Коронавирус жұқтырғандар саны күрт төмендеді - Молдағасымова
Коронавирус жұқтырғандар саны күрт төмендеді - Молдағасымова
© azattyq-ruhy.kz
231
оқылды
Алматыда соңғы тәулікте коронавирус жұқтырғандардың көрсеткіші ең төменгі деңгейді көрсетті. Кеше сағат 17.00-дегі жағдай бойынша, қалада қауіпті вирус жұқтырған бір адам тіркелген болатын. Одан бері шаһарда коронавирус диагнозымен ешкім стационарларға түскен жоқ. Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Айзат Молдағасымова соңғы тәулікте Алматыда коронавирус диагнозымен тіркелушілер динамикасында оң өзгеріс барын жеткізді. Қаланың бас санитар дәрігері қалада тұмау, жедел респираторлық-вирустық инфекция және пневмониямен қаралғандардың барлығы тыңғылықты тексеріліп, тиісті сараптамалар алынып жатқанын айтты.
«Алматыда өткен тәулікте 13 адам пневмония деген күдікпен тексерілген. Олардың 5-інен бұл ауру белгілері табылған жоқ. Қалғандары тексеріліп жатыр. Ал, коронавирус бойынша алдағы уақыттағы ықтимал болжамды әзірге нақты айта алмаймыз. Бірақ қалада вирус жұқтырғандардың динамикасында күрт төмендеу байқалып отыр. Өткен бір тәулікте шаһарда тек 1 ғана адамнан қауіпті вирус анықталды», - дейді қалалық бас санитар.
Айзат Молдағасымованың айтуынша, Алматыда жазылып шықты деген адамдардың арасынан қайтадан дертке шалдығып, дәрігер көмегіне жүгінгендер тіркелмеген. Алматыда COVID-19 вирусын өз бетімен анықтауға арналған 3 зертхана жұмыс істеп келген. Бүгіннен бастап олардың саны тағы 3 мекемемен толықты. Олар: Қазақ-Корей медициналық орталығы, СПИД-орталығы және «Олимп» медициналық орталығы. Қалада карантинге жабылған 28 коронавирус ошағы бар. Бүгін мемлекеттік комиссия шешімімен Нұр-Сұлтан мен Алматыда жұмыссыз режим тағы бір аптаға, яғни 13 сәуірге дейін созылды. Еске салайық, ақпарат жарияланып жатқанда (3 сәуір сағат 14:00-де) Алматы қаласында тағы екі адамның коронавирус жұқтырғаны хабарланды.