Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан кейінгі үшінші мегаполис саналатын Шымкент қаласына да қауіп күшейді. Бүгінде вирус жұқтырғандардың саны 11-ге жетті. Бейсенбіде, яғни 2 сәуір күні бір әулеттен 8 адам бір күнде тіркелді. Бір күн бұрын ғана мегаполистегі үшінші тіркелуші осы 8 адамның туысы болатын. Демек, Шымкенттегі коронавирус жұқтырған 11 адамның тоғызы – бір отбасынан.
Ол – ол ма, ауылы аралас жатқан Түркістан облысынан 2 сәуір күні тіркелген науқастардың екеуі (Ордабасы – 1, Сайрам – 1) осы әулеттің туыстары болып шықты. Осыдан соң-ақ, бұл індеттің жұғу қаупі өте жоғары, жылдам екенін аңғаруға болады. Бүгінде орын алған жайтқа байланысты, азаматтарды қорғау және инфекцияның ары қарай таралуының алдын алу мақсатында аталған отбасы тұрған Тайманов көшесі мен оған жақын орналасқан Сәрсенбаев және Сүлейменов көшелері карантинге жабылды. Онда 7 блок-бекет қойылды.
Кеше Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов қала тұрғындарына мәлімдеме жасады. «Зерттеулерге сәйкес, қауіпті індет анықталған әрбір жағдай вирусты жаппай жұқтыруға әкеп соғуы мүмкін. Оның соңы неге әкелетінін біз жақсы түсінеміз. Сондықтан оқшаулаудың қатаң түрі ғана қауіпті індет таралуының алдын алады. Өкініштісі сол, тұрғындардың көпшілігі қауіп- қатерді жеткілікті дәрежеде түсінбеуде, себебі қала көшелерінде қозғалыс әлі де көп» деген қала басшысы азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін, денсаулығын сақтау мақсатында және Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның келісімімен 2020 жылғы 4 сәуір сағат 21.00-ден 15 сәуір аралығындағы кезеңде Шымкент қаласы аумағында карантин жарияланатынын жеткізді.
Енді карантин кезінде Шымкент қаласы бас санитарының қаулысында көрсетілген мекемелерден бөлек, меншік нысанына қарамастан барлық мекеменің жұмысы тоқтатылады. Қоғамдық демалыс орындары, сонымен қатар саябақтар мен балалар алаңшаларына баруға болмайды. Тұрғындар мен көліктің барлық түріне Шымкент қаласынан шығуға және қалаға кіруіне тыйым салынады. Қала тұрғындары шектеу кезінде үйлерінен азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық көмек, банк және пошта қызметтерін алу үшін ғана шыға алады.
Қала тұрғындарына төтенше жағдай кезіндегі талаптарды қатаң орындау керегін ескерткен әкім карантин режимін бұзған азаматтарды құқық қорғау органдарының патрульдік қызметі анықтайтынын жеткізді. Сонымен қатар 55 жастан асқан тұрғындарға аса бір қажеттіліксіз көшеге шықпауды ұсынды. Ал тізім бойынша жұмысы тоқтамаған барлық мекеме қызметкерін жұмыс орны туралы анықтамамен қамтамасыз етуі шарт. Сондай-ақ азық-түлік дүкендерінің де жұмыс істеу уақытына шектеу қойылмақ. Қоғамдық тамақтану орындары жеткізіп беру режиміне көшеді. Азаматтар қала аумағында жеке көлігімен жүре алмайды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы