Бағдарламаны іске асыру үшін екінші деңгейлі банктерге 600 млрд теңге бөлінеді. Бұл несие төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, дара кәсіпкерлерге 12 айға дейінгі мерзіммен жылдық 8%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша беріледі. Банктерге бұл қаржыны игеруге 3 ай беріліп отыр.
Арендаторларға да қолдау қажет
Шағын және орта бизнесті қолдау шарасының бірі – несие төлеуді шегеру. Яғни, негізгі төлемдер мен оған салынатын пайыз 3 айға тоқтатылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің шешімінде бұл жеңілдіктің кімдерге тиесілі екені көрсетілген, нақтылай кетсек, төтенше жағдайда қиындық көріп отырған салалар аталған. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің пікірінше, аталған салалар тізімі толық емес. Оның дерегінше, еліміздегі кәсіпкерлердің 20 пайызы ғана екінші деңгейлі банктерден несие алады. Қалғаны шағын қаржы ұйымдарынан несие алғанды жөн көреді. Себебі пайыздық ставкасы төмен әрі қояр талабы жеңіл. Ал банктен несие алғандардың Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жазған шағымдарында несиенің негізгі көлемі тоқтатылғанымен, пайызы тоқтатылмағаны туралы айтылған. А.Мырзахметов Президенттің 31 наурызда банктерге қарата айтқан сөзінен кейін нәтиже болады деген үмітте. «Қазіргі уақытта банктердің де жағдайы қиын. Екінші деңгейлі банктерге Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан жеңілдік қарастырылуы керек, сонда бізге де (ШОБ – ред.) жақсы болады», – дейді ол. Абылай Мырзахметовтің айтуынша, Президент тапсырмасы бойынша, Қаржы министрлігі тарапынан кеңселерді жалға беруге қатысты шешім қабылданыпты. Мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялардың балансындағы кеңселерге қатысты мәселе шешілді. «Бізге ең қиын болып отырғаны, шағын екі жеке тұлғаның арасында жасалған кеңсені жалға алу-беру шарты. Бұл кеңселердің квазисекторға қатысы жоқ. Оны жалға берушілер де кәсіпкерлер. Сондықтан жергілікті палаталарға тапсырма бердік, бұл мәселеге жергілікті билік те көңіл бөлсе дейміз. Өз тарапымыздан 15 мыңнан астам арендаторға хабарластық. Біраз бөлігі кәсіпкер үшін «аренда ақысын төмендетуге немесе үш айға төлемнен босатуға дайынбыз, бірақ біз төлейтін коммуналдық төлемдерге де жеңілдік жасалса дейді. Оларды да түсінуіміз керек, олардың да төлеуге тиіс салығы мен несиесі бар», – дейді ол. Соған қарамастан палата бұл мәселені медиация тәсілімен шешуге тырысып жатыр.Сатып алу жүйесі арқылы көмектессе...
Еліміздегі шағын және орта бизнесті бүгінгі қиын кезеңде мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы да қолдауға болады. Мысалы, өндіріс, өңдеу, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алулар рәсімін өзгертіп, отандық кәсіпорындарға басымдық берілсе, отандық бизнес үшін үлкен демеу болары анық. Бұл ретте Ұлттық палата Үкіметке 4 мыңнан астам отандық өндірушінің тізімін беріпті. Ол компанияның барлығы СТ-КЗ және индустриалды сертификат алған сенімді компаниялар. «Энергетика министрлігі біздің сертификаттар негізінде мұнай компаниялары бір көзден сатып алуға дайын екенін мәлімдеді. Енді «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорынан жауап күтіп отырмыз. Қазіргі таңда кәсіпорындардың айналымда ақшасы қалмады. Сондықтан сатып алу шарты жасалған соң алдын ала келісімшарт сомасының 50 пайызын аудару арқылы кәсіпкерге қолдау көрсетсе жөн болар еді», – дейді Абылай Мырзахметов. Ал күні кеше Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де Президенттің Қазақстанда төтенше жағдай туралы енгізілген Жарлығына сәйкес «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен және отандық тауар өндірушілердің өкілдерімен бірге Жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру ережесіне арнайы тәртіп бойынша өзгерістер енгізгенін хабарлады. Енді жер қойнауын пайдаланушы компаниялар да отандық өндірушілерге басымдық бермек. Бұл үрдісті мемлекеттік сатып алу жүйесі іліп әкетсе, нұр үстіне нұр.8 пайыздық несие кімге арналған?
Жуырда Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі коронавирус пандемиясына және оның Қазақстан экономикасына теріс ықпалынан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен дара кәсіпкерлерді қолдау үшін «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын» әзірледі. Бұл да Президент тапсырмасы. Аталған бағдарламаны іске асыру үшін екінші деңгейлі банктерге 600 млрд теңге бөлінеді. Бұл несие төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, дара кәсіпкерлерге 12 айға дейінгі мерзіммен жылдық 8%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша беріледі. Банктерге бұл қаржыны игеруге 3 ай беріліп отыр. Ұлттық палата басшысының айтуынша, Ұлттық банк бұл шешімді кәсіпкерлердің қатысуынсыз қабылдаған, талқылауға палата шақырылмаған. Ұлттық банк шешімінде бұл несиенің нақты кімге берілетіні ашық айтылмаған көрінеді. Бар болғаны, «төтенше жағдайда қиындыққа тап болған компанияларға беріледі» деген сөйлем бар. «1-2 аптада бұл несие беріле бастағанда мәселе туындайтын болса, ШОБ үшін тиімсіз болып жатса, біз мәселені Президентке жеткізуге дайынбыз», – дейді палата басшысы.Экономиканы ауыл шаруашылығы саласы көтереді
Коронавирус пандемиясы ерте ме, кеш пе аяқталады. Одан кейінгі әрекетіміз қандай болады? Бір анығы, көп салада өзгеріс болады. Қазірдің өзінде сарапшылар ауыл шаруашылығы саласын көтеретін уақыт туғанын айтып отыр. «Бізді мұнай емес, ауыл шаруашылығы асырайтынына көзіміз жетті. Енді бұл сала экономиканың локомотивіне айналып, халықты асырауға тиіс. Өзіміздің байтақ жеріміз бар, халықтың жартысы ауылда тұрады. Ауылды көтеру арқылы экономиканы көтеретін кез келді», – дейді А.Мырзахметов. Рас, пандемиядан соң мемлекеттің де жағдайы жеңіл болмайды, қаншама салықтық жеңілдіктер жасалды, соның себебінен бюджеттің түсімі азаяды. Мұнай бағасының құлдырауы да бюджеттік түсімді төмендетіп жатыр. Бар үміт ШОБ пен ауыл шаруашылығы саласында екенін мойындап отырғанымыз да содан. Егер бұған дейін бюджетке ШОБ-тен айына 350 млрд теңге салық түсетінін ескерсек, алдағы 3 айда бюджет 1 трлн теңгеден қағылатынын есептей беріңіз. Сондықтан сарапшылар ендігі міндет ұлттық компаниялардың сатып алуларын қатты қадағалап, бір тиынның сыртқа кетпеуін бақылау. Сонымен бірге импорт алмастыру мәселесін қолға алу да маңызды.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ