Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ұлттық қауіпсіздік үшін енгізілген шараларға түсінік берді.
«Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндетті азаматтарды арнаулы жиындарға шақыру туралы қаулысы шықты. Бүгін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмыс істейтін күндер уақыты 13 сәуірге дейін ұзартылды, Коронавирус жұқтырғандардың статистикасы үнемі жаңаруда. Індет еліміздің түгелге жуық өңіріне таралды. Сондықтан бірқатар өңірлерде карантин талаптары күшейтілді. Мұның барлығы азаматтар үшін моральдық-эмоциялық тұрғыда оңай емес екенін білеміз. Сол үшін қазір ең бастысы, сабыр сақтау және мойымау. Ағайын, ұмытпайық – бұл уақытша ғана қиындық. Біз оны жеңеміз!», - деді министр «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінде.
Осы орайда ол бұл шаралар қауіпсіздік мақсатында іске асырылып жатқанын еске салды.
«Бұл шешімнің барлығы ұлттық қауіпсіздік үшін қажет шаралар. Басты мақсат – елдің қауіпсіздігі. Сондықтан айтылған талаптарды қатаң сақтау керек. Қоғам амандығының басты шарты осы», - деді Дәурен Абаев.
Еске сала кетейік, биыл 2 сәуір күні Қазақстан Президенті әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы жарлық шығарды. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан мен Алматыда жұмыссыз режим бір аптаға ұзартылды, Шымкентте карантин енгізілді.