Келісім бойынша тұрғындар кешкі сағат 22.00-де балконға шығып, терезені ашып, хормен Әнұран орындады. Терезе арқылы бір-бірімен жүздескен жұрт «Біз біргеміз, індетті жеңеміз!» деп айқайлап, ақ халаттыларға еңбегі үшін алғыс айтып, қошемет көрсетті. Кей аулада Әнұраннан кейін бірнеше ән шырқалып, халық ерекше күйге бөленді. Концерттегідей телефон жарығын қосып, бір-бірімен шүйіркелескен халық ерекше көңіл күймен тарқасты. Осылайша, флешмоб жарты сағатқа жалғасты.Елордалықтар ұйымдастырған челленджді қала маңындағы ауылдар жалғады. Қосшы ауылының тұрғындары да Әнұранды балконға шығып орындады. Мұндай флешмобты осыған дейін Италия орындаса, кейін Алматы тұрғындары жалғады. Бірақ италиялықтар бір мезетте бірнеше адамның балконға шығып ән салуын қауіпті деп бағалап, қайталамауға шақырған еді. Бірақ карантиннен жалыққан жұрттың ықыласына қарсы шығу қиын. Нұр-Сұлтан қаласы 19 наурыз күні карантинге жабылып, 28 наурыз күні карантин күшейтілді. Тыйым бойынша олар дәріхана, азық-түлік дүкені мен жұмысқа ғана бара алады.
Айбике ЖАНАСЫЛ