Жаңа даму сценарийі не дейді?
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов әлемде рецессия басталғанын, ал елімізде COVID-19 таралуына қатаң тосқауыл қою шаралары іскерлік белсенділікке тұсау болғанын мәлімдеді. – Жыл басынан бері мұнай бағасы 65,7%-ға, металдар құны орташа есеппен – 15,6%-ға, әлемдік биржалық индекстер орташа есеппен 20,9%-ға төмендеді. Осыны ескере отырып, 2020 жылғы сәуір-желтоқсан айларында мұнайдың орташа бағасы 1 баррелі үшін 20 доллар деңгейінде анықталды. Доллар бағамы 440 теңге деңгейінде, жылдық инфляция 9-11% аралығында болады деген болжам алынды. Бағасы құнсызданғандықтан, мұнай өндіру бойынша болжам 86 млн тоннаға дейін азайтылды, – деді еліміздің бас экономисі. Жаңа сценарийде отандық өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызметтер көрсету және сауда салалары құлдырайтыны көрсетілген. Еліміздің жаһандық «қара базарға» өткізетін экспорты бірден 16,3 млрд долларға төмендеп, 35,1 млрд долларды құрамақ. Импорт 7,5 млрд-қа кеміп, 26,6 млрд доллар болуы мүмкін. «Осыны ескерсек, жалпы ішкі өнім 0,9%-ға дейін төмендейді. Номиналды ЖІӨ биыл 69,7 трлн теңге көлемінде ғана бағалануда, бұл мақұлданған болжамнан 4,8 трлн теңгеге аз», – деді министр. Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде Үкімет бұған дейін Парламент бекіткен 2020 жылғы республикалық бюджетті өзгертті. Енді республикалық бюджеттің кірістері 6 трлн 414,1 млрд теңгеге әзер жетуі мүмкін. Бұл бекітілген жоспардағыдан 1,7 трлн теңгеге аз.Елді қолдау рекордқа итермеледі
Дүниежүзінде экономика тоқырап, Қазақстанда бюджеттік түсімдердің күрт азаюына қарамастан, ел Президентінің тапсырмасына сай мемлекет қазіргі аласапыран шақта халық пен бизнесті қолдауға баса мән береді. Кәсіпкерлерді ынталандыру және оларға берілетін жеңілдіктер жаңа бюджет жобасына енді. Біріншіден, базар, сауда үйлері және басқа да ірі сауда нысандары, сауда ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер, қоғамдық тамақтану орындары, қонақүйлер, хостелдер мен туристік қызмет нысандары жыл соңына дейін мүлік салығынан босатылады. Екіншіден, салық салудың жалпы тәртібінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жыл аяғына дейін жеке табыс салығын төлемейді. Үшіншіден, агроөнеркәсіп кешенін қолдау мақсатында ауылдағы өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері үшін салығын жыл біткенше төлемейді. Олар биологиялық активтер импорты, яғни сырттан асыл тұқымды сиыр, балапан және басқасын әкелгені үшін қосымша құн салығынан (ҚҚС) да уақытша босатылды. Төртіншіден, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары үшін ҚҚС 30 наурыздан 1 қазанға дейін 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді. Бесіншіден, шағын және орта бизнесті еңбекақы төлеу қорынан төленетін салықтар мен әлеуметтік төлемдерден, нақтылай кетсек, жеке табыс салығынан, әлеуметтік салықтан, міндетті зейнетақы жарналарынан, міндетті медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдардан 6 айға, яғни 1 қазанға дейін босату көзделген. Мұның игілігін туристік қызмет, қоғамдық тамақтану, қонақүй бизнесі, ірі сауда нысандары, СОО, кинозалдар, театрлар, көрмелер, денешынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары, сауда субъектілері көреді. Алтыншыдан, 2020 жылдың 1 маусымына дейін шағын және орта бизнес өкілдерінің барлық салықтар мен міндетті төлемдерді және әлеуметтік жарналарды төлеуі кейінге қалдырылды. Жетіншіден, төтенше жағдай кезеңінде салықтық тексерулер тоқтатылды. Салық, кеден және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіруге тыйым салынды. Бұдан өзге де қолдау шаралары қабылдануда. Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, жалпы алғанда осы айтылған шаралар 700 мың салық төлеушіні, кәсіпорынды қамтиды. Әрине, мұның барлығы бюджеттің азайып кетуіне әкеліп соқтырмақ. Жетіспеген қаражатты Үкімет Ұлттық қордан қосымша 2 трлн 70 млрд теңге алу арқылы жабатын болды. Нәтижесінде, тек 1 жыл ішінде ғана мемлекет Ұлттық қордың 4 триллион 770 млрд теңгесін жұмсайды. Осылайша, 2020 жылы республикалық бюджеттен ел тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық сома – 14,3 триллион теңге шығын шыққалы тұр!Айхан ШӘРІП