Шымкент те қатаң шектеуде
Шымкент те қатаң шектеуде
97
оқылды
Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан кейінгі үшінші мегаполис саналатын Шым­кент қаласына да қауіп күшейді. Бүгінде вирус жұқтырғандардың саны 11-ге жетті. Бей­сен­біде, яғни 2 сәуір күні бір әулеттен 8 адам бір күнде тіркелді. Бір күн бұрын ғана мегаполистегі үшінші тіркелуші осы 8 адамның туысы болатын. Демек, Шымкенттегі коронавирус жұқтырған 11 адамның то­ғызы – бір отбасынан. Ол – ол ма, ауылы аралас жат­қан Түркістан облысынан 2 сәуір күні тіркелген науқастардың екеуі (Ордабасы – 1, Сайрам – 1) осы әулеттің туыстары болып шықты. Осыдан соң-ақ, бұл індеттің жұғу қаупі өте жоғары, жылдам екенін аңғаруға болады. Бүгінде орын алған жайтқа байланысты, аза­маттарды қорғау және инфек­цияның ары қарай таралуының алдын алу мақсатында аталған отбасы тұрған Тайманов көшесі мен оған жақын орналасқан Сәрсенбаев және Сүлейменов көшелері карантинге жабылды. Онда 7 блок-бекет қойылды. Кеше Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов қала тұрғын­да­рына мәлімдеме жасады. «Зерт­теу­лерге сәйкес, қауіпті індет анық­талған әрбір жағдай вирусты жап­пай жұқтыруға әкеп соғуы мүмкін. Оның соңы неге әкелеті­нін біз жақсы түсінеміз. Сондық­тан оқ­шаулаудың қатаң түрі ғана қауіпті індет таралуының алдын алады. Өкініштісі сол, тұрғын­дардың көпшілігі қауіп- қатерді жеткілікті дәрежеде түсінбеуде, себебі қала көшелерінде қозғалыс әлі де көп» деген қала басшысы азаматтардың өмірі мен қауіпсіз­дігін, денсау­лы­ғ­ын сақтау мақса­тында және Тө­тенше жағдай жө­ніндегі мемле­кет­тік комиссияның келісімімен 2020 жылғы 4 сәуір сағат 21.00-ден 15 сәуір аралы­ғындағы кезеңде Шым­кент қала­сы аумағында ка­рантин жария­ланатынын жеткізді. Енді карантин кезінде Шым­кент қаласы бас санитарының қау­лысында көрсетілген мекеме­лер­ден бөлек, меншік нысанына қарамастан барлық мекеменің жұмысы тоқтатылады. Қоғамдық демалыс орындары, сонымен қа­тар саябақтар мен балалар алаң­шаларына баруға болмайды. Тұрғындар мен көліктің барлық түріне Шымкент қаласынан шы­ғуға және қалаға кіруіне тыйым салынады. Қала тұрғындары шек­теу кезінде үйлерінен азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық кө­мек, банк және пошта қызметтерін алу үшін ғана шыға алады. Қала тұрғындарына төтенше жағдай кезіндегі талаптарды қа­таң орындау керегін ескерткен әкім карантин режимін бұзған азаматтарды құқық қорғау орган­дарының патрульдік қызметі анықтайтынын жеткізді. Соны­мен қатар 55 жастан асқан тұр­ғындарға аса бір қажеттіліксіз көшеге шықпауды ұсынды. Ал тізім бойынша жұмысы тоқта­маған барлық мекеме қызметкерін жұмыс орны туралы анықтамамен қамтамасыз етуі шарт. Сондай-ақ азық-түлік дүкендерінің де жұмыс істеу уақытына шектеу қойылмақ. Қоғамдық тамақтану орындары жеткізіп беру режиміне көшеді. Азаматтар қала аумағында жеке көлігімен жүре алмайды.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы