Мемлекет басшысы үндеуінде 800 мыңнан астам азамат тұрмысқа қажетті заттар мен тегін азық-түлік алатынын айтты. Мұндай жеңілдікке қол жеткізу үшін не істеу керек? Қажеттіліктерді тарату механизмі мен Президент тапсырған жауапты міндетті кім атқаратынын төменде тарқатамыз.
Nur Otan партиясы, жергілікті әкімдік пен Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты басқармасы қызу жұмыс істеп жатыр. Жауапты азаматтар таңғы сағат 7-ден бастап азық-түлік жиынтығын реттейді. Түске жақын аумаққа волонтерлар келеді. Олар әкімдік жасаған тізім бойынша азық-түлік жиынтығын тиесілі жерге жеткізеді. Қалада карантин енгізген тұста күніне 300-500 қорап тарататын. Қазір елордада карантин күшейтілгендіктен, күніне 30-80-ге жуық отбасын қуантып қайтады. Десек те, волонтерлар мен жауапты қызметкерлер жұмысын ыждаһатпен атқарады. Өйткені қажетін алған отбасы жүзіндегі қуанышты көру оларға күш береді. Сондықтан белгіленген межеге жетпей тынбайтындарын айтады.
Иә, олар бастапқыда жарты миллион адамды азық-түлік жиынтығымен қамтитын болған. Ақпарат және қоғамдық даму министрі мұндай көмекпен 500 мыңнан астам адам қамтылатынын айтқан. Карантин аймағында тұратын және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалары мен ересек мүшелері, сонымен қатар I топтағы барлық мүгедек жан қамтамасыз етілетінін атап өткен.
Кейіннен Мемлекет басшысы үндеуінде қазіргі жағдайды саралай келcек, тегін азық-түлік 800 мыңнан астам адамға берілетінін мәлімдеді. Аталған көмекке қол жеткізу үшін адамның әлеуметтік жағдайы қандай болуы керек дерсіз. Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік I,II,III топ мүгедектеріне, мүмкіндігі шектеулі балаларға, мүгедек баланы тәрбиелеуші, аз қамтылған отбасылар мен ресми тіркелген жұмыссыздарға беріледі. Сондай-ақ Президент азық-түлікті өндіру мен жеткізуге жергілікті шағын және орта бизнес тартылуы тиіс екенін айтты. Әрі әлеуметтік көмектің әділ үлестірілуін қамтамасыз ететін платформа дайындауға отандық ІТ компанияларды жұмылдыруды тапсырды.