Дәрігерге қосылған үстемеақы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде: «Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт. Дегенмен біз індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары. Сондықтан пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым. Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстемеақы төленеді. Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты. Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық» деген еді. Президенттің тапсырмасымен нағыз қауіп өтінде жүрген дәрігерлерге үстемеақы берілетін болды. Премьер-Министр Асқар Мамин: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күреске өз үлесін қосып жатқан медициналық мамандарды қаржылық қолдау туралы жаңа тапсырма берді. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп ай сайын эпидемияға жұмылдырылған 26 мың 228 медицина маманына үстемеақы төлеуді тапсырамын. Біріншісі – қауіптілігі аса жоғары, реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы 20 жалақының төменгі мөлшері. Жалақының ең төменгі мөлшері – 850 мың теңге. Екіншісі – қауіптілігі жоғары, провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы 10 жалақының төменгі мөлшері, яғни 425 мың теңге. Үшіншісі – қауіптілігі орташа, карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалар. Үстемеақы 5 жалақының төменгі мөлшері, яғни 212 мың теңге болады» деген еді. Әрине, қауіпті сәтте өз басын қатерге тіккен дәрігерлерге қандай құрмет көрсетсек те жарасады.Үстемеақыға ілікпей қалғаны рас па?
Нұрадин Садықов алматылық дәрігерлердің үстемеақыға ілікпей қалғанын айтып, дабыл көтерді. Оның айтуынша, И.Жекенова атындағы Алматы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы қызметкерлерінің аурулармен тікелей жұмыс істеп, тест алатын лабораториясы мен вирустармен тікелей жұмыс істейтін бактериялық лабораториясы қызметкерлері мемлекеттік комиссия бекіткен үстемеақыдан қағылып отырған көрінеді. «Қаланы карантинге жапқанға дейін аурулардың бәрін қала сыртындағы туберкулез диспансерлері секілді оқшаулау орталықтарында ұстаған кезден бастап, тынбастан өз аяқтарымен барып сынама алған бұл қызметкерлер әлі күнге дейін науқастармен және вируспен тікелей байланыста жұмыс істейді. «Вирус жұқтырды» деген күдікпен ауруханаға әкелінетін әрбір адамның диагнозын анықтаумен тікелей айналысатын дәрігерлерге бермегенде, кімге берейін деп отыр ол үстемеақыны? Әлде, жұмыстарының қауіптілігін білдіру үшін де бір-екі қызметкер әлгі індетті жұқтыруы қажет пе? Жалпы, осы «ала қойды бөле қырқу» кімге керек?», – дейді. Мәселенің мән-жайын білмекке қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қоңырау шалып едік. Телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Үкімет үстемеақы беру мәселесін күні кеше ғана бекітті. Үстемеақы беру тәртібі енді ғана қолға алынатын болар. Сол себепті Үкімет И.Жекенова атындағы Алматы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы қызметкерлерінің жанайқайына құлақ асып, мемлекеттік комиссия бекіткен үстемеақыдан құр қалдырмас деген ойдамыз.Олар да қорғансыз
Әлемдік БАҚ дәрігерлердің де коронавирус дертін жұқтырғанын жиі жазып жатыр. Ресей сайттары Коммунарка поселкесіндегі аурухана бас дәрігері Денис Проценконың коронавирус жұқтырғанын жазды. Бұл ауруханада аталған дертті жұқтырғандар емделіп жатқан еді. Жақында ғана онда Ресей президенті В.Путиннің өзі бас сұққан. Бас дәрігердің жағдайы жаман емес. Ол Facebook парақшасында жағдайының жақсы екенін, жеке кабинетінде оқшауланып жұмыс істеп отырғанын жазады. Қазір ауруханадағы өзге дәрігерлер де коронавирусқа тексерілген. Аурухана қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Британдық терапевт дәрігер Клэр Джерада да осы күйді бастан кешті. Ол өзінің коронавирус дертін жұқтырғанын білмеген. Әуелі құрғақ жөтел басталған. Ыстығы түспей, денесі қалшылдап, тамағы қатты ауырса керек. Сонда ғана ол өзінде коронавирус бар екенін түсінеді. Алғашқы екі күн бойы қара судан басқа ештеңе ішпегенін айтады. «Тіпті, алғашқы күндері тамақ ішуге де зауқым болған жоқ. Құр төсекте жата бердім. Телефонды ұстауға күшім жетпеді. Көп ұйықтадым. Өзімді қинап, лимон қосылған суды ішіп, сегіз сағат сайын парацетамол қабылдадым. Ауру жанымды қатты қинаса да, «өліп қаламын» деген ой келген жоқ», – дейді Клэр ханым. Апта соңында дәрігердің денсаулығы жақсара бастайды. Ыстығы түсіп, жөтел де жоғалады. «Коронавирус – өлім жазасы деген сөз емес», – дейді 60 жастағы дәрігер. Өзбекстанда да бұл дертке шалдыққан дәрігерлер бар. Осыған дейін Вирусология ғылыми-зерттеу институтының 11 қызметкері коронавирус жұқтырғаны айтылған еді. Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қаласында да дәрігерлердің коронавирус жұқтырғаны туралы ақпарат тарады. Қазақстанның бас санитары Айжан Есмағамбетова онлайн-брифингте: «Өкінішке қарай, бүгінгі таңда еліміздің бірнеше өңірінде медициналық қызметкерлер осы инфекцияны жұқтырды. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағандыда тіркелді» деген еді. Мұның алдында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтанда онкологиялық орталықта медицина қызметкерлерінің коронавирус жұқтырғанын айтқан еді. P.S. Қалай десек те, қауіпті дерттен дәрігерлер де сақтандырылмаған. Олар науқастармен тікелей жұмыс істейтіндіктен, өз өмірлерін бірінші кезекте қауіп-қатерге тігетіні анық. Біз үшін адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырларының да дені сау болғаны маңызды. Елдікті сақтау – ерлік! «Елдің амандығын сақтау – екі есе ерлік» десек, дәрігерлердің де амандығы қымбат!Гүлзина БЕКТАС