«Мәлімдеме халықтың көңіліне сенім ұялатты» – Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі ӘШІМОВ
«Мәлімдеме халықтың көңіліне сенім ұялатты» – Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі ӘШІМОВ
463
оқылды
Қазіргі таңда бүкіл әлем халқы, оның ішінде біздің ел де үл­кен сынақ кезеңін бас­тан ке­шуде. Бұл сынақты тек бір­ліктің, тек саналы жауап­кер­шіліктің, тек сабыр мен төзім­нің арқасында ғана жеңе аламыз. Елбасымыз Н.Назарбаев пен Президент Қ.Тоқаев бастаған мемлекеттік билік осы күрделі ке­зеңде тас түйін жиналып, сындарлы стратегиялық саясат жүргізіп отыр. Қалыптасқан ахуалға қарай жедел шаралар қабылдануда. Осының нақты дәлелі – еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағ­дарысқа қарсы іс-шараларына бай­ланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық телеарналардан жасаған мәлім­демесі. Онда жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көр­сету жөнінде қабылданған ке­шенді шаралар жан-жақты және нақты айтылды. «Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атау­лы әлеуметтік көмек мөл­шерін жылдық өлшеммен алғанда 10 пайызға индексациялау, табы­сы­нан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілетін азаматтардың санатын кеңейту, 42 500 теңге көлеміндегі бұл қаражатты бұрын тұ­­рақ­ты жұмыс істеп, жалақы ал­­ған­­­дарға ғана емес, сондай-ақ өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтыған және рес­ми тір­келмей еңбек ете­тін азамат­та­ры­мызға да беру тағы басқалары Со­нымен қатар еліміздің экономи­касын тұрақтандыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұр­ғысынан көктемгі егіс науқанын уақытылы өткізуге байланысты іс-шаралар, жұмыссыз қалған азаматтарды, әсіресе жастар үшін «Жұмыспен қамту жол кар­тасы» аясында өңірлерде нақты жобаларды жүзеге асыруды дереу қол­ға алу, шағын және орта биз­нес­ті қолдауға арналған кешенді ша­раның барлығы да қиын­дық­ты ең­серуге бағытталып отыр. «Біз, мемлекет және қоғам бо­лып барша азаматтарымызға қол­дау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз», – деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев. Мәлімдеме халықтың көңіліне үлкен сенім ұялатты. Ендігі кезекте жер-жердегі билік өзінің адалдығын, іскерлігін, тұлғалық деңгейін танытуы тиіс. «Дәл осы кезде халық мемле­кет­ке қолдау көрсетуі керек. Бұл – аса­ маңызды», – деді Президент. Бұл да аса маңызды сөз. Қазіргі кезде біздердің, қоғамның әрбір мүшесінің, әрқайсымыздың жауап­кершілігіміз мың есе арта түсуі тиіс. Елдің елдігі осындай қиын кезеңдерде танылады. Мұны қария тарих талай рет дәлелдеген. Ендеше осындай қиын кезеңде бәріміз, әрқайсымыз саналы қа­рекет, асқан жауапкершілік та­нытайық, мемлекет тарапынан жа­салып жатқан жан-жақты шара­лардың табысты жүзеге асуына өз үлесімізді қосайық. Президент «бүгінгі күннің ба­тырлары» деп өте орынды атаған дәрігерлер қауымы, күрделі ахуал­ға байланысты күн-түн демей жұ­мыс істеп жүрген азаматтардың бар­лығына бүкіл халықтың риза­шылығы шексіз. Оларға аса жауап­ты жұмыстарында үлкен табыстар, жақсылықтар тілейік. Қадірлі отандастар! «Күш – бірлікте» дейді халық. Ендеше осы күрделі кезеңде бәріміз бірлікте болып, билік пен қоғам, халық бірге болып, қиындықпен бірге күресейік. Рухымыз түспесін! Қашанда амандықта, жақсылықта болайық.