Шағын және орта бизнес – экономика тірегі

Шағын және орта бизнес – экономика тірегі

Қазақстанда 1 млн 300 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъек­ті­сі бар. Бұл кәсіпорындарда 3,5 млн адам еңбек ететін. Иә, еңбек ете­тін, себебі ұлттық валютаның тұрақсыздығынан, COVID-19 тудырған қиын­дықтарға байланысты енгізілген карантиннен кейін шағын және орта биз­нес жұмысшыларын  қысқартуға мәжбүр. Арасында ақылы-ақысыз де­малысқа жіберіп, әліптің артын бағып отырғаны да, жұмысын біржола тоқ­татқаны да бар. Былтыр жалпы ішкі өнімнің 30 пайыз­ға жуығы дәл осы ШОБ-тың үле­сінде болды. Ал 2018 жылы ШОБ бір ға­на корпоративті табыс салығынан бюджетке  840 млрд теңге құйған екен. Демек, бүгінгідей қысылтаяң шақта ШОБ субъектілерін сақтап қалу аса маңыз­ды. Себебі ШОБ секторында банк­рот белең алса, экономикамыз үшін салдары ауыр болады. Осыны ескерген билік ШОБ-ты қолдау шараларын бас­тап кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыздағы мәлім­де­ме­сінде айтқандай, ШОБ субъектілері – экономикамыздың тірегі. Президент тапсырмасына орай, әкімдіктер жергілікті кәсіпорындардың өнімін, кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюы тиіс. Ал ШОБ өкілдері биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылды. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және өзге салаларды да қамтымақ. Ал ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді қол­дау мақсатында бюджеттен 70 миллиард теңге, көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым зат­тар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаржы бі­рінші кезекте шағын және орта шаруа қожалықтарын қолдауға бағытталады. Мемлекет басшы­сы бұл орайда Үкіметке жанар­майдың бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендетуді тапсырған-ды. Осы жеңілдікке қатысты күні кеше Энергетика министрлігінен мынадай мәліметті білдік. Бұрын дизель отынына ұсынылған баға (ақпан – наурыз айларында) зауытта тоннасы үшін 194 мың теңге (литрі үшін 161 теңге) бол­са, Президент тапсырмасын орындау шеңберінде ауыл ша­руашылығы тауар өндіру­шілері үшін дизель отынының бағасы зауытта бір тоннасына 174 мың теңге немесе бір литріне 144 теңге деңгейінде белгіленетін болды. «Жеткізуді, сақтауды және операторлардың шекара­ларын ескере отырып, бағалар бір литр үшін 165 теңгені құрай­ды, бұл қазіргі бағадан 15% арзан (жанар-жағармай құю станса­ларындағы дизель отынының орташа бағасы литріне 193 тең­ге)», – дейді министрліктің баспасөз қызметі.  

Бағдарламаны іске асыру үшін екінші деңгейлі банктерге 600 млрд теңге бөлінеді. Бұл несие төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, дара кәсіпкерлерге 12 айға дейінгі мер­зім­мен жылдық 8%-дан ас­пайтын мөлшерлеме бойынша бе­ріледі. Банктерге бұл қаржыны игеруге 3 ай беріліп отыр.

 

Арендаторларға да қолдау қажет

Шағын және орта бизнесті қолдау шарасының бірі – несие төлеуді шегеру. Яғни, негізгі төлемдер мен оған салынатын пайыз 3 айға тоқтатылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің шешімінде бұл же­ңілдіктің кімдерге тиесілі екені көрсетілген, нақтылай кетсек, төтенше жағдайда қиындық көріп отырған салалар аталған. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің пікі­рінше, аталған салалар тізімі толық емес. Оның дерегінше, еліміздегі кәсіпкерлердің 20 пайызы ғана екінші деңгейлі банктерден несие алады. Қал­ғаны шағын қаржы ұйымдарынан несие алғанды жөн көреді. Се­бебі пайыздық ставкасы төмен әрі қояр талабы жеңіл. Ал банк­тен несие алғандардың Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жазған шағымдарында несиенің негізгі көлемі тоқтатылғанымен, пайы­зы тоқтатылмағаны туралы ай­тылған. А.Мырзахметов Пре­зиденттің 31 наурызда банктерге қарата айтқан сөзінен кейін нәтиже болады деген үмітте. «Қазіргі уақытта банктердің де жағдайы қиын. Екінші деңгейлі банктерге Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан жеңілдік қарастырылуы керек, сонда бізге де (ШОБ – ред.) жақсы болады», – дейді ол. Абылай Мырзахметовтің айтуынша, Президент тапсыр­масы бойынша, Қаржы минис­трлігі тарапынан кеңселерді жал­ға беруге қатысты шешім қа­былданыпты. Мемлекеттік және квазимемлекеттік компа­ниялардың балансындағы кең­селерге қатысты мәселе шешілді. «Бізге ең қиын болып отыр­ғаны, шағын екі жеке тұлғаның арасында жасалған кеңсені жал­ға алу-беру шарты. Бұл кеңсе­лердің квазисекторға қатысы жоқ. Оны жалға берушілер де кәсіпкерлер. Сондықтан жергі­лікті палаталарға тапсырма бердік, бұл мәселеге жергілікті билік те көңіл бөлсе дейміз. Өз тарапымыздан 15 мыңнан астам арендаторға хабарластық. Біраз бөлігі кәсіпкер үшін «аренда ақысын төмендетуге немесе үш айға төлемнен босатуға дайын­быз, бірақ біз төлейтін комму­налдық төлемдерге де жеңілдік жасалса дейді. Оларды да түсі­нуіміз керек, олардың да төлеуге тиіс салығы мен несиесі бар», – дейді ол. Соған қарамастан па­лата бұл мәселені медиация тәсілімен шешуге тырысып жатыр.  

Сатып алу жүйесі арқылы көмектессе...

Еліміздегі шағын және орта бизнесті бүгінгі қиын кезеңде мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы да қолдауға болады. Мысалы, өндіріс, өңдеу, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алулар рәсімін өзгертіп, отандық кәсіпорындарға басымдық бе­рілсе, отандық бизнес үшін үл­кен демеу болары анық. Бұл рет­те Ұлттық палата Үкіметке 4 мың­нан астам отандық өндіру­шінің тізімін беріпті. Ол ком­панияның барлығы СТ-КЗ және индустриалды сертификат алған сенімді компаниялар. «Энергетика министрлігі біз­дің сертификаттар негізінде мұ­най компаниялары бір көзден са­тып алуға дайын екенін мә­лімдеді. Енді «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорынан жауап күтіп отырмыз. Қазіргі таңда кәсіпо­рындардың айналымда ақшасы қалмады. Сондықтан сатып алу шарты жасалған соң алдын ала келі­сімшарт сомасының 50 па­йызын аудару арқылы кәсіпкерге қол­дау көрсетсе жөн болар еді», – дейді Абылай Мырзахметов.   Ал күні кеше Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де Президенттің Қазақстанда төтенше жағдай туралы енгізілген Жарлығына сәйкес «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорын­дарының республикалық қауым­дастығы» заңды тұлғалар бір­лестігімен және отандық тауар өндірушілердің өкілдерімен бірге Жер қойнауын пайда­ла­нушылардың және олардың мер­дігерлерінің тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру ережесіне арнайы тәртіп бойынша өзгерістер енгізгенін хабарлады. Енді жер қойнауын пайдаланушы компаниялар да отандық өндірушілерге басым­дық бермек. Бұл үрдісті мемле­кеттік сатып алу жүйесі іліп әкетсе, нұр үстіне нұр.  

8 пайыздық несие кімге арналған?

Жуырда Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі коронавирус пандемиясына және оның Қазақстан экономикасына теріс ықпалынан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен дара кәсіпкер­лерді қолдау үшін «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдар­ламасын» әзірледі. Бұл да Пре­зидент тапсырмасы. Аталған бағдарламаны іске асыру үшін екінші деңгейлі банктерге 600 млрд теңге бөлінеді. Бұл несие төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, дара кәсіпкерлерге 12 айға дейінгі мер­зіммен жылдық 8%-дан ас­пайтын мөлшерлеме бойынша беріледі. Банктерге бұл қаржыны игеруге 3 ай беріліп отыр. Ұлттық палата басшысының айтуынша, Ұлттық банк бұл ше­шімді кәсіпкерлердің қатысуын­сыз қабылдаған, талқылауға па­лата шақырылмаған. Ұлттық банк шешімінде бұл несиенің нақты кімге берілетіні ашық ай­тылмаған көрінеді. Бар болғаны, «төтенше жағдайда қиындыққа тап болған компанияларға бе­ріледі» деген сөйлем бар. «1-2 аптада бұл несие беріле баста­ғанда мәселе туындайтын болса, ШОБ үшін тиімсіз болып жатса, біз мәселені Президентке жет­кізуге дайынбыз», – дейді палата басшысы.  

Экономиканы ауыл шаруашылығы саласы көтереді

Коронавирус пандемиясы ерте ме, кеш пе аяқталады. Одан кейінгі әрекетіміз қандай бола­ды? Бір анығы, көп салада өз­геріс болады. Қазірдің өзінде сарапшылар ауыл шаруашылығы саласын көтеретін уақыт туғанын айтып отыр. «Бізді мұнай емес, ауыл шаруашылығы асырайтынына көзіміз жетті. Енді бұл сала эко­номиканың локомотивіне айна­лып, халықты асырауға тиіс. Өзіміздің байтақ жеріміз бар, халықтың жартысы ауылда тұрады. Ауылды көтеру арқылы экономиканы көтеретін кез келді», – дейді А.Мырзахметов. Рас, пандемиядан соң мем­лекеттің де жағдайы жеңіл бол­майды, қаншама салықтық же­ңілдіктер жасалды, соның себе­бінен бюджеттің түсімі азаяды. Мұнай бағасының құлдырауы да бюджеттік түсімді төмендетіп жатыр. Бар үміт ШОБ пен ауыл шаруашылығы саласында екенін мойындап отырғанымыз да со­дан. Егер бұған дейін бюджетке ШОБ-тен айына 350 млрд теңге салық түсетінін ескерсек, алдағы 3 айда бюджет 1 трлн теңгеден қағылатынын есептей беріңіз. Сондықтан сарапшылар ендігі міндет ұлттық компаниялардың сатып алуларын қатты қадағалап, бір тиынның сыртқа кетпеуін бақылау. Сонымен бірге импорт алмастыру мәселесін қолға алу да маңызды.  

     Халима БҰҚАРҚЫЗЫ