28 медқызметкер коронавирус инфекциясын жұқтырды - министр
28 медқызметкер коронавирус инфекциясын жұқтырды - министр
© сурет интернеттен алынды
189
оқылды
Қазақстанда 28 медициналық қызметкер коронавирус инфекциясымен күрес бойынша кәсіби міндетін атқару барысында вирус жұқтырған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты. «28 медициналық қызметкер ауру жұқтырды. Мұнда коронавирус инфекциясымен күрес бойынша кәсіби міндетін атқару барысында індет жұқтырған мамандарды айтып отырмыз. Яғни, біз вирус жұқтыру қаупі жоғары орындарда жұмыс істеп жүрген мамандардың статистикасын жүргіземіз», - деді министр. Сонымен бірге, министр өз туыстарынан немесе жұмыс орнында ауру жұқтырған медициналық мамандардың да бар екенін атап өтті. «Бірақ, олардың қызметі коронавирустық инфекциямен күреске қатысты емес. Сондықтан, бұл топ бөлек бақыланады. Барлық жағдайда да вирус табылған жұмыс орындарында санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі. Медициналық немесе басқа да еңбек ұжымдары карантинге жіберіледі. Әрине, науқастар емделіп жатқан ғимараттарда қауіп басым. Сондықтан, ондағы медициналық қызметкерлерге ерекше көңіл бөлеміз. Олар да өзге науқастар секілді инфекциялық ауруханаға жатқызылып, ем алады», - деді Е. Біртанов.