Коронавирустың қашан аяқ тартарын ешкім дөп басып айта алмайды. Әзірге түрлі болжам ғана жасалып жатыр. Сондықтан халықты күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету – кезек күттірмес мәселе. Бұл ретте «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы көп мәселені шешуге болады. 2018 жылы Үкімет қаулысымен бекітілген бағдарлама импорттық әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын жергілікті өніммен алмастыруды көздейді. Бұл бүгінгі таңда өте өзекті мәселе. Күнделікті өмірімізге қажетті тауарды сырттан жеткізу мүмкін болмағанда, оның орнын отандық өнім алмастыруға дайын тұрса дейсің.
Бағдарлама жөнінде бірер сөз
Бағдарлама 2018 жылы бекітілді, алайда несиеге өтініштер 2019 жылдың наурызында ғана беріле бастады. Сөйтіп, былтыр күзде бағдарлама шеңберінде 209 кәсіпкерлік субъектісі несиеге қол жеткізді деген ақпар тарады. Оның 55-і жаңадан ашылған кәсіпорын болса, қалғаны бизнесін кеңейту мен жаңғырту үшін несие алды. Осылайша елімізде киім-кешек (күрте, костюм, жейде, аяқкиім, арнайы жұмыс киімдері және т.б.), азық-түлік өнімдері (макарон өнімдері, нан-тоқаш өнімдері, ет және шұжық өнімдері, сүт өнімдері, кәмпиттер және т.б.), химия өнеркәсібі өнімдері (тыңайтқыштар), құрылыс материалдарын (кірпіш, цемент) шығаруға және қызмет көрсету саласының нысандары, яғни балабақша, мектепке дейінгі мекеме, шипажай, қонақ үй, оңалту орталықтарын салуға несие берілді.
Мемлекет басшысы биыл 31 наурыздағы мәлімдемесінде бағдарламаны жүзеге асыру үшін әу баста қарастырылған 600 млрд теңгеге 400 млрд теңге қосып, ШОБ-ты қолдау үшін бөлінетін қаржыны 1 трлн теңгеге жеткізуге тапсырма берді. Осы соманың 700 млрд теңгесі агроөнеркәсіп кешенінің өңдеу және өндіріс жұмыстарына, 300 млрд теңге өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерге бағыттауды тапсырды. 100 млрд теңге көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға жұмсалмақ. АӨК-де өндірісті және қайта өңдеуді несиелендірудің жаңа операторы – Аграрлық несие корпорациясы қосылды. Бұған дейін екінші деңгейлі банктер арқылы берілген несиені енді Аграрлық несие корпорациясынан да алуға болады. Екінші деңгейлі банктерден қаржы алу үшін құжаттар пакетін дайындауға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қолдау көрсетеді. Қор филиалдары барлық өңірде және ірі қалаларда жұмыс істейді. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 1408 қысқа нөмірі бойынша бірыңғай Call-қолдау орталығы іске қосылды. «Даму» тарапынан несиелерді субсидиялау онлайн режимде электрондық үкімет (E-gov) және Online Damu платформалары арқылы көрсетіледі.
Баяғы жартас – бір жартас
Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбековтің айтуынша, бағдарлама өте жақсы жасалған. Алайда оны жүзеге асыру кезінде шикілік шығуы мүмкін.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде бөлінген қаржы ауылдағы кәсіпкерлер үшін қолжетімді деуге келмейді. Себебі бұл несиені Аграрлы несие корпорациясынан алу үшін ауылдағы фермер болсын, басқа саладағы кәсіпкер болсын, облыс орталығына баруы керек, екіншіден кепілдік проблемасы әлі де өзекті. Мысалы, елордамыздан 50-60 шақырым жердегі үйлер 3-5 млн теңге тұрса, одан ары тағы 50-60 шақырымда орналасқан ауылдардағы үйдің бағасы – 200-300 мың теңге ғана. Алтын жалатылған үй болса да – сол баға», – дейді ол.
Төлеутай Сатайұлы АНК да, екінші деңгейлі банктер де мал мен жерді кепілдікке алуға құлықты емес екенін айтады. Алса да нарықтағы құнының 10 пайызына ғана бағалайды екен. Мысалы, 1 млн тұратын малды 100 мың деп бағалайды. Себебі бұл мал ертеңгі күні өліп қалады деп тәуекелге бармайды екен.
Оның айтуынша, бүкіл мемлекеттік қолдау шаралары фермердің үйіне өзі жетуі керек. Сонда коррупция да азаяды. «Бағдарламалар жақсы, тарихта болмаған ақша бөлініп жатыр, ал механизміне күмәнім бар» дейді ол.
Ол бұл түрімізбен ауыл шаруасына несиені жеткізе алмасақ, азық-түлік дағдарысына тап келуіміз мүмкін деп санайды. Себебі, республикалық маңызы бар үш қала күшейтілген карантин режимінде. Басқа қалаларға да карантин енгізіліп жатыр. Сол қалалардың халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемасы шығуы мүмкін.
«Қытай жабық, Өзбекстан, Қырғыз, Түркия мен Иранмен шекара жабық, азық-түлікті қайдан аламыз? Біреулер халық Алматыдағы «Есентай молл» мен елордадағы «Керуеннен» тамақ алады деп ойласа, қатты қателеседі. Ол жерден қала халқының 10-15 пайызы ғана азық-түлік алатын шығар, ал 80-85 пайызы базардан алады. Карантин 2-3 айда тоқтар, ал ол туындатқан экономикалық, әлеуметтік проблеманы жоюға 2-3 жыл кетеді», – дейді ол.
Оның айтуынша, қазіргі дағдарысты 90-95 жылмен салыстыруға болмайды деген сарапшы, ол кезде ауыл қалаға қолдау жасады. Себебі ол кезде ауылдың жағдайы жақсы еді, ал қазір ауылдың өзіне көмек керек. Сондықтан бағдарлама арқылы берілетін несиені ауылдағы кәсіпкер үшін қолжетімді етуді әлі де жетілдіре түсу керек.
Бөлінген қаржы дұрыс жетпесе, проблема туындайды
Ал экономист Сапарбай Жобаев азық-түлік үшін алаңдаудың керегі жоқ деп санайды.
«Біз халық тұтынатын азық-түліктің 80 пайызын өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Нан, нан өнімдері өзімізден шығады. Егін егу де басталып кетті. Коронавирус келді екен деп, сиыр сүт бермей қоймайды, егін шықпай қоймайды. Бұл жұмыс өз жөнімен жүріп жатыр. Бізде проблема неден болуы мүмкін? Бөлінген қаржы дұрыс жетпесе, сол кезде проблема туындайды», – дейді ол.
Экономистің пікірінше, Еуразия экономикалық одағы өзара келісімге келді, шетелден келетін шикізат жеткізуде проблема болмайды, себебі салыққа жеңілдіктер жасалды.
«Импорт тауарларға салынатын кедендік алымды да алып тастадық. Алдағы уақытта дүкендерімізде Беларусь пен Ресейдің сүт өнімдері қайта көбейеді. Ол сүттің бағасы отандық сүттен арзан болуы да мүмкін. Бұл, әрине, отандық өндірушілер үшін минус болғанымен, дүкен ассортиментін толтыру үшін плюс», – дейді Сапарбай Жобаев.
Десе де, экономист сөзінен отандық азық-түлік тауарын өндірушілер үшін шетелдік өніммен бәсекеге түсу оңай соқпасын байқауға болады. Соған қарамастан, Сапарбай Досанұлы оптимист болжам жасап отыр.
«Ел экономикасындағы жалпы ішкі өнімнің 25 пайызы мұнай мен газға байланысты, мұнай бағасы 30-35 доллар деңгейінде болса, жалпы ішкі өнімнің 20 пайызы 4-5 пайызға азаяды. ЖІӨ-нің бестен бірінің 5 пайызға азайғаны жалпы 100 пайыздың 1 пайызы ғана болады. Бұл анау айтқандай кризис емес», – дейді сарапшы.
Оның сөзіне сенсек, ШОБ-тың ішінде туризм, мейрамхана, көлік салалары біраз қиналады. Адамдар қазіргідей карантин кезінде аталған салалардың қызметін тұтынбайды. Бізде ЖІӨ-нің ішінде қызметтердің үлесі көп емес, 50 пайыз шамасында. Еуропада – 70-80 пайыз. Егер Еуропада қызмет көрсету саласы жұмысын тоқтатса, олар шығынға батады. Ал бізде қатты әсер етпейді. «Әрине, аздап әсері тиюі мүмкін, бірақ экономикамызды тұралатып қоярдай әсері болмайды», – дейді ол.
Түйін: Сөз басында айтқанымыздай, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын тиімді пайдалану күнделікті тұтынатын азық-түлікпен, тауарлармен қамтамасыз етуге, бағасын қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Ол үшін бағдарлама шеңберінде берілетін несиенің қолжетімділігін арттыру керек-ақ. Бастысы – несие тағайындау кезінде «бармақ басты, көз қысты» әрекетке жол берілмесе... Әрине, қос сарапшының бірі азық-түлік тапшылығын болжаса, екіншісі ондай қауіп жоғына мысал келтірді. Оны уақыт көрсете жатар. Бір білеріміз, қамданған қапы қалмайды.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ