Елорданың іргесіндегі Қосшы ауылында төтенше жағдай тәртібін бұзып, бетпердесіз көшеге шыққан үш тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сөйтіп, бес тәулікке қамалды.
Тәртіп бұзған азаматтарды полиция қызметкерлері 1 сәуір күні анықтаған. Бетпердесіз серуендеуді құп көрген тұрғындардың бірі «Орион» тұрғын үй кешенінің маңында полицейлерге кездесіп қалса керек. Тағы екі азамат елді мекендегі сауда үйлерінің бірінің маңында болыпты. Үш азаматқа да Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша айып тағылды. Бұл бап «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша жауапкершілікке тартуды көздейді.
Естеріңізге салар болсақ, 26 наурыздан бері астаналық тұрғындардың көшеге, сауда орындарына бетпердесіз баруына тыйым салынған болатын. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының карантин аумағы да белгіленген. Оған Ақмола облысының Аршалы және Целиноград ауданының Талапкер, Қоянды, Қосшы, Жібек жолы, Қызыл суат ауылдары кірген еді. Кейін Ақмола облысының барлық аумағына карантин енгізілді. Ал елімізде COVID-19 вирусынан көз жұмған алғашқы азамат осы Қосшы ауылының тұрғыны еді. 64 жастағы ауыл тұрғыны 26 наурыз күні көз жұмды. Оған дейін ол Жамбыл облысының Шу ауданына және Алматы қаласына құдалыққа барып келгені белгілі болған-ды. Сырқат қаралған аурухананың бір қызметкері де вирус жұқтырған еді. 1 сәуірде бұл елді мекеннен вирус жұқтырған тағы 2 адам табылған болатын.