Интернетті қолдану арқылы қашықтықтан оқуға көшкен оқушылар саны 2,4 миллионға жетті. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
«Бүгін еліміздегі оқушылар үшін төртінші тоқсан басталды. Бұл тоқсан біз үшін ерекше, себебі қашықтықтан оқыту бойынша алғаш рет жұмысты бастап отырмыз. Қысқа мерзім ішінде дайындық жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Білім саласы үшін, бәріміз үшін бұл үлкен емтихан, сонымен қатар үлкен мүмкіндік. Осы тәжірибеден кейін білім саласы өзгеретіні айдан анық. Қысқа мерзім ішінде әріптестеріміз жаңа құзіреттілік алып, қашықтықтан оқыту форматына өте жылдам бейімделді», - дейді министр Орталық коммуникациялар орталығында «Төтенше жағдай кезінде қашықтықтан оқытудың жаңа форматтары» тақырыбында өткен онлайн брифингте.
Ол бүгінгі бірінші күннің негізгі нәтижесін айтып берді.
«Оңай болмаса да, қашықтықтан оқу форматына көштік. Біріншіден, 3,2 млн оқушы әртүрлі бағыт бойынша қашықтықтан оқуды бастады. Кейбірі арнайы дайындалған интернет бағдарламасы негізінде оқуын бастаса, басқалары телеарна арқылы оқуды бастады. Интернет жүйесі арқылы бірнеше интернет платформа арқылы жұмыс жүргізіп отырмыз. Оның ішінде бәріміз үйреніп қалған Күнделік, Дарын-онлайн және тағы да басқа платформалар бар. Жалпы интернетті қолдану арқылы қашықтықтан оқуға көшкендер саны бүгінгі күні 2,4 млн оқушыға жетті. Күнделік платформасында бір күн ішінде 2,2 миллион оқушы таңғы сағат 07:00-ден қазіргі уақытқа дейін жұмыс істеуде. Бүгін тек Күнделік платформасының өзінде 32 миллион сессия өтті. Мұндай бұрын соңды болмаған. Дарын-онлайн қосымшасын тіркеліп, дайындалған видеоны қарап, білім алуға болады. Видео сабақтар біткеннен кейін нақты сол пән бойынша берілетін сұрақтарға жауап беруге болады. Жауап қате болса видеоны қайтадан қарап, қателіктермен жұмыс істеуге мүмкіндіктер қарастырылған. Дарын-онлайнға 300 мыңға жуық оқушы тіркеліп, білім алуда», - дейді ол.