Жұрттың сұранысына сай өзгеріске L’Oréal және Coty сынды косметикалық компаниялар да бейімделіп жатыр. Мысалы, L’Oréal құрамындағы Garnier бренды антисептикалық сұйықтықты қарттар үйі, дәріхана, емханаларға жеткізбек. Coty компаниясы да гельді тегін таратуды ұйғарыпты. Арақ-шарап шығарушылар да осы бағытқа ауысуға бел буған. Француздың Pernod Ricard алкоголь өндіруші компаниясы антисептикалық гель шығаратын Laboratoire Cooper компаниясына 70 мың литр таза спиртті тегін жеткізу міндетін өз мойнына алыпты. Pernod Ricard-тың Швецияда Absolut арағын шығарушы бөлімі гель өндірмек. Яғни, спиртті көңіл көтеретін ішімдік үшін емес, вирусты залалсыздандыратын сұйықтыққа пайдалануды жөн көріп отыр. Мұндайда қолдағы бар затты саналы түрде жұмсау маңызды.
Суперкар, шаңсорғыш және зымыран. Қалауын тапса, қар жанады. Қажеттілік туса, тек киім ғана емес, басқа өндіріс орындарын да халыққа қажет тауарларды шығаруға бұра алады екен. Италияның Automobili Lamborghini көлік компаниясы Сант-Агата-Болоньез қаласындағы филиалдарын дәрігерлерге арнап хирургиялық бетперде мен бет қорғайтын экран өндіруге көшті. Оны Болоньядағы ауруханаға жібермек, ал өз кезегінде аурухана өкілдері өнімнің сапасын бақылап тұрады. Нақтырақ айтсақ, көліктің салонын қаптау бөлімі күніне мыңға жуық бетперде тікпек, ал зерттеу бөлімі 3D-принтер арқылы поликарбонаттан тәулігіне 200 бет қорғайтын экран жасап шығармақ.
Бүгінде науқастарды емдеуде өкпеге жасанды дем беру аппараты жоқтың қасы. Себебі коронавирус ең алдымен адамның өкпесіне зақым келтіреді. Аппараттың жетіспеушілігінен кейбір қарт науқастар одан саналы түрде бас тартып, ауруханадағы жастарға беруді сұрай бастады. Миллиардер Ричарда Брэнсонның Virgin Orbit ғарыш компаниясы аталған аппараттың өте қарапайым нұсқасын жасап шығыпты. Компанияның зымыран двигателін жасаушы инженерлері дәрігерлермен бірге өкпеге жасанды дем беру аппаратын ойластырған. Енді АҚШ билігі оны қолдануға рұқсат берсе, құрылғыны жаппай өндірмек.
5,8 млрд долларға ие британдық басқа миллиардер Джеймс Дайсон өзінің Dyson шаңсорғыш компаниясында аталған өкпені емдеуге қажет аппаратты өндірмек. Бұл ұсынысты Британ үкіметі жасаған екен. Себебі ауа ағынын басқару саласындағы компанияның тәжірибесі көмегін тигізуі мүмкін. Енді Dyson күрделі жобаны қысқа уақытта жасап шығаруы тиіс. Жалпы, бұған дейін Британияның денсаулық сақтау министрлігі 66 млн халық үшін ауруханалардағы 8 755 аппарат жетпейтінін мәлімдеді. Бұл ақпараттан соң HSBC өкпеге жасанды дем беру аппаратын шығара алатын стартаптарға жедел несие беруге дайын екенін хабарлады. Ал АҚШ-та ауруханаларда 160 мың аппарат бар. Резервте 12 700 тұр. Ал пандемия ушықса, 960 мың науқасты емдеуге тура келеді екен. Яғни, тыныс алу үшін маңызды құрылғы барлық елде жетіспей жатыр.
Мұндай қысылтаяң кезде белгілі филантроп, өнертапқыш, миллиардер, Tesla мен SpaceX басшысы Илон Маск та шетте қалмады. Ол Қытайдан 1 255 өкпеге жасанды дем беру аппаратын сатып алды. Сондай-ақ өзінің қоластындағы жоғары технологияға негізделген компаниялар да осы аппаратты шығармақ. Ол туралы Маск 19 наурызда хабарлады. Дегенмен оны жобалап, әзірлеу үшін уақыт керегін ескертті. Сондай-ақ SpaceX құрамындағы скафандр дайындайтын бөлім бетперде тігуге көшкен.
Міне, осылайша әлемнің ірі компаниялары өз еліне қолынан келген көмегін ұсынып жатыр. Басқалары аурухаларды немесе вакцинаны зерттеген ғылыми орталықтарды қаржылай қолдауда. Бір жағы бұл қайырымдылық белгісі болса, екінші жағы өндіріс процесі жұмыс істеп тұр. Бұл компаниялар үшін маңызды. Жалпы, әлемнің әр бұрышында жарияланған карантин миллиондаған тұрғынды өз үйінің тұтқынына айналдырды. Бұл — мыңдаған зауыт, фабрикалардың жұмысы тоқтады деген сөз. Егер пандемия одан әрі жалғаса берсе, онда инфекциялық дағдарыс әлемдік экономикалық дағдарысқа ұласатыны анық. Бүгіннің өзінде АҚШ-та жұмыссыздар саны 6,6 млн-ға жетті. Ал жаһан экономикасы 2020 жылы болжанған 2,6% емес, 0,5% ғана өседі деп Moody’s агенттігі мәлімет таратты. Яғни, биыл экономикалық даму 5 есе кемиді деген сөз.
Әлихан ИСМАН