өткізу бекетіндегі металл турникетке соғылған. Әрі қарай қозғалысты жалғастырған жүргізуші тоқтап тұрған «Киа» маркалы полиция көлігімен соқтығысып, содан кейін шетте тұрған «Лада Приора» мен «Тойота Камри» көлігіне соғылған.
«Салдарынан қызметтік көлікте отырған полицей Мереке Отарғазы зардап шекті. Ол жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Оның екі аяғы сынған», – дейді Салтанат Әзірбек.
Оның айтуынша, көлікте мас жүргізуші отырған. Енді ол алкогольге немесе есірткіге мас болғандығын анықтау үшін медициналық тексерістен өтеді. Абырой болғанда бекетте адам көп болғанымен, оқыс оқиғадан полицейден басқа ешкім зардап шекпеген.
Айта кетсек, карантинге жабылған Алматы қаласының сыртында 27 блок-бекет жұмыс істейді.
Блок-бекеттердегі заң бұзу оқиғалары бұған дейін де тіркелген. Мысалы, 1 сәуір күні түнгі 01.00 шамасында Ескелді ауданының тәртіп сақшылары төтенше жағдайға байланысты қойылған санитарлық бекеттен аудан орталығына қарай өтуге тырысқан Volkswagen Passat көлігін тоқтатқан. Әрекеті күмәнді көлік жүргізушісін медициналық тексеруден өткізгенде оның орта дәрежеде мас екені анықталған. Ер адам бірден медициналық айықтырғышқа жеткізілді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабына сәйкес 34 жастағы ер адамға әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары сотқа жолданды. Алдағы уақытта оған заңға қайшы әрекеті үшін 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және 7 жылға жүргізу құқығынан айыру түріндегі қатаң жаза қолданылуы мүмкін.