Белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев өз абыройын қорғау үшін сотқа арыз берді. Бұған себеп – өзі директорлар кеңесінің төрағасы болып саналатын BI Group компаниясын біреулердің «елдегі қиын жағдайды пайдаланып, арнайы инфекциялық аурухана салып, байымақ» деген қауесет таратқаны.
Айдын Рахымбаев Facebook парақшасында «Біреулер коронавирус инфекциясымен күресіп, оны тоқтату үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатса, енді біреулер бұдан хайп жасап, жалған ақпарат таратып, өз қара басының қамын күйттеп, есебін түгендеуде» дейді.
Бәрімізге белгілі, таяу күндері еліміздің үш қаласы – Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентте тез салынатын инфекциялық ауруханалар тұрғызылмақ. Аты жаман індетке шалдыққандарды өзгелерден оқшаулау үшін салынғалы жатқан ауруханалар науқастардың тезірек ем-дом алып шығуына мүмкіндік береді деген үміт бар. Өйткені бұл ауруханалар арнайы ауа баптағыш және желдеткіш жүйеге қосылады. Бұл медициналық қызметкерлер арасында да ауру жұқтыру әсерін азайтуға мүмкіндік туғызады.
– Осыдан бір апта бұрын Республикалық коронавируспен күрес жөніндегі штаб әрі кеткенде үш аптаның ішінде жедел аурухана тұрғызу керегін, жұмысшы тобына еліміздегі ірі құрылыс компаниясы ретінде бізді де қосқанын айтты. Өйткені бізде жұмыс істейтін адамдар, инженерлер, техникалық және логистикалық ресурстар бар. Екі тәулік ішінде көптеген жабық елдер мен қалалардан материал жеткізу жайлы ұсыныс қарастырылды, дегенмен біз өз елімізде бар материалдармен құрылысты бастау керек екенін түсіндік, – дейді Айдын Рахымбаев.
Мемлекет басшысының түпкілікті шешіміне сәйкес жедел салынатын ауруханалар құрылысы басталып та кетті.
– Госпитальдер жөніндегі жалаға төзбейміз. Мұндай жала бізді тоқтата алмайды, бұл күресті әрі жалғастыра береміз. Заңгерлеріміз анық емес, жалған ақпаратты таратушылардың үстінен қылмыстық іс қозғау үшін полицияға арыз берді. Бұл іспен тиісті органдар айналыссын, тиісті адамдар өз жазасын алсын. Біз назарымызды басқа жаққа аударғымыз келмейді. Өйткені міндетіміз мүмкіндіктің барынша дәрігерлеріміздің біздің азаматтарымызды көбірек құтқару үшін екі аптаның ішінде үш ауысыммен жұмыс істеп, төменгі шығынмен үш госпиталь тұрғызу. Қайғыдан хайп жасаудың қажеті жоқ. Біздің қазіргі міндетіміз бос әңгіме соғу емес, Президенттің айналасына бірігу және оның жедел шешімдері мен еліміздегі, ортақ Отанымыздағы мәселелердің тезірек шешілуіне қолдан келгенше көмектесу, – дейді Айдын Рахымбаев.