– Күтпеген жерден әлем елдеріне індет енді. Коронавирустың әлі күнге дейін емі жоқ. Оған несіне таңғаламыз. Әлі рак дертінің емін таппай отырған жайымыз бар. Бұл мағынада коронавирус емі жоқ – екінші індет. Бірақ аса қауіпті рак дерті жұқпалы емес, ал мына пәле болса майша жұғады. Бір ауырған жан қатарынан он адамға дертті жұқтыру мүмкіндігі бар. Ал он адам қанша адамға жұқтырмақ, Құдай бетін әрі қылсын, бұл – кәдімгі геометриялық тәсілмен өсу. Бұған қалай тоқтау салуға болмақ?
Қазақ елі дұрыс шешімге келді. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларын карантинге жапты. Бүгінде осыған ұқсас шаралар өзге өңірлер, қалаларда жүруде. «Сақтансаң сақтаймын» деген Жаратушымыздың сөзін басшылыққа алуға бәріміз міндеттіміз.
Ендігі әңгіме осы әр азаматтың індет жағдайындағы міндеті туралы.
Биліктің айтқандарын ешбір талқыға салмай орындау. Мәселе, күллі жұрттың тағдыры болғанда тек солай болуы азаматтық іс. Тәртіпке бағыну, айтқанды орындау, үйден мүмкіндігінше шықпау – бұлар жай нәрсе емес, ол індетті жеңудің амалы.
Үйде отырған соң, санаңа ойлар сауылдап келе береді. Соның бірі – бүгінде індетпен алысып жүрген біздің жаужүрек азаматтарымыз. Олар болмағанда не істер едік. Нағыз қилы заман орнады. Ол тек қазақ елінің ғана емес, күллі адамзатқа ауыр заман. Бұрын көріп, білмеген індетпен біздің дәрігерлер қоян-қолтық араласып кетті. Нағыз ерлік! Байқаймын, біздің дәрігерлерде терең білім, тамаша тәжірибе бар екен. Мұндайда іске араласып кету үшін, әрине білім, тәжірибе, жүрек қажет. Хакім Абайдың айтатын «жылы жүрек» дегенін дәрігерлер іспен дәлелдеуде. Індетті жеңу, сірә оңай болмас, ол әлі мың басты албастыдай аннан-мыннан бас көтеріп шыға беруде, ойлаймын, біздің дәрігерлер оның мың басы болса да жеңеді. Індеттің беті қайтып, бұл істен босатуды сұрағандарды мен естіген жоқпын, сірә ондай болмас.
Дәрігер бауырларым, сіздерге халықтың мың алғысы, бар үміт сіздерде. Індетті ініне тығып, бас көтертпейтін етіңіздер, Алла разы болсын!
Әрине, күні-түні шапқылап жүрген ішкі істер, басқа да құрылымдағы азаматтар сіздерге де мың алғыс. Реніш етпеңдер, халқымыздың балалық қылықтары бар, кей-кей жерде тәртіпке көнбесе көндіріңдер, бірақ олар да жан сақтап, күнкөріс қамында жүргендер екенін де естеріңнен шығармаңдар. Қазір қоғам, қауым іші тығыздау болып тұрғаны. Жаратушымыздың жарқырап күні шықты, жер жылынды, әркімнің көңілінде үміт пен күдік. Ел қамы бір мәселе болса, күнделікті отбасының қамы, бір сөзбен айтқанда, нан қамы, мыңдаған ағайынның ойын, тілегін жегідей жеп барады. Індет созылып кетіп, карантиннен шыға алмасақ не болғаны?
Бұл, әсіресе күнделікті несібені күнде тауып жүрген отбасылар үшін аса қиын болды. Аяқ-қолым аман болса деп нәпақа тауып жүргендердің аяқ-қолын мына індет тұсады. Енді қалай күн көрмек.
Мұны біліп, сезіп отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мырза халыққа үндеуін жария етті, онда көп мәселелер шешуін табуы қажет. Ендігі жерде, бар ауыртпалық – Үкіметте.
Екі миллионға жуық өз бетімен күн көрушілер бар еді, індет нәтижесінде тағы да жұмыссыздық өсіп шыға келді.
Айта берсек, мәселе көп, бірақ бәрін үсті-үстіне төпелей бермей, Мемлекет басшысына, Үкіметке, Парламентке мүмкіндік берейік, болмай, назарға алмай жатқан жағдай болса айтып отырармыз.
Айтарым, ағайын, ел басына күн туды, бірақ оны сейілтуге халқымыздың қуаты, қайраты, жігері, ақылы, парасаты жеткілікті.
Қазақ халқы өз төл тарихында, өз атамекенінде нелерді басынан өткізбеді. Бұл жолы да шыдаймыз, індет жойылады. Көркем ғұмырымыз қайта орнығады. Туыстар тек тәртіпке бағынып, үйде отырып, індетпен алысып жатқан ерлерге күш-қуат тілейік!